Облыс активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауын талқылап, жүзеге асыру жайын ақылдасты. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, ірі агроқұрылымдар мен кәсіпорындардың жетекшілері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алқалы басқосуды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов маңызды құжатта еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, басқа да салалар бойынша даму басымдықтары айқындалғанын атап көрсетті.
Өңір басшысының орынбасары Ғани Нығыметов өз баяндамасында Президент тапсырмаларын іске асыруда жергілікті жерлерде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге талдау жасады. “Өңір аумағында түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, соның ішінде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Биыл қаражат 1,6 есе көп бөлінді. 52,6 млрд. теңгеге 185 жоба қаржыландырылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жеңілдетілген несиелеудің арқасында “Тайынша Май”, “Молпродукт”, “Радуга” сияқты ірі кәсіпорындар жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік алды”, – деді Ғани Сақтағанұлы.
“Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасының арқасында өңірде соңғы 3 жылда 675 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бүгінде өңірде экспортқа бағдарланған 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында “Bio Operations”, “Cool infinity”, “Тайынша Май”, “Масло-Дел”, “Кazmeal”, “Евразиан Милк” және тағы басқа серіктестіктер бар. Бұлардан бөлек, қағаз өнімдерін, фармацевтикалық препараттар, ағаш панельдерін шығаратын өндірістер іске қосылады.
Баяндамашы жиынға қатысушылардың назарын Жолдауда ауыл шаруашылығы саласының алдына қойылған міндеттерге аударды. Демеуқаржы беруді түсінікті әрі толығымен ашық жүргізіп, шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Өткен жылы 1682 шаруашылыққа 50 млрд. теңгенің қаржылық қолдауы көрсетілді.
Сонымен бірге өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның өсуіне бақылау жасаудың, соған орай азық-түлік тауарларының құнын белгілеудің және оны бөліп-таратудың мәні айрықша. Былтыр “Радуга” ЖШС-і базасында алғашқы көтерме-тарату орталығы ашылғаны белгілі. Бүгінде осы серістестік пен “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тауарларды ешқандай делдалсыз тікелей өндірушілерден сатып алады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін 1,1 млрд. теңге бөлінді. Азық-түлік себетіндегі 43 түрлі өнімнің 33 түрі Солтүстік Қазақстан облысында өндіріледі. Яғни, осы тізімдегі өнімдердің 70 пайызын облыс қамтамасыз ете алады. Атап айтқанда, еліміздегі астықтың төрттен бірі, майлы дақылдардың үштен бірі, жұмыртқаның 11, сүттің 10, еттің 5 пайызы теріскейге тиесілі.
Ғани Нығыметов Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі жайылымдық жерді тиімді пайдалану мәселесіне арнайы тоқталып, Үкіметке құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тапсырма бергенін айтты. Облыста мал жаятын жерлердің тапшылығы 678,8 мың гектарды құрайды. Қазіргі таңда жайылымдық алқаптардың көлемін 82,5 мың гектарға дейін арттырудың нақты шаралары атқарылуда. Қашықтықтан зондтау әдісімен 816 мың гектар жайылымның бос жатқаны анықталып, 47 мың гектары қайтарылып алынды. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау – өзекті мәселе. 2017 жылы өңірде техниканың – 1,9, 2018 жылы – 2,7, 2019 жылы – 3,1, 2020 жылы 4,2 пайызы жаңартылды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 6 пайызға жеткізіледі. Тек биылдың өзінде 44 млрд. теңгеге 1700 техника сатып алынды.
Баяндамашы саралап берген саланың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. Адам ағзасына өте қауіпті коронавируспен күрестің бірден-бір жолы – екпе салдыру. Оның бірінші компонентін 228959 адам, екінші компонентін 204645 адам алған. Облыста вакцина қоры жеткілікті.
Жыл өткен сайын медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Соңғы 3 жыл ішінде бұл салаға 10 млрд. теңгеге жуық қаражат бағытталды. Биыл 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауруханалар заманауи МРТ аппараттарымен, компьютерлік томографтармен, сандық маммографтармен, УДЗ, рентген және ангиографтармен толықтырылды. 480 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Оның ашылуы жергілікті медицинаның дамуын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында және ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады. Медицина кадрларын тұрақтандыру үшін әлеуметтік пакет жақсартылды. Облыс орталығына жұмыс істеуге келген жас маманға 1,5 млн. теңге, ауылдарға барғандарға 2,5 млн. теңге біржолғы көтермеақы төленеді. Жергілікті бюджет есебінен сұранысқа ие мамандарды резидентурада оқыту ұйымдастырылды. Биыл 128 дәрігер келеді деп күтілуде. Осындай пәрменді шаралардың нәтижесінде медицина кадрларына тапшылық 60 пайызға азаяды.
