“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған еліміз бойынша жеңіске жеткен 17 отбасы онлайн түрде қатысты.
Іс-шара ұлттық байқаудың тарихы туралы бейнетаспа көрсетуден басталды. Одан кейін қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың онлайн құттықтауын тыңдады.
Байқау жеңімпаздарының қатарында Шал ақын ауданындағы Ольгинка ауылында тұратын көпбалалы Крейдундер отбасы да бар. Отағасы Сергей Крейдун шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істейді. Зайыбы Инна Андреевна – 30 жылдан астам уақыт мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Ерлі-зайыптылар 28 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.
Олар Андрей мен Виолетта есімді ұл мен қызды тәрбиелеп өсірді. Отбасының ұйытқысы Инна Крейдун 2017 жылы “Патронаттық отбасы” бағдарламасы бойынша Любовь, Валентина, Петр, Маргарита және Вероника есімді бес баланы тәрбиелеуге алғандарын, бұл шешімге ешқашан өкінбейтіндерін айтты.
Бүгінде балалардың алды ержетті. Жұрт қатарлы еңбек етуде. Андрей қосалқы шаруашылықпен айналысса, Виолетта – тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ал Люба – 2-курс студенті. Қалғандары мектепте оқиды. Олардың барлығы қазақ тілін жетік меңгерген.
– Балаларымызды мақтан тұтамыз. Біз перзенттеріміз арқылы өмірдің мәнін түсіндік. Білім алып, жұмыс істеп, алға қойған арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, отбасымызға қолдау көрсеткен мемлекетке ризашылығым шексіз. Өмірге деген құлшыныс пен оң көзқарас болашаққа сенімімізді нықтай түсті, – дейді Инна Андреевна. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Крейдундер отбасына Мемлекет басшысының атынан диплом мен ақшалай сертификат табыс етті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.