Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабын айта келе, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарын сақтауға, халқымыздың денсаулығын сақтауға басты назар аударды.
Президентіміздің Жолдауы еліміздің болашағы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық саланың дамуы ел тағдыры үшін маңызды. Әр азаматтың көкейінде жүрген мәселені шешуге арналған стратегиялық құжат алдағы өмірде бірқатар жаңашылдықтар орын алатынына шүбәсіз сендірді.
Қандай заман, қай қоғам болмасын білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Қазір білімді жастардың дәурені жүріп тұрған кез. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен бұл салада болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтар менің жаныма жақын. Президентіміз білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет екенін атап өтті. Алдағы уақытта мұғалімдер қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өтетін болады. Бұл өз кезегінде ұстаздардың білім, білігін арттырады. Өйткені қазіргі заман талабы жаңаша оқытуды көздейді. Ал біздерге жүктелген міндет зор. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтіні көңілге медеу болды.
Әрбір бүлдіршін мектепке дейінгі оқу-тәрбиемен қамтылуы тиіс. Балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарының санын көбейту қажет. Өйткені білімді ұрпақ – ел болашағы. Президентіміз жылдағы Жолдауда атап айтқан тағы бір мәселе – ұстаздардың еңбекақысы. Қаңтар айында ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға өсті. Мұғалім ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіретінін айтқым келеді.
Қазіргідей жаңарған заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің арқасында ғана биік белестерден көрінеді. Баршамыз Тәуелсіз елдің баянды болашағы үшін жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз.
Алданыш НҰРАХМЕТҰЛЫ,
Дәуқара орта мектебінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.