«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАН ЖАРАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғат пен адамзатқа орасан зор зиян келтірген Семей полигоны 1991 жылы жабылды. Бұл барша дүниежүзі халқының болашағы үшін жасалған маңызды шешім болды. Сондықтан Тәуелсіздіктің бірден-бір жемісі – ядролық қарудан бас тартуымыз.

Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев қол қойған Жар­лықтың арқасында Қа­зақ­стан халықаралық қоғамдас­тық­та жауапкершілігі жоғары ел ре­тінде мойындалып, ядролық қа­ру-жараққа қарсы әлемдік қозға­лыстың көшбасшысы бо­лып та­нылды. Қазаққа зор қасі­рет төн­дірген жойқын қарудан бас тарту та­рихи қадам екені ақи­қат. Поли­гондағы сынақтардың 40 жылға созылғаны белгілі. “Өткенсіз бо­лашақ жоқ” деген­дей өткен та­рих­тан сыр шертсек, 1947 жыл­дың тамызында КСРО Министр­лер Кеңесінің шеші­мімен шарт­ты түрде “№2 оқу полигоны” деп ата­латын атом по­лигонын құру туралы қаулы қабылданды. По­лигон құрылысы үшін Семей қаласының батыс беткейіндегі 140 шақырым жер­де арнайы ау­мақ таңдалды. Се­мей ядролық сынақ полигоны­ның жалпы ауда­ны 18000 шар­шы шақырымды құ­рады және ол бұрынғы Семей об­лысындағы Абыралы ауданы мен Павлодар және Қарағанды об­лыстарының кейбір жерлерін қамтыды.

Қырық жылдың бедерінде 450-ден астам ядролық сынақ ұйымдастырылды, жарылыстың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасал­ды. Барлық ядролық зарядтар­дың жалпы қуаты Жапониядағы Хиросимаға тасталған атам бом­басының қуатынан 2,5 есе көп болды. Семей ядролық полиго­нын жабуда “Невада-Семей” ан­тиядролық қозғалысы үлкен рөл атқарды. Қозғалыс мүшеле­рінің ар­қасында 1989 жылы жоспар­лан­ған 18 жарылыстың 11-і тоқ­та­тылды. Бір ғана қазақ халқына ғана емес, адамзат денсаулығы­на орны толмастай зиян келтір­ген сынақ алаңын жабуда Елба­сымыздың еңбегі ерен. Тұңғыш Пре­зидентіміз АҚШ, Ресей, Фран­ция сияқты мемлекеттердің бас­шыларымен өте күрделі әрі ұзақ келіссөздер жүргізді. Нәти­жесінде 1994 жы­лы Қазақстан аумағында ядролық қарудан түбегейлі бас тарту туралы шешім қабылданды. 1995 жылы бұл үрдіс аяқталды.

Мен 1970-1972 жылдары Се­мей полигонында, нақтырақ айт­сам, №14387 және №65538 әс­ке­ри бөлімдерінде борышымды өте­дім. Ол кезде біздің өңірден әс­керге жігіттерді эшелонмен әке­тетін. Сайдың тасындай кілең мар­­ғасқа бозбалалар әскери борышын өтеу үшін еліміздің әр өңірінен жиналған екен. Біз Се­мей, Қарағанды, Павлодар об­лыстарының орта тұсында орна­ласқан Дегелең тауының ете­гін­де болдық. 35 шақырымдай жер­де Қарағанды облысына қарай­тын Сарыжаз деген ауыл болды. Сол елді мекеннің тұр­ғындары жарылыстарды әске­рилермен бірдей бастан өткерді. Жары­лыс­тан зардап шеккен­дердің де­ні Павлодар облысы­нан. Неге де­сеңіз, ең алғаш ұшақпен бомба тасталған Майс­кое ауданында жары­лыстар 1962 жылға дейін жалғасты.

Біз әскерде болған уақытта тауды бұрғылап тесіп, 300 метр­лік ұңғыма жасалды. Бомба соның ішіне қойылып, жан-жа­ғын бетон, цементпен қатты бе­кітіп тастайды. Бұл жұмыс­тарға азаматтық киімдегі адам­дар да тартылды.

Темір балқып, таудың таста­ры жарылыстан кейін қып-қызыл бо­лып күйіп кетеді. Әрине, оның ті­рі жан баласының денсау­лы­ғына зиян тигізгенін айтып жет­кізу мүмкін емес. Мәселен, сапта тұрған сарбаздар есінен танып, құлап қалатын. Әске­рилер күн сәулесінің әсері деп мәселенің мәнісін ашық айт­пайтын. Аптап ыс­тық болатын­дай Семей еліміз­дің оңтүстігінде орналаспаған. Сондықтан бұл жағдай бізге кү­мән туғызды. Бас­тапқы кезде Де­гелең тауында болған жары­лыстың мәнісін түсінбедік. Екі жыл бойы сол жердің ауасымен тыныстап, суын іштік.

Өкініштісі сол, ядролық жары­лыстардан ауаға тараған радиа­ция салдарынан борышын өте­ген көп сарбаз айықпас дертке шалдықса, кейбірі өмірден жас кетті. Жыл сайын қатарымыз си­реп барады. Бүгінде облы­сымыз бойынша үш адам ғана Семей ядролық сынақ поли­гонындағы жарылыстардан зар­дап шегуші мәртебесіне ие. Өзім бұл жеңіл­діктерге қол жеткізу үшін 3-4 жыл бойы табанымнан таусылып, сан есікті тоздырдым. Барлығымыз азаматтық боры­шымызды бір әскери бөлімде өтеген соң, өзге­лерінің де жеңілдікке ие бол­ға­нын, ар­нау­лы мәртебе беріл­генін қалай­мын. Себебі, оларға да қымбат дәрілер, госпиталь­дерде ғана алуға болатын ем-дом шара­лары қажет. Ал мені­мен әскери борышын өтеген кей­бір жігіттер әлі күнге дейін үкімет тарапынан жеңілдік ала алмай жүр. Тіпті бір бөлімде төсегіміз қатар болған Қозыбай Нұрғалиев сынды заман­дасымның әлі күнге дейін жеңілдік алмағаны көңілге қаяу түсіреді. Қазір ол Покров­ка­да тұрады, қос жанары көрмейді. Оның мұндай жағдайға душар бо­луына ядролық жарылыс әсе­рін тигізгені анық. Жамбыл, Шал ақын, Есіл, Аққайың, Мам­лют ау­дандарынан әскери бо­рышы­мыз­­­ды бірге өтеген Қай­ролла Ыс­қа­қов, Мұхамеджан Әбі­шев, Аты­ғай Токужин, Нұрман Қайыр­баев, егіз жігіттер Жұма, Жұма­ға­ли Көпеевтер, Алма­ғанбет Жан­­беков, Асқар Мусин, Нұрқан Ес­­кен­діров, Қуанышбай Нұр­се­йі­тов, Қуанышбай Қожах­метов сын­ды жігіттердің есім­дерін ерек­­ше атап өткім келеді. Олар­дың кей­бірі бүгінде кел­местің ке­месіне мініп, мәңгілік са­парға ат­танған.

2016 жылдан бері Семей яд­ро­лық жарылыстан зардап шек­кен азаматтардың мәртебе алуы мұңға айналды. Сондықтан по­ли­гонда денсаулығына зақым ти­ген азаматтардың құқығын қор­ғау, мемлекет тарапынан белгі­ленген жеңілдіктерге қол жеткізу­ге көмектесу мақсатында еліміз­дің көптеген облыс­та­рында “Се­мей полигоны” қоғам­дық бірлес­тіктері құрылды. Мұн­дай ұйым өз жұмысын біздің облысымызда осыдан бес жыл бұрын бастаған болатын. Бү­гінде аталған ұйым құрамында 166 адам бар. Сол 166 адамның 26-сы ғана мемле­кет тарапынан көмек алады. Бі­рақ әлі күнге дейін көптеген жігіт­тер үй-күйсіз жүр. Бұл мәселе бойынша бар­маған жеріміз, бас­паған тауы­мыз жоқ. Алайда еш­қандай нә­тиже болмай отыр.

Бүгінде бірлестіктің құрамына қосылуға ниетті жандар аз емес. Биыл ел Тәуелсіздігі мен Семей яд­ролық полигонының жабыл­ға­нына 30 жыл толуына орай жер­гілікті әкімдік пен облыстық арда­герлер ұйымының көмегі­мен бірлестік мүшелері мере­келік медальдарға ие болды. Облыс ау­дандарын аралап, сол ме­даль­дарды зардап шегуші­лерге табыс етіп, бірлестіктің аудандық филиалдары төр­ағаларын сай­ладық. Аққайың ауданында – Юрий Яков, Есілде – Сергей Бей­сенов, Жамбылда – Самат Ат­келтіров, Қызылжар ауданында – Қайырлы Хамзин, Тайыншада – Алексей Завго­родный, Шал ақында Александр Садовников бірлестікке жетек­шілік етеді.

Еліміздің егемендік алғанына 30 жыл болса да, Семей поли­го­нының құпиясы әлі толық ашыл­ған жоқ. Ал ол жарылыс­тар­дан қан­шама адам зардап шек­ті. Сон­да ол адамдардың құ­қығын кім қорғайды? Семей по­ли­гонында зардап шеккендерге қамқорлық аясын кеңейтіп, мем­ле­кет тара­пынан лайықты көмек көрсетілуі керек деп ойлаймын. Өйткені адамзатқа 40 жыл қауіп төндірген қасіретке толы кезеңді тарихтан сызып тастау мүмкін емес.

Асхат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,

“Семей полигоны” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp