Ислам діні иман сенімнен, ізгі амалдар жасаудан және жан дүниенің тазалығынан тұрады. Исламда сенім мәселелерін зерттейтін ғылым саласы – ақида, кәлам, усуладдин деген атаулармен аталады. Сенім турасында алғаш қалам тербеген салаф ғалымдардың ұстазы, біздің мазхаб иесі Абу Ханифа (р.а) еді. Ал енді амалдарды реттейтін білім саласы дінде “фиқһ” атауымен танымал. Оған намаз, ораза, қажылық, зекет сияқты амалдар жатады. Бұл айтылған амалдар арқылы біз адамның сыртқы көрінісін көреміз, ал адамның жан дүниесін, жүрегіндегі сезімін, ниетіндегі мақсатын Аллаға тапсырамыз. Адамның жан дүниесін жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеп, рухани кемелділікке жеткізетін “ихсан” білімі. Пайғамбарымыздың хадистерінде: “Ихсан дегеніміз Алланы көріп тұрғандай оған сиыну, құлшылық жасау, Алланы көрмесең де ол сені көріп тұр деп, құлшылықта болу”, – деген.
Негізінен адам баласы періште мен хайуанның арасындағы жаратылыс. Құдайын танып, тура жолмен жүрсе, періштелердей дәрежеге жетеді. Ал нәпсісінің жетегінде кетсе, ондай жағдайда Алланың алдында құрметі жоғалып, адасушылыққа түседі. Құранда “Наба” сүресінің соңғы аятында ондай адам: “Әттең, топыраққа айналып кетсем етті”, – деп, адам болып жаратылғанына өкінеді екен. Адам баласының дұшпандары көп. Бірінші дұшпаны – адамның өзі, яғни нәпсісі. Ислам ғалымдары адамның жанын тәрбиелеу арқылы, рухани дәрежелерге жетуге болатынын айтқан.
Нәпсіні тәрбиелеуде ниеттің алатын орны ерекше. Пайғамбарымыздың хадис шарифінде: “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Аллаһ пен оның елшісіне қоныс аударатын болса, онда ол Аллаһ пен оның елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім қол жеткізетін дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)”, – делінген. Ниеттің орны жүрек болып саналады. Адамның жүрегі сау болса, оның барлық амалдарына Алланың алдында сауаптар жазылады. Ал жүрегінде рухани бір ақау, ауру болса, онда оның барлық амалдары бекер болып, Алланың алдындағы жақсылықтарға жете алмайды.
Құранда Бақара сүресінің оныншы аятында: “Олардың жүрегінде дерт бар. Алла ол жүректеріңдегі ауруды арттырады. Жалған айту себепті олар үшін күйзелтуші азаптар бар”, – деген. Ниеттері түзу болмағандықтан, жалған сөйлеп алдаушылық жолына түскендіктен Алла оларға азап беретінін хабарлауда. Белгілі хадис танушылардың бірі Дарақутни ниет турасында Пайғамбарымыздың (а.с) мына бір хадисін келтіреді: “Алла тағала қиямет күні періштелеріне: “Пәленше деген құлымның амал дәптеріне “мынаны, мынаны жаз” деп бұйырады. Періштелер: “Уа, Раббымыз! Бұл пендеңнің ондай бір нәрсесін жазбадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ”, – дейді. Сонда Алла тағала: “Құлым мұны істеуді ниетіне алған еді”, – деп жауап береді. Сондықтан Пайғамбарымыз (а.с): “Мүміннің ниеті амалынан жақсы”, – деген.
Ниеттің дұрыстығы, тазалығы амал істегенде ең басты орында тұр. Қандай да бір амалды істеуді қаласақ, сауапты ниет қылып орындасақ, Алла алдында қабыл болмақ. Ал ниеті дұрыс болмаса, сырт көрінісі жақсы амал болса да, Алла ондай ниеті жаман амалға мұқтаж емес. Абу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыз (а.с): “Уа, Абу Һурайра! Осы үш адам тамық отын лаулататын алғашқылардан деп, ғалым, бай, шәйітті мысалға келтірген. Олардың ниеттері Алланың ризашылығы емес, өздерінің дүниелік мақсаттары үшін дінді пайдаланғандары үшін азапқа душар болған.
Бұл дүние уақытша, сынақ үшін жаратылған. Алла біздерді тек өзіне ғана құлшылық қылсын деп жаратқан. Адам баласы Алланың ризашылығына жетуден айнып, өзінің нәпсі қалауларына бас ұрса, ақиреттегі жағдайы мүшкіл болады. Алла баршамызды тура жолына бастасын.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
“Мухсин” мешітінің бас имамы.