Солтүстік Қазақстан облысында биыл интернет алаяқтық екі есе артып, сегіз айдың ішінде 460 дерегі тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет алаяқтық қылмысы жыл санап артып келеді. Биыл өңірде 460 дерегі тіркелген, бұл өткен жылмын салыстырғанда екі есе көп. Қылмыстың бұл түрін ашу оңай емес, өйткені қаскүнемдер облыс аумағынан алыста, тіпті шетелде отырып әрекет етуі мүмкін. Биыл ұсталған күдіктілердің тек 21-і ғана облыс тұрғыны болса, қалғандары басқа облыстарда, елдерде тұрады.
«Жасалған қылмыстарды сараптай келе байқағанымыз, алаяқтар тауарға да, көрсетілетін қызметке де алдын ала төлем жасауды сұрайды. Қаскүнемдер танымал хабарландыру сайттарында өз құрбандарын іздейді. Мәселен OLx.kz сайтында осындай 153 хабарландыру анықталды. Бірақ олар кез-келген интернет-алаңда жұмыс істей берулері мүмкін. Instagram парақшасында – 49, Kolesa.kz сайтында – 11, басқа әлеуметтік желілерде 11 жалған хабарландыру табылды. Олар нарықта не сұранысқа ие, соны ұсынады. Ол қызмет, не тауар болуы мүмкін. Жаңа оқу жылы қарсаңында жалға берілетін пәтерлерге қатысты жалған хабарландырулар көбейді, осындай сегізін анықтадық», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.
Тәртіп сақшысының айтуынша, екінші кең тарлған интернет алаяқтық – «банктен қоңырау шалу». Алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметкерімен деп таныстырып, хабарласып тұрған адамының жеке мәліметтерін, банк шотының нөмірін, sms-пен келген құпия сөзді алуға тырысады.
«Бүгінде алаяқтықтың түр-түрі бар. Кейбірі айналымға ақша алып, пайызын өсіріп беремін деп уәде етеді. Енді бірі жұмысқа орналастырамын деп ақша алса, тағы бірі «сыйлықтарды» ойнатады. Киберқылмыскерлер компьютердегі мәліметке қол жеткізу үшін алыстан басқаруға болатын қосымшаларды түрлі сылтаулармен орнатуды ұсынады. Сондықтан тұрғындарды абай болуға, интернет арқылы сауда жасағанда алдын-ала төлем жасамауға, танымайтын адамдарға жеке мәліметтерді бермеуге шақырамыз», – дейді Виталий Подчернин.
https://www.inform.kz/