Өнер – адам бойындағы ерекше қабілет. Кез келген адам өнерпаз бола алмайды. Шынайы талант қана тасты жарып шығатын таудың жусаны сияқты жарқ етіп көрінеді. Алайда шығармашылықты шыңдау, бойдағы қабілетті дамыту да үлкен еңбекті қажет етеді. Өнерге құштар, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін дарынды жастың бірі – Наурызбай Рүстемовтің еңбекқорлығы көпке үлгі.
Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылында дүниеге келген дарынды жігіт бала күнінен өнерге жақын болып өсті. Мектепті бітірген соң Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін педагог, мәдени демалыс ұйымдастырушы, халық аспаптар оркестрінің жетекшісі бейіні бойынша тамамдады. Студенттік шақта Наурызбай мәдени шараларға белсене қатысып, бірнеше аспапта ойнауды үйренді. Қазір ол домбыра, фортепиано, сырнай, флейта және ұрмалы аспаптарды шебер меңгерген.
Қолына дипломын алған соң аспандағы аққуға үнін қосқан Ақан сері, Үкілі Ыбырай дүниеге келген қасиетті мекенге оралып, өзінің туған жерінде өнерді дамытуды алдына мақсат етті. Бүгінде Айыртау аудандық Мәдениет үйінде жұмыс істейді. Түрлі мәдени шаралар мен концерттер, байқаулар ұйымдастырады. Өзі де облыстық өнер сайыстарына белсене катысады.
– “Армансыз адам, қанатсыз құспен тең” демекші әр адам арман қиялында өмір сүреді. Мен де кішкентай күнімде сахнада өнер көрсетуді армандайтын едім. Айнаға қарап өлең оқып, ән айтып өстім. Көгілдір экранның ар жағында ән айтып, аспапта ойнаған өнерпаздарды үлгі тұтып, сахнаға ғашық болдым. Сол бала арман мені алға жетеледі. Қойған мақсатыңа қол жеткізу үшін көп еңбектену қажет екенін түсіндім, – дейді Наурызбай Рүстемов.
Ол республикалық домбырашылар байқауында бағын сынап көрді. Жас дарын өнердің биік шыңдарын бағындырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізсем деп армандайды. Адам бір орында тұрып қалмауы керек. Сондықтан ұлттық өнерді дамытып, ән мен жыр, күй арқылы көрерменді рухани сусындатуға бар күшін салуға дайын.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.