Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында барлық салаларды дамытуға бағытталған жаңашылдықтар мен негізгі міндеттер айқындалды. Тәуелсіздіктің жетістіктері ретінде бейбіт өмір мен қоғамдағы тұрақтылық, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы ерекше атап өтілді.
Саяси құжатта айтылғандай, бүгінгі күні елімізде қоғам тыныштығын күзетуде маңызды рөлге ие учаскелік полиция инспекторларының жұмысына ерекше назар аударылған. Облысымызда 289 учаскелік инспектор бар. Жүктелген міндеттерді сапалы іске асыру үшін оларға барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Оның ішінде әлеуметтік қолдау жайына ерекше назар аударылып отыр. Биыл Мамлют ауданында учаскелік полиция пунктімен біріктірілген үй салынды. Бұл учаскелік инспектор жұмысының жеделдігін арттырады, азаматтармен тығыз байланыста болуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында учаскелік полиция инспекторларының жұмысы үшін 86 жаңа автокөлік сатып алынды. Бұл көліктердің басым бөлігі аралары бір-бірінен алыс ауылдық округтерге берілді. Учаскелік полиция инспектоларының жұмысына бейнетіркегіштерді, планшеттерді пайдалану, бейнебақылау камераларын енгізу маңызды болып табылады. Мұндай жарақтандыру қоғамдық тәртіпті нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда пәрменді тетік саналады.
Жолдауда тәртіп сақшыларының алдына қойылған міндеттерді іске асырудағы басты бағдар азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерге тосқауыл болуға мүмкіндік беретін жедел-қызметтік жұмысты ұйымдастыру болмақ. Мемлекет басшысы айқындаған негізгі қадамдар ашық диалогты және қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуды қамтамасыз етудің басты бағыты болып саналады.
Марат ТӨЛЕБАЕВ,
облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.