«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, МАҚСАТЫМЫЗ АНЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауын талқылап, жүзеге асыру жайын ақылдасты. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, ірі агроқұрылымдар мен кәсіпорындардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алқалы басқосуды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов маңызды құжатта еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, басқа да салалар бойынша даму басымдықтары айқындалғанын атап көрсетті.

Өңір басшысының орынбасары Ғани Нығыметов өз баяндамасында Президент тапсырмаларын іске асыруда жергілікті жерлерде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге талдау жасады. “Өңір аумағында түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, соның ішінде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Биыл қаражат 1,6 есе көп бөлінді. 52,6 млрд. теңгеге 185 жоба қаржыландырылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жеңілдетілген несиелеудің арқасында “Тайынша Май”, “Молпродукт”, “Радуга” сияқты ірі кәсіпорындар жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік алды”, – деді Ғани Сақтағанұлы.

“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасының арқасында өңірде соңғы 3 жылда 675 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бүгінде өңірде экспортқа бағдарланған 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында “Bio Operations”, “Cool infinity”, “Тайынша Май”, “Масло-Дел”, “Кazmeal”, “Евразиан Милк” және тағы басқа серіктестіктер бар. Бұлардан бөлек, қағаз өнімдерін, фармацевтикалық препараттар, ағаш панельдерін шығаратын өндірістер іске қосылады.

Баяндамашы жиынға қатысу­шы­лардың назарын Жолдауда ауыл шаруашылығы саласының алдына қойылған міндеттерге аударды. Демеуқаржы беруді түсінікті әрі толығымен ашық жүр­гізіп, шағын ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілеріне, оның ішін­де жеке қосалқы шаруашылық­тарға да қолжетімді болуын қам­тамасыз ету қажет. Өткен жылы 1682 шаруашылыққа 50 млрд. теңгенің қаржылық қолдауы көр­сетілді.

Сонымен бірге өнім өндіруші­ден тұтынушыға дейінгі аралық­тағы бағаның өсуіне бақылау жасаудың, соған орай азық-түлік тауарларының құнын белгілеудің және оны бөліп-таратудың мәні айрықша. Былтыр “Радуга” ЖШС-і базасында алғашқы көтерме-тарату орталығы ашылғаны белгі­лі. Бүгінде осы серістестік пен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тауарларды еш­қандай делдалсыз тікелей өнді­рушілерден сатып алады. Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтан­дыру үшін 1,1 млрд. теңге бөлінді. Азық-түлік себетіндегі 43 түрлі өнімнің 33 түрі Солтүстік Қа­зақстан облысында өндіріледі. Яғни, осы тізімдегі өнімдердің 70 пайызын облыс қамтамасыз ете алады. Атап айтқанда, еліміздегі астықтың төрттен бірі, майлы дақылдардың үштен бірі, жұмырт­қаның 11, сүттің 10, еттің 5 па­йызы теріскейге тиесілі.

Ғани Нығыметов Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кеше­ніндегі жайылымдық жерді тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқ­­талып, Үкіметке құзырлы ор­ган­дармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабыл­дауға тапсырма бергенін айтты. Облыста мал жаятын жерлердің тапшылығы 678,8 мың гектарды құрайды. Қазіргі таңда жайы­лымдық алқаптардың көлемін 82,5 мың гектарға дейін арттыру­дың нақ­ты шаралары атқарылу­да. Қа­шықтықтан зондтау әдісі­мен 816 мың гектар жайылымның бос жат­қаны анықталып, 47 мың гектары қайтарылып алынды. Ауыл ша­руашылығын техноло­гия­лық тұр­ғы­дан қайта жабдықтау – өзекті мәселе. 2017 жылы өңір­де тех­никаның – 1,9, 2018 жылы – 2,7, 2019 жылы – 3,1, 2020 жылы 4,2 пайызы жаңартылды. Жыл аяғы­на дейін бұл көрсеткіш 6 па­йызға жеткізіледі. Тек биылдың өзінде 44 млрд. теңгеге 1700 тех­ника сатып алынды.

Баяндамашы саралап берген саланың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. Адам ағзасына өте қауіпті коронавируспен күрестің бірден-бір жолы – екпе салдыру. Оның бірінші компонентін 228959 адам, екінші компонентін 204645 адам алған. Облыста вакцина қоры жеткілікті.

Жыл өткен сайын медицина­лық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып ке­леді. Соңғы 3 жыл ішінде бұл са­лаға 10 млрд. теңгеге жуық қара­жат бағытталды. Биыл 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауруханалар заманауи МРТ ап­параттарымен, компьютерлік томографтармен, сандық маммог­рафтармен, УДЗ, рентген және ангиографтармен толықты­рыл­ды. 480 орындық көп­бейінді ау­рухананың құрылысы жүргізілуде. Оның ашылуы жер­гілікті меди­цинаның дамуын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. “Береке” және “Жас өркен” ша­ғынаудан­дарында және ауылдық жерлерде 47 медициналық ны­санның құры­лысы басталады. Ме­дицина кадр­ларын тұрақтандыру үшін әлеуметтік пакет жақсар­тылды. Облыс орталығына жұмыс істеуге келген жас маманға 1,5 млн. теңге, ауылдарға барған­дарға 2,5 млн. теңге біржолғы көтер­меақы төленеді. Жергілікті бюд­жет есе­бінен сұранысқа ие ма­ман­дарды резидентурада оқыту ұйым­дас­тырылды. Биыл 128 дәрігер келе­ді деп күтілуде. Осындай пәр­менді шаралардың нәтижесінде медицина кадрла­рына тапшылық 60 пайызға азая­ды.

Жолдауда бұқаралық және балалар спортын дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Өңірде 2894 спорт­тық нысан бар. Жыл басынан бері 2 жабық хоккей корты салынды. 2 дене шынықтыру-сауықтыру ке­ше­нінің құрылысы жүргізілуде. 21 мыңнан астам жасөспірім спорт және білім беру ұйымда­рында де­не шынықтырумен шұғылданады. Мамыр айынан бастап жан ба­сына шаққандағы қаржыландыру қолға алынып, 5000-ға жуық бала спорт сек­ция­ларына тегін қатыса­тын болды.

“Президент орта білім жүйе­сін­дегі өткір проблеманың бірі ретінде мектептердегі орын тапшылығын атап, мектеп құры­лысы бойынша жұмысты жандан­дыру міндетін қойды”, – деген баяндамашы соңғы 3 жылда облыста білім беру мекемелерінің 63 пайызы жөнделіп, 4 жаңа мектеп салынғанын мысалға келтірді. Алдағы жылдары 15 білім ошағы, соның ішінде облыс орталығындағы Копай шағынау­данында 1200 орындық мектеп пен 200 орындық интернаты бар түзету мектебі бой көтереді. Мұғалімдердің жалақысы 1,5 есеге көбейіп, орта есеппен 250 мың теңгені құрады. 2 жыл ішінде 700-ге жуық жас маман жұмысқа орналасып, кадр тапшылығы 6 есеге төмендеді. Өңірдегі жоғары оқу орындарына гранттар саны­ның артқаны қуантады. Биыл об­лыстық қазына есебінен қажетті мамандықтарға (ветеринария, білім беру, жалпы медицина, агрономия, мал шаруашылығы) 50 грант бөлінді. 2017 жылы жергілікті түлектердің ЖОО-ға оқуға түсуі 58 пайыз болса, биылғы көрсеткіш – 73 пайыз.

Баяндамада өңірлік саясатты жетілдіру мәселесі де алға тар­тылды. Өңірлік саясатта әлеу­меттік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға ерекше мән берілді. Ұлттық даму жоспары шеңберінде азаматтардың тұр­мыс сапасын көтеру үшін нақты 25 міндет айқындалып, өңірлердің қаржылық дербестігі арттыры­лады. Инфрақұрылымды жаңғыр­туға байланысты нақты қадамдар жасалады. Құрылыс саласына бағытталған 27 млрд. теңгеге 3,5 мың пәтер салынып, 12 мыңнан астам тұрғынның қоныс тойын тойлауына мүмкіндік жасалмақ. Жаңарту бағдарламасы аясында 1608 ескі үй сүрілді. Олардың орнына заманауи тұрғын үй ке­шен­дері пайда болады. Облыста барлығы 635 елді мекен болса, биыл 127 ауылды жаңғыртуға 18,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ауылдықтар үшін ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Президент өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы бойынша бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз­сумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Облыстағы бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін 83,5 пайызға жетіп, ал 2025 жылдың соңына қарай толық қамтылатын болады.

Облыстың еңбек нарығына көші-қон үдерісі айтарлықтай ықпал етті. Жыл басынана бері 5 об­лыстан 563 отбасы көшіп келді. Оларға 700 млн. теңге мөл­шерінде жәрдемақы төленді, 665 адам жұмысқа орналасты. 122 адам гранттар мен несиелерге ие болып, жеке кәсіптерін ашты.

Әкімнің орынбасары сөз со­ңында барша қазақстандықтар­дың әл-ауқатын арттыру үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы ұсынғанын, соған орай ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтерілетінін, биз­несті өз жұмысшыларының жа­лақысын көбейтуге ынталан­ды­ратын ұтымды шаралар әзір­ленетінін, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту мақса­тымен микро және шағын кә­сіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету арқылы еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетінін, 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін бюджеттік сала қызметкерлерінің (мәдениет қыз­меткерлері, мұрағатшылар, кі­тапханашылар, техникалық қыз­мет­керлер, қорықшылар, көлік жүр­гізушілер т.б.) жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсірілетінін, мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі бастамалар бо­лып табылатынын жеткізді.

Жиында “Alageum “Eleсtric” компаниясының құрылтайшысы Сайдулла Қожабаев, экономика ғылымдарының докторы, Ана­толий Башмаков, “2050” ЖШС-нің басшысы Анатолий Рафальский, Назарбаев зияткер­лік мектебінің директоры Данияр Уәлиев, об­лыстық аурухананың кардиоло­гиялық блок жетекшісі Мақсат Құдратуллаев сөз сөйлеп, Жол­дауда айтылған міндеттерді жү­зеге асыруға ат салысатын­да­рын білдірді.

Баяндамашылар өңірдегі тұ­рақ­ты түрде орныққан әлеуметтік-эко­номикалық дамудың оң көр­сет­кіштеріне өз бағаларын бере ке­ліп, мемлекеттілігімізді нығай­ту­­дың зор мүмкіндіктері мен ба­ғалы бастамалар әр азаматтың Тәуел­сіздік игілігін сезіне алуына, ха­лықтың тұрмыс сапасының жақ­са­руына және жастардың бо­лашаққа нық сеніммен қарауына аударылуы тиістілігін атап өтті. Кез келген сын-қатерлерді еңсе­ру­дің бірден-бір жолы ел болып еңбектену, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылу десті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp