С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Естелік пен бейбітшілік жолдарымен” халықаралық жобасының экспедиция мүшелері жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Шараға М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұналбаева, белгілі қаламгер, манасшы Баянғали Әлімжанов, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры Сейдахмет Құттықадам, жас ақын Мерей Қарт қатысып, жобаның маңызы туралы әңгіме өрбітті.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76, Мәскеу және Ржев түбіндегі шайқастың 80 жылдығын атап өту барысында ТМД елдері Ұлттық кітапханалары мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы іске асырып жатқан “Кітапханалар – Жеңіс куәгерлері” жобасы бойынша экспедицияға қатысушылар майдангер жазушы Кемел Тоқаев пен оның туған ағасы Қасым Тоқаевтың жолдарымен жүріп өтіп, Мәскеу өңірінде жерленген жауынгерлердің рухына тағзым етті.
– Қазақстандық және ресейлік зиялы қауымның кездесулері мен бірлескен іс-шаралардың мемлекетаралық байланыстарды нығайтуда, екі ел арасындағы бірыңғай мәдени-патриоттық кеңістікті қалыптастыруда маңызы зор.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында іске асырылып жатқан “Естелік және бейбітшілік жолдарымен” атты маңызды халықаралық жоба Қазақстан мен Ресей гуманитарлық диалогының байланыстырушы буыны болмақ, – деді Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Дәуренбекқызы.
Аталмыш мәдениет ордасы 2016 жылдан бастап шет елдердегі Ұлттық кітапханаларда Қазақстан әдебиеті орталықтарын ашу бойынша халықаралық жобаны іске асыруда. Бүгінде әлемнің 40 елінде орталықтар ашылып, жұмыс істеуде. Олар қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Бұл орайда жақында Омбы қаласындағы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылғанын айтып өткен жөн. Шара барысында Қазақстан мен Ресей кітапханалары арасында мәдени және кітапханалық ынтымақтастық мәселелері бойынша меморандумға қол қойылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.