“Ауылыма кітап” республикалық қайырымдылық акциясы аясында шалғайдағы елді мекендердегі білім ордаларына балаларға арналған әдебиеттер тапсырылуда. Бұл игі шараға үн қатқан “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Есіл ауданындағы Мектеп ауылының оқушыларына кітаптар сыйлады.
– Кітап – тілсіз мұғалім. Ол ешқашан құндылығын жоймайды. Сондықтан да жастарға ой салатын, тәрбие беретін балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелер жинағы, сыншы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының эссе-толғаулары, әйгілі жазушы Марк Твеннің “Том Сойері”, ұлы ойшыл Абай мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын тағы да басқа қызықты кітаптарды әкелдік, – деді филиал директоры Жолдыбай Тентеков.
Отбасы күні қарсаңында жасөспірімдерді ізгілікке, білім мен парасаттылыққа баулуға бағытталған бұл акцияға оқушылар да, мұғалімдер де риза.
– Қазіргідей жаһандану заманында өскелең ұрпақты ізгілікке баулып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бұл игі бастаманың өз жемісін берері сөзсіз. Туған жеріне жаны ашитын, ұлт болашағы, ұрпағының тағдырына бейжай қарамайтын әрбір саналы азамат осы акциядан қалыс қалмайтынына сенім зор. Балалардың кітапқа емес, компьютер-смартфонға әуестігі көбейіп барады. Оқудан гөрі ойынды таңдайды. Ал біздің міндет – осы кітаптарды оқыту, балалардың қызығушылығын ояту, – деді мектеп директоры Талғат Қосаев.
“Ауылыма кітап” қайырымдылық акциясына басқа да кәсіпорындар үн қатады деген сенімдеміз. Өйткені өзі білім алған мектебінің кітапханасын толтыруға аз болсын үлес қосу, артынан ерген іні-қарындастарына қуаныш сыйлау, қиял мен арманға жетелеу, асқар шыңдарды бағындыруға бағыттау – азамат үшін асыл борыш.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.