«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қанатқақты жоба

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда волонтерлер көпқабатты тұрғын үйлерді басқаруда жиі кездесетін кемшіліктерді анықтады. Сондай-ақ тұрғындардың арасында сауалнама жүргізіп, үздік кооперативтердің рейтингісін шығарды. Бұл “Пәтер иелері кооперативтері жұмысында қоғамдық бақылауды дамыту” жобасы аясында жүзеге асырылды.

Петропавлда пәтер иелері кооперативтеріне мониторингті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “ПИК қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды. Қоғамдық бақылауды өткізбес бұрын 10 ерікті арнайы дайындықтан өтті. Кейін олар бір ай бойы өздеріне бөлінген көпқабатты тұрғын үйлерде жұмыс істеді. Қанатқақты жобаға облыс орталығының көпқабатты 20 тұрғын үйі қатысуға ниет білдірді.

– Қоғамдық бақылау бір айға жалғасты. Біздің волонтерлер көпқабатты үйлердің тұрғындарын сауалнамадан өткізіп, 300-ден астам пікір жинады. Бұл сауалнамаларда тұрғындар кооператив төрағаларының жұмысына қаншалықты көңілдері толатынын, үйдің шешуді қажет ететін қандай мәселелері барын айтып, сұрақтарға жауап берді. Пәтер иелері кооперативтерінің құжаттарын тексерді. Олар тұрғындардан жиналған төлемақыны қаншалықты дұрыс жұмсайтыны, есеп беру құжаттарының бар-жоқтығы, баспананы күрделі жөндеу үшін қосымша қаражат жинау мәселесі де тексерілді, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “ПИК қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяков.

Жобаның мақсаты – көпқабатты үйлерді басқарып отырған кооператив төрағаларын нәтижелі жұмыс істеуге ынталандыру. Өйткені қоғамдық бақылау барысында олардың кемшіліктеріне ғана емес, жетістіктеріне де назар аударылды. Бақылаудан кейін тұрғын үйді басқаруда кездесетін және жіберілетін ортақ кемшіліктердің тізімі жасалды. Олар: пәтер иелері кооперативтерінің атқарып жатқан жұмыстары жайында тұрғындарды құлағдар етпеуі, күрделі жөндеу жұмыстарына қор жасамау, ревизиялық комиссиялардың әрекетсіздігі, борышкерлермен тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеу.

Тұрғындардан да бірқатар ұсыныстар түсті, олардың ішінде кіреберістерді жуу үшін төлемді бөлек жинамай, ортақ сметаға енгізу, балалар алаңдарын абаттандыру, аулаларда автомобиль тұрақтарының мәселесін шешу, тұрғындармен байланыс орнату және тағы басқалары бар. 20 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен Интернационал көшесі, 29 үйдің “МИГ СКО” пәтер иелері кооперативі үздік деп танылды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp