Уәлиханов аудандық соты ғимаратының алаңында Екінші дүниежүзілік соғыстың және сот жүйесінің ардагерлері Тақау Сейітов пен Хамит Ысқақовқа арналған мемориалдық тақта ашылды.
Тақау Сейітұлы 1900 жылы Ақжар ауданында дүниеге келген. 1928-1933 жылдар аралығында бұрынғы Ақмола облысына қарасты Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданының судьясы болды. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақат алды. Елге оралғаннан кейін бар ғұмырын сот саласының дамуына арнады. 1974 жылы туған жерінде өмірден озды.
Хамит Ысқақұлы болса Ақмола облысының Жарқайың ауданының тумасы. Ол 1941 жылы әскерге шақырылып, соғысқа аттанған. Украинаның Колгострой қаласын жаудан азат ету кезінде ауыр жарақат алып, сол аяғынан айырылады. Соған қарамастан жауынгер құқық қорғау және сот органдарында жұмыс істеген. Ардагер 1995 жылы 80 жасында қайтыс болды.
Қос майдангерге арналған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев пен аудандық соттық төрағасы Серік Темірбеков Тақау Сейітов пен Хамит Ысқақовтың елге сіңірген еңбектерін айтып, өнегелі өмірлерін өсіп келе жатқан жастарға үлгі етті.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.