Жолдауда бұқаралық және балалар спортын дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Өңірде 2894 спорттық нысан бар. Жыл басынан бері 2 жабық хоккей корты салынды. 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. 21 мыңнан астам жасөспірім спорт және білім беру ұйымдарында дене шынықтырумен шұғылданады. Мамыр айынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру қолға алынып, 5000-ға жуық бала спорт секцияларына тегін қатысатын болды.
“Президент орта білім жүйесіндегі өткір проблеманың бірі ретінде мектептердегі орын тапшылығын атап, мектеп құрылысы бойынша жұмысты жандандыру міндетін қойды”, – деген баяндамашы соңғы 3 жылда облыста білім беру мекемелерінің 63 пайызы жөнделіп, 4 жаңа мектеп салынғанын мысалға келтірді. Алдағы жылдары 15 білім ошағы, соның ішінде облыс орталығындағы Копай шағынауданында 1200 орындық мектеп пен 200 орындық интернаты бар түзету мектебі бой көтереді. Мұғалімдердің жалақысы 1,5 есеге көбейіп, орта есеппен 250 мың теңгені құрады. 2 жыл ішінде 700-ге жуық жас маман жұмысқа орналасып, кадр тапшылығы 6 есеге төмендеді. Өңірдегі жоғары оқу орындарына гранттар санының артқаны қуантады. Биыл облыстық қазына есебінен қажетті мамандықтарға (ветеринария, білім беру, жалпы медицина, агрономия, мал шаруашылығы) 50 грант бөлінді. 2017 жылы жергілікті түлектердің ЖОО-ға оқуға түсуі 58 пайыз болса, биылғы көрсеткіш – 73 пайыз.
Баяндамада өңірлік саясатты жетілдіру мәселесі де алға тартылды. Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға ерекше мән берілді. Ұлттық даму жоспары шеңберінде азаматтардың тұрмыс сапасын көтеру үшін нақты 25 міндет айқындалып, өңірлердің қаржылық дербестігі арттырылады. Инфрақұрылымды жаңғыртуға байланысты нақты қадамдар жасалады. Құрылыс саласына бағытталған 27 млрд. теңгеге 3,5 мың пәтер салынып, 12 мыңнан астам тұрғынның қоныс тойын тойлауына мүмкіндік жасалмақ. Жаңарту бағдарламасы аясында 1608 ескі үй сүрілді. Олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері пайда болады. Облыста барлығы 635 елді мекен болса, биыл 127 ауылды жаңғыртуға 18,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ауылдықтар үшін ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Президент өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы бойынша бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Облыстағы бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін 83,5 пайызға жетіп, ал 2025 жылдың соңына қарай толық қамтылатын болады.
Облыстың еңбек нарығына көші-қон үдерісі айтарлықтай ықпал етті. Жыл басынана бері 5 облыстан 563 отбасы көшіп келді. Оларға 700 млн. теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді, 665 адам жұмысқа орналасты. 122 адам гранттар мен несиелерге ие болып, жеке кәсіптерін ашты.
Әкімнің орынбасары сөз соңында барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы ұсынғанын, соған орай ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтерілетінін, бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын ұтымды шаралар әзірленетінін, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту мақсатымен микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету арқылы еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетінін, 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін бюджеттік сала қызметкерлерінің (мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер т.б.) жалақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсірілетінін, мұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі бастамалар болып табылатынын жеткізді.
Жиында “Alageum “Eleсtric” компаниясының құрылтайшысы Сайдулла Қожабаев, экономика ғылымдарының докторы, Анатолий Башмаков, “2050” ЖШС-нің басшысы Анатолий Рафальский, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев, облыстық аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдратуллаев сөз сөйлеп, Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға ат салысатындарын білдірді.
Баяндамашылар өңірдегі тұрақты түрде орныққан әлеуметтік-экономикалық дамудың оң көрсеткіштеріне өз бағаларын бере келіп, мемлекеттілігімізді нығайтудың зор мүмкіндіктері мен бағалы бастамалар әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуына, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауына аударылуы тиістілігін атап өтті. Кез келген сын-қатерлерді еңсерудің бірден-бір жолы ел болып еңбектену, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылу десті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.