«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫНЫҢ ТӨҢІРЕГІ – НҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жақсының төңірегі нұр болады,

Әр сөзі естен кетпес сыр болады”, – деп ақындар жырына арқау еткендей, жақсы адам әрқашан айналасына мейіріммен қарап, Күн нұрындай шуақ шашады. Адамгершіліктің алтын қағидасынан айнымаған, жан-жағын көркем мінезімен баураған жақсы адам кім десе, Қымбат Исманованы айтар едім. Өңірімізге белгілі қарт ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі Қымбат Есмұқанқызының өмір жолы өнегелі. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстаздың жастарға айтары аз емес. Сексен жастың төріне үлкен абыроймен көтеріліп отырған қарияның жансарайына үңілуді жөн санап, тағылымға толы сұхбатты оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.

– Қымбат Есмұқанқызы, әр адам өт­кен өміріне, жүріп өткен жолына шолу жасайды ғой. Соның ішінде балалық шақ ең ғажап кезеңнің бірі емес пе? Балдәурен шағыңызға бұрылып бір қарағанда қандай оқиғалар есіңізге түседі.

– Мен 1941 жылы Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында дүниеге келдім. Әкем емші болды. Сол төңірекке белгілі жан еді. Анам үй шаруасында. 16 құрсақ көтерді. Мен үйдің кенжесімін. Алланың жазуы со­лай, бауырларым бірінен соң бірі шетіней беріпті. Бейсенбай дейтін ағам 25 жасында ерте дүние салды. Өкінішке қарай, артында қалған тұяқ жоқ. Он алты бауырдан Ғазез екеуміз ғана қалдық. Бүгінде ол Алматы қа­ласында тұрады. Балалық шағымыз қиын кезеңде өтсе де, әке-шешеміз бізді ешнәрседен тарықтырмай өсірді. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Ойын баласы болған соң, сол кездің қиыншылығына да аса мән бере қоймадық. Анам Ырысты өз қолынан киім тігіп беретін. Қолы берекелі еді. Неше түрлі дәмді тағам пісіретін. Бие байлады, дастарқанда ақ мол болатын. Анам бізді сөзбен емес, іспен тәрбиеледі. Жоқ-жітікке қарайласуды, қиналғанға көмек қолын созуды сол кісіден көріп өстік. Өзі болмай қалса, үйге келген кісіні құр қол шығармауды бізге қатаң тапсыратын. Сондықтан бір жерге шықса, ассуды артығымен қамдап қоятын. Адамды адамдық биікке шығаратын қасиеттерді біз балалық шағымызда санамызға сіңірдік.

– Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде көп жыл ұстаздық қызмет атқардыңыз. Жалпы, мұғалім болуға не түрткі болды?

– Бостандық ауылынан төртжылдық білім ордасын, кейін Қызылжар қаласындағы Калинин атындағы 5-ші жалғыз қазақ мектебін жақсы бағамен бітірдім. Мұғалім мамандығына қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Әрі әкем менің ұстаз болғанымды қалады. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Мәриям апайға еліктеп өстім. Осындайда “ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” деп бекер айтылмаса керек. Ол кісі сабақты өте қызықты өткізетін. Біріміз қалмай ұйып тыңдайтын едік. Соның нәтижесінде өзім де ұстаз болуға бел будым. Мұғалімді жақсы көрсең, оның сабағына да ерекше дайындаласың. Бұл бұлжымас қағида. Ал егер ұстаз ұнамаса, оқушы сабақты да шала оқиды. Сондықтан барлығы ұстазға байланысты. Ол тұста оқушылар, комсомолдар комитеті деген болды. Егер оқуың немесе тәртібің нашар болса, оқушылардың өзі жиналысқа салатын. Бір сөзбен айтқанда, тәртіп қатаң бақыланды. Сондықтан комитет назарына ілінбес үшін, барынша тәртіпті болуға, сабақты жақсы оқуға тырыстық. Өзім сол комсомолдар комитетін басқардым. Ол кезде қабырға газеті шығатын. Онда сын да, мақтау да болады. Мұның барлығы тәрбие мен тәртіпті қадағалауға зор ықпал етті. Мек­тепті тамамдаған соң, 1960 жылы алыстағы Алатаудың баурайына арман қуып аттандым. Мақсатым қыздар педагогикалық институтына оқуға түсу. Әкем ерте дүние салып, анам 10-сыныпта оқып жүргенде қайтыс болғандықтан жоғары оқу орнында біршама жеңілдіктерге қол жеткіздім. Жақсы оқыған соң, жоғары шәкіртақы алдым. Сөйтіп, 1965 жылы аталмыш жоғары оқу орнының жаратылыстану факультетін үздік бітірдім. Алматы мен Шымкент қалала­рынан жұмысқа ұсыныстар түссе де, мен туған жерім Қызылжарға оралуды жөн көрдім. Бі­рақ бұл жерде мектептердің дені орысша. Қазақтілді білім беру ұйымдары саусақпен санарлық қана болды. Орыс тілін мектеп­тегі базалық деңгейде ғана білемін. Облыстық білім басқармасының ұсынысымен Ленин (қазіргі Есіл) ауданына қарасты Қара­ғаш ауылындағы сегізжылдық қазақ мектебіне жұмысқа орналастым. Сол жылы бір орыс сыныбы ашылған екен. Мен сол сыныпқа жетекшілік еттім әрі басқа сыныптарға қазақ тілінде биология, география, химия пәндерінен сабақ бердім. Сол балалар­мен араласа жүріп орыс тілін де үйреніп алдым. Ең тамаша, ұмытылмас сәттер сонда өтті. Күндіз мектепте, кешке халық театрында өнер көрсететін едік. Ауыл кеші көңілді өтетін. Бірақ бір жылдан кейін тұрмысқа шығып, ол мектептен кетіп қалдым. Сөйтіп, өмірімнің жаңа кезеңі басталды.

