Қоғам белсендісі Бурахан Дақанов түрлі бастамалар көтеріп, өз ісімен көпке үлгі болып жүр. Жақында Шал ақын ауданы Сергеевка қаласына қоныс аударды. Жалғыз келмей, өзімен бірге он шақты отбасын ала келді. Тілшіміз таңдаулары теріскейге түскен отбасыларды жаңа қоныстарымен құттықтап, бастамашыл азаматпен сұхбат құрған еді.
– Жаңа қонысыңыз құтты болсын! Солтүстікке көшу туралы ой қалай және қашан пайда болды?
– Көшемін деген ойдың үстінде жүргеніме екі жылдай болды. Қазақ елін дамытуға, өз ұлтына деген құрметтерін арттыруға, ұлтымыздың бай-қуатты болуына, биіктерге көтерілуіне сеп болғым келеді. Осыдан біраз жыл бұрын ұлтшылдар қауымдастығын аштым және тағы да сондай еліме пайдасы тиетін дүниелерді атқарып жүрген жанмын.
Соңғы уақытта солтүстікке көшу мәселесі ақырын-ақырын қозғалып жатқан кезде мен де әлеуметтік желілерде насихаттай бастадым. Бірақ “көш-көш” деп ауызбен айтқаннан көп нәрсенің өзгермейтінін түсіндім. Нақты іс керек. Өйткені біздің халық ақыл тыңдаудан шаршаған, іспен дәлелдеу керек. Сол себепті өзім де көшетінімді жұртқа жарияладым. Міне, келіп отырмын.
Менің үндеуіммен 200-дей отбасы Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына көшті. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына да біршама отбасы қоныс аударды.
– Көшпес бұрын жер шалу мақсатымен облыстарды араладыңыз ба? Неге таңдауыңыз Қызылжар өңіріне, соның ішінде Сергеевка қаласына түсті?
– Шыны керек, 2017 жылдан бері Қазақстанның біраз жерінде болдым. Батысты, оңтүстікті, шығысты, Жетісу өңірін көрдім. Солтүстік Қазақстанға көшіп келген себебім – мен ұлтшылмын, осы өңірде қазақ санының аздығы, қазақ тілінің әлі кең қолданысқа ие бола алмай отырғаны әсер етті. Маған неғұрлым өзге ұлттар көп, қазағы аз жер керек болды. Сергеевка тұрғындарының 60 пайызы өзге ұлт өкілдері дегенді естідім. Қазақтардың біразы орыстілді екен. Менің басты мақсатым – осы жағдайды өзгерту. Қызылжар – қаншама ақын-жазушыларды дүниеге әкелген құтты мекен ғой.
– Өзіңіз жайында, отбасыңыз туралы айтсаңыз.
– 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келгенмін. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас деген елді мекенде өсіп-өндім. Анам білім саласында еңбек етті, мектеп директоры болды, жұмыс бабымен бірнеше елді мекенге қоныс аударуына тура келді. Мысалы, мына қазіргі астанада, одан кейін Ерейментау жақтағы бір білім ордасына басшылық етті. Кейін Шығыс Қазақстанға қайттық. Кішкентай кезімнен көшіп-қонып жүрген соң, маған басқа адамдарға қарағанда коныс аудару оңайырақ. Сол себепті көшуден қорықпаймын.
Төрт балам бар. Үкімет бізге үй берді. Адам басына беретін 204 мың теңгеден жәрдемақысын да алдық. Қысқасы солтүстікке тез үйреніп кетеміз деген ойдамын. Қасымда менімен бірге көшіп келген бірнеше отбасы бар. Солармен жақсы қарым-қатынастамыз.
– Нендей іспен, қандай кәсіппен айналыспақ ойыңыз бар?
– Мақсатымыз – жер игеру. Солтүстік Қазақстанға немесе Павлодарға көшіп келіп жатқандарға айтарым – бара сала мал өсіру, егін салу үшін жер алуға тырысыңдар. Қазір инвестор іздеп жатырмын. Шал ақын ауданында шабындық та, егістік алқап та жеткілікті екен, мал өсіруге өте қолайлы. Көшіп келген жігіттермен бірігіп, осы жерде мал өсіретін орталық ашсам деген ниетім бар.
“Теріскейге жорық” деп телеграмм канал ашқалы бері мені қолдаушылар көбейді. Бірге көшіп келген 8 адамның екеуі өмір бойы қой баққан екен. Яғни, қой өсірудің қыр-сырын жақсы біледі. Біреуі ветеринар болған кісі. Біреуі – жылқышы. Қысқасы, жаныма өзіме сай адамдарды жинап жатырмын деуге болады. Болашақта асылтұқымды мал өсіріп, бүкіл Қазақстанға тарататын үлкен орталық ашу жоспарда бар. Соның ішінде асылтұқымды қойы шаруашылығын дамытсам деймін. Өйткені қазір қой шаруашылығы кенже қалуда.
Тағы бір арманым – Моңғолияда “қазақтың қызыл қойы” атанып кеткен асылтұқымды қой бар. Инвесторлар табылып жатса, осы қойдың жүз саулығы мен 20 қошқарын алдырып, осы өңірде көбейтіп, таратсам деген ойым бар. Қазақтың қымызын біреулер патенттеп алды, төбетінен айырылып қалдық, енді қазақтың қойын құртып алмайық дегім келеді.
– Көпшілік сізді әлеуметтік желі арқылы таниды. Сонда сіз блогерсіз бе?
– Мен өзімді блогермін деп есептемеймін. Кейбір адамдар үшін әлеуметтік желідегі оқырмандарының көптігі, лайк саны маңызды шығар. Маған оның керегі жоқ. Мен ішімдегі ойымды жазамын, желіні пікір алмасу алаңы сияқты пайдаланамын. Осы әлеуметтік желі арқылы достар таптым. Қазақстанның кез келген жеріне барсам, сол жерде күтіп алатын адамым бар. Желідегі танымалдылықтың бір артықшылығы осы ғана.
– “Теріскейге жорық” телеграмм каналы туралы айта кетіңізші. Мақсатыңыз қоныс аударуды ниет еткендерге ақпараттық көмек көрсету ғой?
– “Теріскейге жорық” телеграмм каналына қазір 4 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл, шамамен, екі айдың ішінде жиналғаны. Олардың екі пайызы көшіп келді немесе әне-міне көшейін деп отырғандар. 10-20 пайызы келесі жылы көшпек ниетте.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: “Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек”, – деді. Осы бағдарлама бойынша көшіп келген адам ретінде айтыңызшы, кемшін тұстары бар ма?
– Президент айтқандай, бұл бағдарламаның кемшін тұстары бар. Біріншіден, салынып жатқан үйлердің бәрі біркелкі. Ауданы – 80-90 шаршы метр. Мысалы, екі баласы бар отбасыға да, 10 балалыға да сол үй беріледі. Бұл дұрыс емес. Екінші мәселе – көшіп-қонуға жауапты жергілікті органдарда қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, мен көшіп келдім, мына жаңа үй берді. Ал осы жердегі жергілікті халық бұған ренжиді. Өйткені олардың үйлері ескі, су тартылмаған, жағдай жасалмаған. Бұл үйлер маған тегін берілмегенін, ақысын төлеп, жалға алып тұрып жатқанымды түсіндіру керек.
Солтүстікке адам көшіруден бұрын бұл жақтан неге кетіп жатыр сұрақтың жауабын тауып, себебін анықтау қажет. Шындығында, жергілікті жерден тек өзге ұлт өкілдері ғана кетіп жатқан жоқ. Қаракөздер де бар араларында. Неге? Біріншіден, жастарды ұстап қалу керек. Себебі кеткен ұлдың артынан әке мен шеше де бармай ма? Сол себепті жағдайды көшіп келіп жатқандарға ғана емес, бұрыннан тұрып жатқандарға да бірдей жасау қажет.
Осы көшке байланысты халық пен биліктің арасына көпір болатын бір ақпараттық орталық керек. Мысалы, Тәуекел есімді робот құрастырушы білікті инженер теріскейге көшкісі келеді делік. Төрт баласы бар. Әйелі – физик. Сол кісі орталыққа хабарласады. Ондағылар құжаттарды тіркейді. Артынан Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласының жұмыспен қамту қызметі біздің мектепке физик және инженер керек десе, орталық қызметкерлері бірден Тәуекелге хабарласып, тез арада көшіріп әкеледі. Енді ойлаңыз, Тәуекел секілді мың, он мың, жүз мың адам бар. Солардың ақпараттары орталықта сақталады.
Президентіміздің Жолдауын тыңдадым. Бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн екені айтылған. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керектігін көтеріпті. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді. Бұл айтылғандарға толық қосыламын. Бұл жаққа келетіндер алақан жая бермей, бизнеспен айналысамын, кәсіп ашамын, жұмыс беремін деген ниетпен келулері қажет, сондай адамдарды шақыру қажет.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.