«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біздің күшіміз — бірлікте

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еврей ұлтының өкілдері бүгінде әлемнің барлық мемлекетінде тұрады. Олардың Қазақстандағы саны төрт мыңға жуық. Алдағы ұлттық халық санағы бұл көрсеткішті барынша нақтылайтын болады. Қазақстан аумағын 1867 жылдан қоныстана бастаған. Одан кейін Сталиндік қуғын-сүргін кезінде КСРО-ның түкпір-түкпірінен мыңдаған еврей еңбек лагерлеріне жіберілді. Яғни 1941-1945 жылдары еврей этносының едәуір бөлігі Қазақстан аумағына еріксіз көшірілді. Жер аударылғандардың арасында орталық киностудияда жұмыс істеген танымал кинорежиссерлер мен операторлар да болған. Осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстан екінші үйлеріне айналып, қазақ халқымен арадағы сыйластық көңілдеріне ешқашан сызат түсірген емес. Қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, аса көрнекті композитор Евгений Брусиловскийдің есімі Қазақстан тарихының бір бөлігіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Петропавл қаласындағы орталық көшелердің біріне оның аты берілген.

1990-2000 жылдары еврейлер жақсы өмір іздеп, шетелге кеткенімен, көбі әбден үйренісіп қалған қоныстарын қимай, қалып қойды. Өңірде жұмыс істеп тұрған еврей этномәдени бірлестігі жайлы сөз қозғасақ, оның негізін қалаған Аркадий Аравскийдің есімі ерекше құрметпен аталады. Ұйымның құрылуына Д.Матрос, Ю.Кирельсон, Б.Ямпольский және тағы басқалар көп еңбек сіңірді. Олар еврей этносының мәдениетін, тарихын, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен тілін сақтау, дамыту, насихаттау секілді міндеттерді жақсы түсіне білді. 16 жылдың ішінде көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар атқарылды. Олардың бәрін санамалап шығу мүмкін емес. Жұма күнгі дәстүрлі кездесулерде бірлестік белсенділері ортақ мақсат жолына бағдарланған іс-қимыл жоспарларын талқылап, толықтырып отырады. Мәселен, шығармашылық сайыстарға жүйелі түрде қатысатын балалар вокалдық-хореографиялық тобының қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде жас әртістеріміз облысымызды республикалық ауқымда таныта білді. Қыз-келіншектер “Хозяюшка” үйірмесіне жиналып, аспаздықты үйренеді. Оларға білгендерін үйретіп жүрген Н.Михельсон, Л.Фешина, Р.Родина, Н.Полякова, Р.Кутиковаға алғысымыз шексіз.

Этномәдени бірлестік өмірінде “Хэсэд” қайырымдылық орталығы маңызды рөл атқарады. Оның қолдауымен азық-түлік, дәрі-дәрмек басқа да қажетті заттар таратылды. Тұрмысы төмен, мұқтаж жандарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, жетім балаларға тұрақты негізде көмек көрсетіледі. Соколов интернат-үйі қамқорлығымызға алынған. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Біз біргеміз” қайырымдылық акциясына белсенді қатысушылардың біріміз. Биыл Достық үйінде коворкинг орталығын құруға жан-жақты қолдау жасадық.

Бәріміз Тәуелсіз Қазақстанды мақтан етеміз. Өйткені осы жылдары адамдар өз әлеуеттерін іске асыруға толық мүмкіндік алды. Мен өз орнымды кәсіпкерліктен таптым. Облыстық, кейін қалалық мәслихат депутаттығына сайландым, “Nur Otan” партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі болдым.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған этносаралық және конфессияаралық бірліктің қаншалықты маңызды екенін солтүстікқазақстандықтар жақсы түсінеді. Қоғамды ұйыстырудың, ұлттық бірегейлікті нығайтудың бірден-бір көзі – парасаттылық, байыптылық, толеранттылық. Кез келген шешім осы негізде қабылданса, жалпы адамзатқа тән құндылықтарымыз ортақ игілікке айналып, адами жақсы қасиеттер бойымызға құт болып даритыны даусыз. Бүгінгідей күрделі жағдайда отаншылдық, еңбекқорлық, жауапкершілік дағдыларымызды одан әрі байытып, достық, татулық секілді баға жетпес байлығымызды сақтауға баршамыз күш жұмылдыруымыз қажет екенін еске сала кеткім келеді.

Рашбиль ЕВДАЕВ,

облыстық еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp