Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq арқылы үй карантинін бұзған 600-ге жуық адам анықталды, олардың 333-інің «қызыл» мәртебесі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде 2603 нысан Ashyq жобасына қосылған, олардың 49-ы тестілік режимде жұмыс істеп жатыр.
«Ashyq жобасына ауылдық жерлерде де белсенді қосылып жатыр. Қазір қосымшамен жұмыс істейтін субъектілердің 54 %-ы – облыс аудандарында орналасқан. Жоба өз нәтижесін беруде. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сүйенсек, жүйе өңірде жүзеге асырылғалы үй карантинін бұзған 563 адам анықталған. Олардың 333-інің «қызыл», 230-ының «сары» мәртебесі болған», – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.
«Қызыл» мәртебелілер – COVID-19-ды жұқтырғандар болса, «сары» мәртебесі барлар – ауырғандармен байланыста болғандар. Олардың екеуі де қауіпті вирусты басқаларға жұқтырмауы үшін оқшауланып, үй карантинінде отыруға міндетті.
Бұған дейін СҚО-да 208 мың адамның коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсынан өткенін хабарлаған едік.
https://www.inform.kz/