Ойлап қарасам, біздің күнделікті тіршілігіміз “алло”-мен басталады екен. Өйткені заманның адамдарға ең керекті деп “сыйға тартқан” ұялы телефонынсыз еш тірлігіміз бітпейтін сияқты. Таңнан басталған “алло” көзіміз ұйқыға кеткенше құлағымыздан кетпейді. Бірақ біз неге осы бір сөзді “алло” деп атауға сонша құштармыз?
Әр халықтың өзіндік сөйлеу мәнері, сөз қолданысы бар. Біз күнделікті қолданыстағы ауызекі сөздің өзін жеткілікті біле бермейміз. Оның үстіне әр нәрсеге еліктегіш, тез қабылдағыш халық сияқты көрінеміз. Сөйтіп, өзге тілдерден сіңіріп алған сөздеріміз де көп. Оны тіптен замана көші, сәнге балаймыз кеп. Оған дәлел өзгелердің қаңсығын таңсық ететін кездеріміз көп.
Айтпақшы болғанымыз, телефон тұтқасын көтергенде айтылатын термин туралы. Несін жасырайық, “алло” деген сөзді жиі қолдану қанымызға әбден сіңіп кетті бұл күнде. Бай тілімізден бір ауыз жақсы балама табылмағаны ма сонда?
Ал бұл ұғымды бізден басқа елдер өзінше үйлестіріп, ыңғайына қарай қолданып жүр. Мәселен, ағылшындар “хэлоу” десе, қытайлар “уәй” дейді. Орыстар “алло” дегенді өздеріне үйлесімді санайды. Араб елдері “нам” дегенді қолданып жүрсе, Түркия “ефендим” немесе “буйрун” дейді екен. Кәрістер “иобосэйо”, моңғолдар “байнауу” немесе “сонсодж байна” дейді тұтқаны көтергенде. Ұйғырлар болса “ассалаумағалайкум” дегенді көп қолданады.
Көптен бері мазалап жүрген ойымды ортаға салғанымда әріптестерім әртүрлі пікір білдірді. Біреуі: “Біз мұсылман елміз “ассалаумағалайкум” деген орынды”, – десе, енді біреуі: “Ара-тұра қолданып жүрген “Тыңдап тұрмын”, “Иә” деген сөздер жөн сияқты”, – деді. Бұл уәжбен келіспеушілер де болды. Пікірлер сан алуан. “Тыңдап тұрмын” деген онша үйлесімді емес. Онсыз да тұтқаны көтергенде тыңдап тұрасың. Оны қоңырау соғушы айтпаса да біледі. Ал “иә” деген сөзді әр түрлі әуенмен айтсаң, әртүрлі мағына береді. Сондықтан бұл да келіңкіремейді. “Ассалаумағалайкум” ерлердің аузынан шығатын сөз, әйелдерге үйлесімсіз. Осылай, әрқайсысы әр жаққа тартып, бір ұйғарымға келе алмады.
Қазақ елінің мемлекеттік рәміздері сияқты, бұл сөз де өзіндік тілдік нормаларға сай болуы керек, әрине. Кей кісілерге телефон шалғанымда тұтқаның арғы жағынан “Ау” деген сөзді естіп қуанып қалатын едім. Құлаққа жағымды сөз әрі жанашырлық, ізеттікке шақырып тұратындай бір желпініп қалатының бар. “Ау” деген осы бір сөздің төркініне үңілер болсақ, бұл біздің баяғыдан келе жатқан тұрмыс-дағдымызға сәйкес келетін сыңайлы. Ертеректе қазіргідей телефон болған жоқ. Тек араға адам жіберіп хат-хабар алысып отырған. Қырдағы мал баққан бақташылар ана жотадан мына жотаға айқайлап жөн сұрасқан. Сонда бергі жақ пен арғы жақ бір-бірімен “Ау” деп бастап сөзін жалғастырған. Қыр қазағының мән-жай сұрасудағы қажеттілігінен туған осы сөзді бұл күнде телефон тұтқасын көтергендегі терминге айналдырсақ жөн секілді. Әйтсе де әлі көптің талқысына салып, басқа балама іздестірген де артықтық етпейді. Әзірге телефон тұтқасын көтергенде айтылатын алғашқы сөзге сай келетін термин таба қойғанымыз жоқ. Бұған сіз не дер едіңіз, қадірменді оқырман!
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.