«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРЕЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ЖЫЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2006 жылы экономикалық, саяси және мәдени дамуда, азаматтардың материалдық және рухани өмір сапасын арттыруда, мемлекеттің әлемдік беделін арттыруда Қазақстан орасан зор көрсеткіштерге қол жеткізді. Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды десе де болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активі 2006 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 12 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Бұл – егемендік алғанына енді ғана 15 жыл толған ел үшін айтулы жетістік. Бірқатар серпінді жобалар жүзеге асырылып, елімізде тартымды инвестициялық ахуал қалыптасты. Шетелдік инвестицияның көлемі 100 миллиард доллардан асып жығылды.

Бұл жылы мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Қазақстандықтар сүйіп орындайтын Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің “Менің Қазақстаным” әнінің мәтініне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзгерістер енгізді. Ел үшін тағы бір елеулі оқиға – Елбасының “Самұрық” Ұлттық холдингтік компаниясы” акционерлік қоғамын құру туралы” Жарлыққа қол қоюы. Осы жылдың 15 қарашасында – Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге жаңа дизайнда басылып шықты. Мерейтойлық даталарға тоқталатын болсақ, 2006 жылы академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы “ЮНЕСКО” көлемінде атап өтілді. Ақтөбедегі филармония алдында Ахмет Жұбановтың ескерткіші қойылды.

Елдің нарықтық экономикалық қатынастарға толық өтуіне байланысты қиындықтар орын алғаны да жасырын емес. Соған қарамастан Қазақстан ТМД елдері ішінде суырылып алға шықты. Республикамыздың табысына Солтүстік Қазақстан облысы да қомақты үлес қосты. 2006 жыл өңір тұрғындары үшін айрықша маңызға ие. Дәл сол жылы облыстың құрылғанына 70 жыл толды. Өңіріміз серпінді дамыған өңірлер қатарына қосылып, ел экономикасында маңызды орынға ие болды. Өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс көлемін ұлғайтып, шағын және орта бизнеске кең жол ашылды.

2006 жылы облыс өнеркәсібі 42,7 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Облыс экономикасы құрылымында өнімнің 60 пайызы ауыл шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің көлемі 101,2 миллиард теңгені құрады. Облыста 2006-2010 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы жасалды. Осы бағдарламаны жүзеге асыруды қамтамасыз ету, орта және ірі тауарлы мал шаруашылығын құру үрдістерін ынталандыру және оны өндірістік негізге көшіру үшін жаңа кешендер салу жоспарланды. “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның директорлар кеңесі Ақжар, Жамбыл және Уәлиханов аудандарында несие серіктестіктерін ашу туралы шешім қабылдады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жөніндегі мәселе уақытында шешілді. Машина-трактор паркі жаңартылды. Мәселен, 11,8 миллиард теңгеге жаңа тракторлар сатып алынды.

Осынау айтулы жылдың ең басты көрсеткіші – 5 миллион 220 мың тонна астықтың жиналуы. Гектар берекелігі 16,4 центнерден айналды. Бұл – республикада жиналған бүкіл астықтың 28 пайызына тең, Қазақстанның астықты облыстарындағы ең жоғары көрсеткіш. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рекордтық көрсеткішке қол жеткізген облыс диқандарының жанқиярлық еңбегіне жоғары баға берді. Сол жылы алыс-жақын шетелдің 23 мемлекетіне 1 миллион 300 мың тонна астық экспортқа шығарылды.

Кез келген өңірде бюджетті толықтырудың басты тетігі салық екендігі белгілі. Салықты әкімшілендіруге барынша назар аударылып, 13,5 миллиард теңгенің салығы жиналды. Жергілікті бюджетке 2,4 миллиард теңгенің жоспардан тыс кірісі түсті. Осынау қосымша қаржы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау және спортты дамытудың көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Облыс бойынша орташа айлық жалақы 22 пайызға өсіп, 28 мың теңгені құрады. Сонымен қатар өңірде 13,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Облыста озық өнеркәсіптік жобалар қолға алынды. Мәселен, соның бірі ретінде Тайынша қаласындағы астықты тереңдете өңдеу негізінде биоэтонол өндіретін зауыт құрылысын айтуға болады. “Биохим” кешені – Қазақстандағы алғашқы кластерлік кәсіпорындардың бірі. Өкінішке қарай, көпшілік күткен сенім ақталмай, зауыт жұмысы әлі күнге дейін толық қуатында жұмыс істей алмай тұр.

Петропавл қаласындағы ауыр машина жасау саласы қарқын алды. Кеңес өкіметі тұсында қорғаныс министрлігі үшін ракеталық кешендер шығарған атақты “Петропавл ауыр машина жасау” АҚ көп уақыт бойы дағдарыстан шыға алмаған еді. 2006 жылы аталмыш зауыт Қазақстан – Ресей бірлескен ғарыштық бағдарламасына қатысатын кәсіпорындардың санатына қосылды.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражай кешенін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге республикалық қазынадан 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Көрме стендтері жаңартылып, бәрі еуропалық деңгейде безендірілді. Облыстық кітапхана қорын толықтыруға – 6,2 миллион теңге, соның ішінде мемлекеттік тілде Солтүстік Қазақстан энциклопедиясын шығаруға – 3 миллион теңге жұмсалды.

Ақжар, Аққайың, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Тимирязев аудандарының мәдениет ұйымдарына автокөліктер, саз аспаптары, сахна киімдері, халық аспаптары алынды. Жазушы Иван Шуховтың 100 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтті. Мәскеу баспасынан “Иван Шухов. Замандастары мен жерлестері жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы” атты кітап жарыққа шықты. Мерейтой аясында жазушының музей-үйінің алдына мүсіні орнатылды. Жазушы тойына республикамыздың түкпір-түкпірінен құрметті меймандар келді. Тойға Ресейдің Қорған облысынан арнайы делегация шақырылды.

Сонымен қатар Булаево қаласында Батыр Баянның мүсіні қойылды. Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Западное ауылының маңындағы ескі қорымда қазақ даласының дана ұлдарының бірі Тоқсан бидің басына кесене орнатылды. Атақты бидің есімін қала көшесіне беру – ұлы бабамыздың есімін ел есінде қалдыру шараларының бірі.

Облыстың білім беру жүйесі де серпінді дамыды. Он екі жылдық білім беруге көшуге дайындық 2006 жылы басталып, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында жаңа мектептер мен Мамлют санаторлық мектеп-интернатында жатақхана корпусы және оқыту шеберханасы пайдалануға берілді. Облыс орталығында дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты ашылды.

Қаракөздері аздау Қызылжар өңірінде қазақ тілі айрықша қолдауды қажет ететіні белгілі. Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқаннан бері мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған ана тілімізді дамытуға көңіл бөлініп, қолдан келгенше қолдау жасалды. Облыс аумағында қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы грант тағайындалды. Бұл мемлекеттік тілдің оқытылу сапасына оң әсер етті. Сондай-ақ облыс әкімі Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың бастамасымен балабақшалардағы қазақ және орыс тілінің мұғалімдеріне де сыйлықтар тағайындалды. Тайынша ауданында мемлекеттік тілде шығатын “Тайынша таңы” газетінің ашылуын да зор қуанышқа балауға болады. Тәуелсіздік жылдарында ономастика саласында да бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Ақжар ауданы Кеңащы селолық округінің Менжин селосы Кеңащы ауылы, ал Тайынша ауданы Амандық селолық округінің Октябрь селосы Аймақ ауылы болып өзгертілді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Западное селосына Тоқсан би, Уәлиханов ауданы Озерный селосына Тілеусай деп тарихи атаулары қайтарылды.

Солтүстік Қазақстан облысында ұзақ уақыттан кейін тұңғыш рет халықтың табиғи өсімі тіркелді. Демографиялық жағдайды жақсарту үшін жаңа туған әр нәрестеге 30 мың теңге мөлшеріндегі біржолғы жәрдемақы тағайындалды. Бұған барлығы 225 миллион теңге жұмсалды. Облыс орталығында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен еңбек ардагерлеріне арналған “Ардагер” әлеуметтік дәріханасы ашылды. Дәріханаға келген әр ардагерге дәрі-дәрмек өз бағасынан 20 пайыз төмендетіліп сатылды.

Ауыл тұрғындарын таза ауыз-сумен қамтамасыз ету мәселесі өңірде біртіндеп шешімін таба бастады. 2006 жылы “Ауыз су” бағдарламасын жүзеге асыруға 1,2 миллиард теңге жұмсалды. Булаев және Есіл тораптық су құбырларын қайта құру жөніндегі жұмыстар атқарылды. Жамбыл ауданында су тарататын екі пункт ашылып, тұрғындар таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай-Бидайық су құбырының құрылысы аяқталды. Талшық, Смирново, Пресновка, Қарақоға, Новоишим, Аққұдық, Тимирязево, Кішкенекөл ауылдарында, Булаево және Сергеевка қалаларында су тарату жүйесі қайта құрылды.

Тоқсаныншы жылдары тоқырап қалған қаладағы құрылыс жұмыстары да қайта жанданды. Облыс аумағында жалпы алаңы 150489 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Соның ішінде 10582 шаршы метр коммуналдық, ипотекалық кредиттеу жүйесі бойынша 31497 шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Петропавл қаласының инженерлік-коммуникациялық желілерін дамыту мен қайта құруға республикалық бюджеттен бөлінген 750 миллион теңге есебінен Шығыс, Юбилейный шағынаудандарында салынған үш қабатты үйлерге коммуналдық желілер тартылды.

Тұрғын үйлермен қатар облысымызда әлеуметтік және өндірістік нысандар салуға республикалық бюджеттен 771,8 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 337,4 миллион теңге бөлінді. М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанында жүзу бассейнінің қадасы қағылды. Айыртау ауданының – Айыртау, Аққайың ауданының – Астраханка, Ақжар ауданының – Ұялы, Тимирязев ауданының – Москворецкое ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттер, Петропавл қаласындағы балалар үйінің шаруашылық бөлігі, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы аудандық орталық аурухананың қосымша ғимараты, Ақжар ауданы Ленинград ауылындағы аудандық туберкулезге қарсы бөлімше пайдалануға беріліп, Жамбыл ауданы Благовещенка ауылындағы бұрынғы аурухана 350 орындық арнаулы емдеу-профилактика мекемесі етіліп қайта жабдықталды.

2006 жылы облыста 2100 орындық 300 монша салу жоспарланған болатын. Құрылыс қарқын алып, түрлі материалдарға сұраныс арта түсті. Сондықтан құрылыс индустриясын дамытуға байланысты құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын өндіруді дамыту бағдарламасы қабылданды.

Петропавлда еліміздегі ірі компаниялардың бірі саналатын “Мастер” құрылыс материалдары орталығының филиалы, сонымен қатар Қызылжарда “Корона” сауда орталығы ашылды. Осындай іргелі істермен ерекшеленген 2006 жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылаған қызылжарлықтар одан да биік белестерді бағындыру үшін алға қарай қадам басты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp