Адам баласы өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі керек деген қағида бар. Бірі – мамандық, екіншісі – өмірлік жар таңдауға қатысты. Петропавл қаласының тұрғыны Жамбыл Жүсіповтің екеуінде де жолы болған. Ол қазір Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЕС 164/6 мекемесі басшысының кезекші көмекшісі қызметін атқарады. Зайыбы Сымбат Жүсіпова да құқық қорғау органдарында еңбек етеді, ол – ЕС 164/1 мекемесінде бақылаушы. Екеуінің танысып, шаңырақ көтерулеріне де қызметтері себеп болған екен.
– Менің ағам да қылмыстық атқару жүйесінде еңбек етеді. Жамбылды алғаш рет ағамның үйлену тойында көрдім. Ол әріптес қана емес, күйеу жігіттің досы ретінде тойға келді. Мені сонда көрген ғой. Ол кезде телефон жоқ, электронды пошта арқылы хабарласып, хат жазысып тұрдық, кейін әңгімеміз жарасып кетті. Жамбыл бір қарағаннан сабырлы, байыпты, сыпайы болып көрінді, кейін де оның тек жақсы қасиеттерін ғана байқадым. Адамға жақын, бауырмал, менің сенімді қорғанышым. 2013 жылы таныссақ, 2014 жылы 11 шілдеде тойымызды жасадық. Қазір екі ұлымыз өсіп келеді, – дейді Сымбат.
Жамбыл сол тойдан кейін мазасы кетіп, қайтсе де бойжеткеннің көңілін ауламақ болғанын айтады. “Сымбат көзіме оттай басылды. Аққұба келген, бота көзді сұлу жүрегімді бірден жаулап алды десем болады. Сол жолы жақын барып танысуға жүрегім дауаламады. Сыртынан сүйсініп қарап отырдым. Кейін электронды поштасын тауып алып, хат жазып жібердім. Сымбат сұлу ғана емес, өте ақылды, үй шаруасына да епті. Тағамды да дәмді пісіреді, қонақ күткенді жақсы көреді”, – дейді Жамбыл.
Үйде де, түзде де жұптары жазылмайтын ерлі-зайыптылар бір салада қызмет етудің артықшылығы, отбасылық өмірдің қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.
– Кейде жолдасым екеуміздің кезекшілігіміз қатар түсіп қалады, ондайда балалардың оқуына қарайтын, мектепке апарып-әкелетін – әке-шешеміз. Баламыз биыл бірінші сыныпқа барды. Күйеуімнің де, менің де әке-шешеміз бізге көмектеседі. Сол кісілердің арқасында қазір біз алаңдамай жұмысымызды істеп жатырмыз. Ата-аналарымызға мың да бір рақмет айтамын. Ал жұмысқа қатысты бізде қарама-қайшылықтар, түсінбеушіліктер болмайды. Екеуміз бір жүйеде еңбек еткендіктен бір-бірімізді қолдаймыз. Жұмыстың бізге кедергісі жоқ, керісінше біріктіреді, – дейді Сымбат.
Сымбат бұл мамандыққа кездейсоқ келмеген, құқық қорғау органдарында еңбек ету оның бала күнгі арманы болатын. 2013 жылы бойжеткен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін экономист мамандығы бойынша тамамдап, 2014 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС 164/1 мекемесіне бухгалтер болып жұмысқа орналасады. Ал 2019 жылы аттестациядан өтіп, бақылаушы атанды. Абыройлы қызмет етіп, білікті мамандардың қатарын толықтырды. “Қазір сотталғандармен тікелей жұмыс істеймін, ішкі тәртіпті қадағалау менің міндетіме кіреді. Жазасын өтеушілердің қолына бөгде, рұқсат етілмеген заттардың: телефон, спирттік ішімдіктердің, есірткінің түспеуін қадағалаймын. Біздің мекемеде ерікті жалдамалы жұмысшылар да бар. Жазасын өтеушілердің соларға шабуыл жасамауын бақылаймын. Сотталғандардың өз-өзіне қол жұмсамауын да қадағалаймын, кейде олар өздеріне қандай жаза кесілгенін естігенде өздерін ұстай алмай қалады. Сондай бір оқиға менің кезекшілігімде болды. Сол күні тергеу мақсатында қамауға алынған әйел қобалжығандай болды, тыныш отыра алмады. Біз бір жағынан психологпыз ғой, сол себепті бақылауды күшейттім. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты камералар жиі дезинфекцияланады. Бір қарасам жаңағы әйел сол дезинфекциялайтын хлор қосылған сұйықтықты ішейін деп жатыр екен. Бірден тиісті іс-шара қолданып, аман алып қалдық”, – дейді Сымбат.
Жамбыл шаңырақтың тірегі болса, Сымбат – ұйытқысы. Бір-біріне қолдау көрсетіп, қажет болғанда бағыт-бағдар беріп отырады.
– Форма киген қызметшілердің көп уақыты сыртта өтетіні белгілі. Сондықтан сүйікті жарыңның сенің жұмысыңды түсінгені маңызды. Бір салада қызмет істегендіктен ортақ әңгімелеріміз де жетерлік. Сымбаттың да өзі таңдаған мамандығының жемісін көріп, антына адал еңбек еткенін қалаймын, – дейді отағасы.
Елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісі тойланатын Отбасы күнін Жүсіповтер шаңырағы ерекше атап өтеді. Биыл әке-шешелерін қонаққа шақырып, мерекелік дастарқан жаймақ. “Отбасын берік ететін нәрсе – түсіністік. Егер ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінсе, онда отбасында ешқандай жанжал да, ұрыс та болмайды. Сыйластық болу керек. Сондай-ақ ортақ арман-мақсат болғаны жөн. Біздің де көптеген армандарымыз бар, оның ішіндегі ең бастысы – екі ұлымызды еліміздің мықты азаматы етіп тәрбиелеу. Саналы азамат, жақсы мамандық иесі болса екен дейміз. Пенде болғасын көп нәрсені қалайсың ғой. Алайда отбасының береке-бірлігі ең бірінші орында тұруы керек”, – дейді ерлі-зайыптылар бір ауыздан.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.