Петропавлда екі жеңіл көлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жүргізушіге құтқарушылардың көмегі қажет болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 11 қыркүйек күні Петропавлдағы Я.Гашек көшесінде жол-көлік оқиғасы болғандығы жайында «112» нөміріне сағат 21.18 минут кеткенде хабар түскен. Зардап шеккен жүргізушіге құтқарушылардың көмегі қажет болған.
Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару отрядының құтқару бөлімшесі жетті. «Светофор» дүкенінің маңында «ВАЗ» және «Porsche Cayenne» соқтығысып қалған. «ВАЗ» жүргізушісінің аяғы сынып, қатты соққыдан көліктің есігі ашылмай қалған. Құтқарушылар бірден іске кірісіп, 1997 жылы туған ер адамды көлік ішінен алып шықты.
«Операция санаулы минуттың ішінде жүргізілді. Өйткені зардап шеккен жігіт ауыр жарақат алған екен. Гидравлика құралмен есіктің кілтін кесіп, ашып, ішінен абайлап жігітті алып шықтық. Зембілге салып, жедел жәрдем қызметіне тапсырдық.
Біз мұндай апаттық-құтқару жұмыстарына жиі қатысамыз. Полиция қызметкерлеріне көмектесіп, адамдарды құтқарамыз. Әрине, мұндай шақырту аз болса екен дейміз. Не болғаны анықталар, бірақ көп жағдай жүргізушіге байланысты. Жолда абай болыңыздар, жол жүру ережесін сақтаңыздар!», – дейді құтқару бөлімшесінің жетекшісі Виктор Держанский.
https://www.inform.kz/