– Сіз Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесінің дамуына тікелей атсалыстыңыз. Ол тұста білім қалай бағаланды? Жалпы, бүгінгі ұстаз мәртебесіне қатысты пікіріңіз қандай?

– Кез келген жұмыс еңбекпен бағаланады. Табанды еңбексіз ешқандай нәтиже болмайды. Әсіресе, ұстаз үнемі ізденіс үстінде әрі жан-жақты білімді маман болуы керек. Өйткені кез келген тақырыпта оқушы ұстазға сұрақ қоюы мүмкін. Ал мұғалімнің білмеймін деп айтуына хақы жоқ. Сондықтан мен сабаққа түнімен дайындалатын едім. 45 минут сабақтың әр минуты жоспарсыз болмайтын. Белгілі педагог Сухомлинский “45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа даяр бол” дейді. Менің тәжірибемде дайындықсыз сабаққа бару деген мүлде болмайтын еді. Сондықтан әр мұғалім өзінің беделі үшін жұмыс істеуі керек. Мұғалімнің мәртебесі туралы сөз қозғағанда баламен қарым-қатынас мәселесі бірінші орында тұруы тиіс. Қазір осы мәселе ақсап тұр. Ұстаз сабақ берумен ғана шектелмеуі керек. Әр баланың жағдайын, көңіл күйін білуі тиіс. Ал мектепте аға буын ұстаздар мен кейінгі буын әріптестердің арасында сабақтастық жібі үзілмеуі тіпті маңызды мәселе. Үлкендер кішілерге әрқашан жол көрсетуі керек. Ұстаз өзінің жүріс-тұрысына да абай болғаны жөн. Ол үшін мұғалімді дұрыс тәрбиелеу қажет.

Ең бірінші ұстазға білім керек. Білім мектепте қалыптасады. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін ұстаздардың өзі маман даярлауға жауапкершілікпен қарауы абзал. Мен Мәулітте таза орыс тілінде сабақ бердім. Орыс балаларының алдында күлкі болмас үшін әр сабаққа тыңғылықты дайындаламын. Одан бөлек, Леденево, Алматы қаласындағы №7 мектеп-интернатында, Кладбинка, Троицк орта мектептерінде жұмыс істедім. Әсіресе, Алматыдағы мектеп-интернатында қызмет еткен жылдары көп қиындық көрдім. Сабақ беруден басқа интернатта балаларды таңертең тұрғызу, кешке оларды түгендеп, ұйықтату маған жүктелді. Түн ішінде өзеннің бойымен жаяу үйге қайтамын. Ол кезде жеңіл көлік, ұялы телефон болмады. Оның үстіне кіші ұлым Бейбітке жүктімін. Қайда жұмыс істесем де, тыңғылықты, абыроймен орындауға тырыстым. Жамбыл аудандық білім бөлімінде де әдіскер болдым. Мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім. Семинар, ашық сабақтар үзбей өтетін. Жаңашыл ұстаздардың әдісі мұғалімдерге кеңінен таныстырылды. Одан кейін жолдасым қызмет бабымен қалаға ауысты. Бұл 1991 жыл еді. Ел үшін ең қиын кезеңдер. Кейін қазіргі М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын қазақ бөлімі ашылды. Әдіскер ретінде біраз тәжірибем болған соң, сол бөлімнің жұмысын ұйымдастыруға көмектестім. Орысша кітаптарды қазақшаға аударып, газет-журналдарды ақтарып, педагогикалық әдістеме дайындауға тура келді. Cөйтіп, зейнетке шықсам да колледжде 12 жыл жұмыс істедім. Кейін немерелерімнің тәрбиесімен айналысу үшін біржола жұмыстан қол үздім.

– Бүгінде сізді қандай мәселе толғандырады? Бала тәрбиесіне қатысты ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Ұстаз ретінде бала тәрбиесі мені қатты ойландырады. Қазір қоғамымызда тәрбие жағы ақсап тұр. Бала берік тәлімді отбасынан, әкесі мен анасынан, атасы мен әжесінен алуы керек. Ұлттық құндылықтар да, елжандылық рух та сол шаңырақта қалыптасады. Ит пен мысықтай тірлік кешкен ерлі-зайыптылардан, бір-бірін құрметтемейтін кемпір мен шалдан бала қандай өнеге алады? Керісінше мұндай отбасында өскен сәби қатыгез болмай ма?

Бүгінде ажырасу мәселесі жасарып кетті. Салдарынан тегін білмейтін ұл, жөнін білмейтін қыз көбейді. Соған жүрегім ауырады. Отбасының шайқалуы көп жағдайда әйелге байланысты. Әйел ақылды болса, отбасында береке орнайды.

– Сөзіңіз аузыңызда, осы ретте өзіңіздің отбасыңыз туралы да аз-маз сөз қозғай кетсеңіз. Өмірлік жарыңыз Қайыркеш Исманұлы да ел азаматы болды.

– Құдай қосқан қосағыммен 43 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кештік. Құдайға шүкір, ешкімнен кем болған жоқпыз. Асып-тасыған байлығымыз болмаса да, күйеуімнің ел алдындағы беделі менің де абыройымды көтерді. Маған одан артық не керек. Әрине, үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Екеуміз сөзге келген жағдайда, көбінесе мен үнедемей қаламын. Марқұм жұбайымның мінезі де шай орамал кепкенше. Ашуы тез қайтатын. Ақкөңіл жан еді.

Отбасында әйел сабырлы болуы керек. Бетжыртысып ұрысқаннан пайда жоқ. Әйел ер-азаматынан бір саты төмен тұратынын ұмытпауы тиіс. “Басқа пәле – тілден” деп текке айтылмаған. Тағы бір мәселе әйел үйді таза ұстағаны жөн. Таза, берекелі әйелден ер адам ешқашан кетпейді. Түз­ден келген жолдасыңның тамағы дайын тұруы тиіс. Қазір ажырасуға осы мәселелер түрткі болуда. Ал үйде қызға ақыл айтқанда жат жұрттық екенін еске салып отыру қажет.

– Орыстың бір жазушысы “Адамның шын мағынасындағы білімді болу үшін үш қасиет қажет – кең көлемді білім, ойлай білу және қайырымдылық сезім” деген екен. Қайырымдылық жасау екінің қолынан келе бермейтін ізгі қасиет қой. Менің білуімше, сіз қажылық сапар үшін жиған қаражатыңызды Қызылжардағы бір мешіттің құрылысына көмек ретінде бердіңіз. Оған не себеп болды?

– Жолдасымның қажылыққа баруға мүмкіндігі болмады. Өзім барамын деп қанша талпынсам да жұмыстан қол босамады, енді бірде денсаулығым жарамады. Тұңғышымыз Советтің қазасынан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Соның барлығын ойладым да, жинаған азын-аулақ қаржыны мешіт құрылысына жұмсап, өз үлесімді қосуды жөн көрдім. Сондықтан қажылық сапар маған бұйырмады, ұлым Бейбіт пен үлкен немерем Тимурға пайғамбар жасына жеткен соң қасиетті жерге табан тигізуді өсиет ретінде айтып отырамын. Менің басты мақсатым балаларымның жүрегіне иман ұялату. Ал имандылық – ізгі қасиет. Өскелең ұрпақ рухани бай болса, содан асқан бақыт бар ма? Қоғамда орын алған кейбір қатыгездіктер көңілге қаяу түсіруде. Сондықтан мейірім жоқ қоғамда береке де болмайтынын ұмытпауға тиіспіз. Ең бастысы, ұрпағым бақытты өмір сүргенін қалаймын. Құдайға шүкір, бес немерем бар. Алды оқу бітіріп, жұмыс істеуде. Немере ұлдардың үйленгенін көріп, шөберенің қолынан май жалау арманым.

– “Азамат келбеті”, “Дөңгеленген дүние-ай”, “Тоқта, балам! Ойлан, оян!” атты жарыққа шыққан бірнеше кітабыңыз бар. Жалпы шығармашылыққа қашан бет бұрдыңыз?

– “Азамат келбеті” деген кітапты жолдасыма арнап шығарған болатынмын. Кейінгі кітаптар педагогикалық тәжірибе мен өскелең ұрпақ тәрбиесіне арналды. Жалпы, шығармашылықпен айналысуға кейінгі жылдары ғана мүмкіндік болды. Мен кітап, газет-журнал оқымайтын ұрпақтан қорқамын. Өзгесін айтпағанда, қазір кейбір ұстаздардың өзі газет, кітап бетін ашпайды. Мені қынжылтатыны да осы.

Әңгімелескен

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp