«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ит тойған жеріне…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәрбие солай болды ма, біздің буынды әке-шешелеріміз иман­дылыққа, елжандылыққа, отан­сүйгіштікке тәрбиеледі. Шетте жүр­сек туған жерімізді, сол жақтың адамдарын мақтан тұтып, айтып жүретінбіз. Біз үшін кіндік кесіп, кір жуған жеріміздің еңбектеген сәбиі­нен еңкейген қартына дейін үлгі еді ғой, шіркін! Қазір мұндай үрдіс қа­лып барады. Соған қарағанда тәр­биеден олқылық кетіп жатыр ма деп ойлаймын.

Жуырда әлеуметтік желілердің бірінен қазақтың аты дардай, бір­неше атақ, марапаты бар әншісінің Түркиядан үй алғанын, болашақта отбасымен сол жаққа қоныс ауда­ратынын мақтана жазғанын оқып қалдым. Арада біраз уақыт өт­пестен өнер адамдарының біразы шетелден пәтер сатып алғысы келіп жүргендері туралы ойларын жасырмай, тіпті мақтанышпен айта бастады. Елдің беткеұстар өнер­паздары деп жүрген жандардың өздері мұндай теріс қадамға барып жатса, өзгелерден не күтеміз?

“Сырт көз – сыншы” деген. Бұл жа­ңалықты оқып отырып жаным ауырды. Қолыма қалам алғаным­ның да себебі осы. Қазақтың қай за­мандағы болмасын беткеұстар­лары елдің ертеңі, жердің аман­дығы үшін бастарын бәйгеге тіккен. “Мүрдем өз жерімде қалсын” деген мақсат олардың өмірлік ұстаным­дары болған. Олар өздерінің ерен ерліктерімен жас ұрпаққа Отанды құрметтеудің соны үлгісін көрсетіп-ақ кетті. Атам қазақтың “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!”, “Ит тойған жеріне, ер туған жеріне” деген тәмсілдері бекерден-бекер айтылмаса керек. Қазіргі уа­қытта туған жерінен қара үзіп, жай­лы өмір, жақсы қоныс іздеу үшін шетел асып кететіндердің қарасы көбеюде. Өзгені қайдам, өз басым мұндайларды туған еліне жаны ашиды деп айта алмаймын. Ең со­рақысы, біз олардың бұл қылық­тарын жарнамалауды, мақтаныш көруді әдетке айналдырып бара­мыз. Қалтаң қалың ба, өзге елден жұ­мақ іздемей, өз туған жеріңнің өркендеуіне үлес қос. Бұл шаруа қолыңнан келмесе, шетелге көш­кеніңді жер жаһанға жариялап, жас ұрпақтың ой санасын, тәр­биесін бұзба!

Мен қаузап отырған мәселенің түп тамыры Отанды сүймеуде ғана жатқан жоқ шығар. Шетелді екінші туған жеріне айналдырып алғандар санының көбеюінің себебі аз емес. Менің айтпағым, қазақтың нанын жеп, суын ішіп, халқының қоше­ме­тінің арқасында биік белестерді ба­ғындырған жандардың осындай қадамдарға барғандығы жайлы. Бұған бір жағынан өзіміздің де кінәміз бар. Өнер адамдарын шек­тен тыс еркелетіп жібердік. Олар­дың біразының жақсы тұрмысты ғана ойлайтыны карантин кезінде білінген сияқты.

Еліне шын жаны ашитын адам еш­қашан шетелден пәтер сатып алғанын, қоныс аударғанын дүйім жұртқа жарияламайды. Мен үшін ондай адамдардың жанында қала­дан ауылға барған жас маманның, мектептің жабылып қалмауы үшін жанын шүберекке түйіп жүрген қарапайым ұстаздың, тапқанын туған жерінің бәйтерегін жай­қалтуға жұмсаған кәсіпкердің еңбегі ерен. Біз сондай азаматтарды насихаттай білуіміз керек.

Мұстақап СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp