Полиция қызметкерлерінің көңіл күйіне және олардың жұмысының тиімділігіне әсер ететін маңызды фактор – отбасындағы тыныштық. Отбасы күні қарсаңында облыстық полиция департаментінің инспектор-психологтары полицейлер мен олардың жұбайларына арналған тренингтік сабақ өткізді.
“Динамо” стадионына қалалық және облыстық полиция ведомствосынан бірнеше отбасы жиналды. Оның ішінде тергеушілер, ювеналды полиция инспекторлары, учаскелік полицейлер мен облыстық полиция департаменті аппаратының қызметкерлері бар. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, инспектор-психологтар бірқатар жаттығулар өткізді.
Тәртіп сақшылары мен олардың зайыптары өздерінің сүйікті тағамдарын, кітаптары мен фильмдерін еске алып, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Психологтар келін мен ене, баламен қарым-қатынас тақырыбын да назардан тыс қалдырмады. Мазмұнды тренинг соңында ұйымдастырушылар ең белсенді үш отбасын таңдап, оларды марапаттады.
– Біздің отбасымызда өзара түсіністік пен сыйластыққа баса назар аударылады. Бала тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрді ерекше ұстанамыз. Осындай іс-шаралардың маңызы зор, – деді учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қамзенов.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.