Науқастарға көмек көрсететін медициналық ұйымдардың жанынан “COVID-19” инфекциясын жұқтырғандарды амбулаторлық бақылау бойынша мобильді топтар құрылды.
Медициналық ұйымдағы бір мобильді топ емханаға тіркелген кемі 5 мың тұрғынға қызмет көрсетуі тиіс. Республика бойынша жарты жылдың ішінде мобильді бригадалар 1 миллионнан астам шақыртуға шықты. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мобильді бригадалардың шақыртуларға шығуы үшін 7,3 млрд. теңге төледі. Соның ішіндегі міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру бойынша 6,8 млрд. теңге, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша 0,5 млрд. теңгені құрады.
Мобильді топтар жіті респираторлық ауру белгілері бар және “COVID-19”-ға күдікті, аталмыш инфекция бойынша үйде оқшауланған отбасы мүшелеріне кеңес беру, (оның ішінде аудио-бейне), аурудың орташа ауыр, ауыр түріне шалдыққан және стационардан амбулаториялық емдеу кезеңіне шығарылған науқастарға ақыл-кеңес беру (үйде оқшаулауды сақтау бойынша нұсқама), ПТР сынамасын алу, дәрі-дәрмектерді тағайындау мен өзге де қызмет түрлерін көрсетеді. Мобильді топқа терапевт, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, учаскелік медбике, фельдшер, акушер, әлеуметтік қызметкер кіреді. Мобильді топтың құрамы науқастың жағдайы мен аурудың сипатына байланысты болады.
Мобильді бригада өзінің медициналық ұйымына тіркелген тұрғындардың ғана шақыруларына бара алады. Мобильді топтың жұмыс уақыты таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.