Облыстық әкімдікте өңірлік ардагерлер кеңесінің VIII есеп беру конференциясы өтті. Бес жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Қоғамдық ұйымның жергілікті филиалына 563 бастауыш, 14 аудандық және қалалық ардагерлер кеңесі мен 61 тұрақты комиссия кіреді. Алқалы жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Ардагерлердің бос уақытын қызықты өткізу, мәдени іс-шараларға тарту жұмыстары қарқын алды. Бес жылдың ішінде ардагерлер клубтарының саны 250-ден 400-ге дейін жетті, көркем-өнер ұжымдары 66-ға көбейді. Жастармен жұмыс та жақсы жолға қойылған. Жеңістің 70 жылдығында 397 тимуршылар отряды 4815 адамға көмек көрсетсе, 75 жылдықта 467 отряд құрылып, 7 мыңға жуық қарияға қолғабыс етті, – деді Ескендір Есмақұлы.
Ардагерлер ұйымы бұдан басқа да шаруалар тындыруда. Боздақтардың есімін ұлықтау, тылда жұмыс істеген азаматтардың ерен еңбегін насихаттау, ұрпақ жадында қалдыру мақсатында 100-ден астам кітап пен жадынамалар шығарылған.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы тексеру комиссиясының есебі де тыңдалды. Аталмыш органға аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы тексеру комиссияларына ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету ұсынылды. Жиынға онлайн қосылған Петропавл қаласы мен аудандық ұйымдардың мүшелері де өз ойларын, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аға буынның еңбегін ерекше бағалап, келешек ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі орасан екенін атап өтті. Сондай-ақ қарттарға облыста атқарылып жатқан ілкімді істер жайлы айтып берді.
– Өздеріңіз білесіздер, облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осы саланы әртараптандыру бойынша жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беруде. Биыл агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім 825 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз. Майлы дақылдар алқабын ұлғайттық, бұл өнімге де сұраныс жоғары. 5 жылда 50 тауарлы-сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз, оның 10-ы биыл іске қосылады. Ірі қара саны 100 мыңға жетті. Екі бірдей құс фабрикасын салып жатырмыз, ол іске қосылғанда облыстың құс етіне деген сұранысы толық жабылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салынып жатыр, – деді Құмар Іргебайұлы.
Конференция соңында ардагерлер ұйымының атқарылған жұмыстары оң бағаланып, облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысшы органдары және республикалық конференция делегаттары сайланды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Ескендір Елеусізов қайта сайланды.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.