Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 2 мың шақырымнан астам жол жөнделеді деп жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы «AntıkorLive» жобасының тікелей эфирінде СҚО әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Бейсенов мәлімдеді.
«Соңғы жылдары облыста жол инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. 2021 жылы 24,2 млрд теңгеге 813 шақырым жол жөнделеді, оның 117 шақырымы 44 елді мекеннің ауылішілік жолы», – деді Қанат Бейсенов.
Сондай-ақ, спикердің айтуынша, Instagram әлеуметтік желісінде @upt_ad_sko парақшасы бар. Жөндеудің сапасына көңіл толмаған жағдайда оған фотосуреттер мен бейнематериалдарды жүктеп, геолокацияны белгілеуге болады. Бұдан басқа «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» интернет-ресурсы жұмыс істейді, ол арқылы кез-келген азамат жөндеу жұмыстарының кемшіліктері мен заң бұзушылықтарын, жол жабынының сапасын тіркей алады және нақты шаралар қабылдануы үшін ашық ақпараттық порталға жіберуге мүмкіндігі бар.
«Барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткіші 74 %-ды құрайды», – деп атап өтті Қанат Бейсенов.
Жалпы, СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жолдарды қалыпқа келтіруге 115,5 млрд теңге қаражат бөлу жоспарланған, нәтижесінде 2100 км-ден астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделмекші.
https://www.inform.kz/