Тәрбие солай болды ма, біздің буынды әке-шешелеріміз имандылыққа, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Шетте жүрсек туған жерімізді, сол жақтың адамдарын мақтан тұтып, айтып жүретінбіз. Біз үшін кіндік кесіп, кір жуған жеріміздің еңбектеген сәбиінен еңкейген қартына дейін үлгі еді ғой, шіркін! Қазір мұндай үрдіс қалып барады. Соған қарағанда тәрбиеден олқылық кетіп жатыр ма деп ойлаймын.
Жуырда әлеуметтік желілердің бірінен қазақтың аты дардай, бірнеше атақ, марапаты бар әншісінің Түркиядан үй алғанын, болашақта отбасымен сол жаққа қоныс аударатынын мақтана жазғанын оқып қалдым. Арада біраз уақыт өтпестен өнер адамдарының біразы шетелден пәтер сатып алғысы келіп жүргендері туралы ойларын жасырмай, тіпті мақтанышпен айта бастады. Елдің беткеұстар өнерпаздары деп жүрген жандардың өздері мұндай теріс қадамға барып жатса, өзгелерден не күтеміз?
“Сырт көз – сыншы” деген. Бұл жаңалықты оқып отырып жаным ауырды. Қолыма қалам алғанымның да себебі осы. Қазақтың қай замандағы болмасын беткеұстарлары елдің ертеңі, жердің амандығы үшін бастарын бәйгеге тіккен. “Мүрдем өз жерімде қалсын” деген мақсат олардың өмірлік ұстанымдары болған. Олар өздерінің ерен ерліктерімен жас ұрпаққа Отанды құрметтеудің соны үлгісін көрсетіп-ақ кетті. Атам қазақтың “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!”, “Ит тойған жеріне, ер туған жеріне” деген тәмсілдері бекерден-бекер айтылмаса керек. Қазіргі уақытта туған жерінен қара үзіп, жайлы өмір, жақсы қоныс іздеу үшін шетел асып кететіндердің қарасы көбеюде. Өзгені қайдам, өз басым мұндайларды туған еліне жаны ашиды деп айта алмаймын. Ең сорақысы, біз олардың бұл қылықтарын жарнамалауды, мақтаныш көруді әдетке айналдырып барамыз. Қалтаң қалың ба, өзге елден жұмақ іздемей, өз туған жеріңнің өркендеуіне үлес қос. Бұл шаруа қолыңнан келмесе, шетелге көшкеніңді жер жаһанға жариялап, жас ұрпақтың ой санасын, тәрбиесін бұзба!
Мен қаузап отырған мәселенің түп тамыры Отанды сүймеуде ғана жатқан жоқ шығар. Шетелді екінші туған жеріне айналдырып алғандар санының көбеюінің себебі аз емес. Менің айтпағым, қазақтың нанын жеп, суын ішіп, халқының қошеметінің арқасында биік белестерді бағындырған жандардың осындай қадамдарға барғандығы жайлы. Бұған бір жағынан өзіміздің де кінәміз бар. Өнер адамдарын шектен тыс еркелетіп жібердік. Олардың біразының жақсы тұрмысты ғана ойлайтыны карантин кезінде білінген сияқты.
Еліне шын жаны ашитын адам ешқашан шетелден пәтер сатып алғанын, қоныс аударғанын дүйім жұртқа жарияламайды. Мен үшін ондай адамдардың жанында қаладан ауылға барған жас маманның, мектептің жабылып қалмауы үшін жанын шүберекке түйіп жүрген қарапайым ұстаздың, тапқанын туған жерінің бәйтерегін жайқалтуға жұмсаған кәсіпкердің еңбегі ерен. Біз сондай азаматтарды насихаттай білуіміз керек.
Мұстақап СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
ардагер ұстаз.