«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты халыққа арнаған Жолдауын асықпай оқып шығып, ой елегінен өткізген соң алған әсерлерімді өзімнің сүйікті газетім арқылы оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім. Біле білгенге, тарихи құжаттың жаңалықтары көп. Ең бастысы, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында жариялануымен қоса пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму бағдарымызды қолға ұстатқандай нақтылап беруімен, көптеген түйткілді мәселелерді ашық айтуымен ерекшеленеді.

Жаһанда болып жатқан сан құбылмалы өзгерістер, тұтас адамзат баласына қауіп төндіріп тұрған эпидемиялық ахуал Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығы оңай болмайтынын анық аңғартты. Сондықтан етек-жеңімізді жинап, қауіп-қатерлерді ел болып еңсерудің, бұл бағытта бір кісідей жұмыла еңбек етудің жаңаша жолдары мен іс-қимылдарын іздестіру ғана қиындық шеңгелінен құтылуға жәрдемдеспек. Аждаһадай жалмаңдаған індеттің қарқыны әлі де қатты. Осы себепті Президент кез келген сын-қатерге дайын болуды, бұл орайда тынымсыз еңбектеніп, ұдайы алға ұмтылуды ескертті. “Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту”, – деп атап көрсетті. Ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан кезеңде ұстараның жүзіндей лыпып тұрған небір құбылмалы сын-қатерлердің кенеттен пайда болуы әбден ықтимал. Осындай ұрымтал тұстарда ұлттың ұйыса білуі аса маңызды. Жеті бөлімнен тұратын жүйелі реформалардың күн тәртібіне шығарылуы жаһандық дүниемен тығыз байланыстағы еліміздің өркендеуінің негізіне айналады деген сенімдеміз.

“Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы” деп аталатын бөлімде Тәуелсіздігіміздің кепілі этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтау бағытында тың міндеттер қойылды. Президент “Бірлігіміз – әралуандықта” деген басты қағидамыздың ешқашан өзгермейтінін шегелеп айтты. Әсіресе, соңғы кездері тағдырдың жазуымен мәңгілік көршілікті маңдайымызға жазған, тарихи-географиялық жағынан “ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, Ресей мемлекетінің кейбір саясаткерлері тарапынан ұлтараздықты тудыруға бағытталған шамшылдық әрекеттері қазақстандықтарды қатты алаңдатқанын жасыруға болмайды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен ресми қолданыстағы орыс тілінің арақатынасы туралы қайшылықты пікірталастардың да күшейіп кеткені рас. Осы мәселелерге тарихи құжатта парасаттылықпен жауап берілді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келе жатқанына бәріміз куәміз. Заңнамаға сәйкес орыс тілінің де қолданылу аясы белгіленген. Өкінішке қарай, қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихымыз бен мәдени мұрамызды сақтау мемлекеттік тілді білуден басталатынын сезінбейтіндер өз ағайындарымыздың арасында аз емес. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің 1984 жылы республикалық мәртебелі жиында ана тіліміздің мүшкіл халі жайлы баяндама жасап, Авгийдің ат қорасын мысалға келтіре отырып, алдымен өзімізден бастайық деген ұсынысы бүгін де өзекті. Жүрегі “мен қазақпын” деп соққан әр азаматтың, әр отбасының ұл-қыздарын ана тілінде оқытуына елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек бір жылдың ішінде ғана облыс орталығында бірнеше қазақ мектебінің бой көтеруі – сөзіміздің бір дәлелі.

Меніңше, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп, түсіндіру шараларын тынымсыз жүргізуде бірінші кезекте білім мекемелері ұйытқы болғандары жөн. Кейбір мемлекеттік басқару орындарының, жекеменшік мекемелердің басшылары тіл саясатын жүргізуде енжарлық танытып жататынын кездестіріп жүрміз. Қоғамда көптен бері айтылса да, әлі күнге дейін шешімін таппай отырған бір жайт – мемлекеттік қызметке қабылданатын қызметкерлердің белгілі дәрежеде мемлекеттік тілді білу талабы. Осы мәселе заңдастырылып, қазақ тілін меңгерудің тетіктері мен механизмдері қарастырылса, жауапкершілік те, үйренуге деген құлшыныс, құрмет те артар еді. Өйткені жергілікті биліктегілер жиналыстарды негізінен орыс тілінде өткізіп, мемлекеттік тіл оның көлеңкесінде қалып қояды. Іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізудің орнына көбіне аудармамен шектеліп жатады. Осындай бойкүйездікке, немқұрайдылыққа тосқауыл қоймай болмайды. Ол үшін екі тілді жетік білетін мамандар даярлаудың, қызметке алғанда жеңілдіктер жасаудың тиімді жолдарын қарастырған абзал. Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін азаматтарымызға қазақ тілін білуге қатысты қолданылып жүрген тест жүйесін алып тастап, оның орнына мемлекеттік тілде сөйлеу және жазу дағдысын нақты анықтайтын өлшем бекіту қажет. Сонда мемлекеттік тілге деген көзқарас та өзгерері күмәнсіз.

Жолдаудың өзекті тағы бір тұсы, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған 25 міндеттен бөлек жаңа бес бастаманың ұсынылуы дер едік. Өңірлік саясатты одан әрі жетілдіру қағидатына “көлеңкелі” экономиканы тежеуді, жекеменшік банктерге халықтың есебінен баюға жол бермеуді, ауыл әкімдерін жергілікті халықтың сайлау тәжірибесін алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлау арқылы бекіту міндеттерін қосар едік.

Ардагер ұстаз ретінде “Сапалы білім беру” туралы үшінші тарауды ерекше жылылықпен қабылдадым. Ұстаздарды әлеуметтік қолдаудың жалғаса беретіні, олардың білімін жетілдіруді енді бес жылда емес үш жылда өткізу – бірден-бір дұрыс шешім. Жасыратыны жоқ, ата-аналар тарапынан мұғалімдердің біліміне қатысты сын-пікірлер аз айтылмайды. Оны өзіміз де кездестіріп жүрміз. Адам төзбейтін мұндай ахуалдың ақыры қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына соқтыруы әбден ықтимал. Жаhандық өзгерістердің талабы сол, кез келген түлектің білімі еңбек нарығының сұранысына сайма-сай, дәлме-дәл келуі тиіс. Онсыз озық технологияларды, IT-бағдарламаларды игеру мүмкін емес. Білім беру жүйесі оңтайлы болғанда ғана кез келген жетістіктерге қол жеткізе аларымыз даусыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жастың оқу оқымайтыны, жұмыс істемейтіні ойландырмай қоймайды. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы түрде түссе, 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары екен. Бәрінің жоғары білім алуға жағдайы да, қаражаты да жете бермейтіні белгілі. Сондықтан сұранысқа ие мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін болуы керек деген талап ауылдық балаларға жасалған қамқорлық екені сөзсіз. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға қажетті жұмысшы мамандығын игерту мәселесі де құптарлық.

Қазақ ауылдарының негізгі ошағы – білім үйлері. Ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыру мәселесіне білім мекемелері мен атқарушы биліктің аса мұқият, өте абай болғаны жөн. Себебі бала саны аз мектептер осы принципті ұстанатын болса, материалдық базасы төмендеп кетпей ме деген қауіп жоқ емес. Екіншіден, ауқатты азаматтар балаларын жекеменшік мектептерге беруге бейім. Тәжірибелі ұстаздар да жоғары жалақыға қызығып, жылы орындарын тастап, ауысуға мәжбүр. Жалпыға бірдей оқу заңын жүзеге асырамыз десек, мемлекеттік мектептерді көбейту, ондағы еңбекақыны жекеменшік мектептермен теңестіру, материалдық базаны жақсарту жұмыстарын жеделдету керек.

Президент Жолдауы ата-бабаларымыздың аңсаған Тәуелсіз мемлекетін дамыту жолындағы басты міндеттерді айқындап берді.

Қажымұрат НӘСИЕВ,

білім беру саласының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp