«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫН КҮННІҢ ШУАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздіктің әр сәті қымбат, әр күні қастерлі. Сондықтан да егемендікті еншілегеннен бастап оның әр сағатын, тіпті минутын жасампаз істер арқылы жарқырата, жайната түсуге талпынып келеміз. Бұл ретте 2007 жылдың ел тарихында алатын орны ерекше. Азаттықтың рухы әр жүректе берік орныға бастады, жас ұрпақтың санасында жаңғырды, бейнелеп айтатын болсақ, қалың қазақтың көркіне айналды, жер-жерлерде атқарылып жатқан игілікті жұмыстардың барлығы дерлік Тәуелсіздіктің абыройын асқақтатуға, мәртебесін мәуелете түсуге арналды.

Алтын күннің шуағы сен – Азаттық!

Өр рухымның қыраны сен – Азаттық!

Алашымның ұраны сен – Азаттық!

Қиялымның пырағы сен – Азаттық! – деп жырына тұздық ететін ақындар қатарының да молая түсуі содан болса керек.

2007 жылдың қазақ халқы үшін табыс пен жетістіктерге толы болғанын, мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің қанатын қатайтып, буынын бекіте түскенін өткен күн белестерінен аңғаруға болады. Көз жүгіртіп көрейікші: осы жылы Қазақстанның жалпы алтын валюта резервтері Ұлттық қордың қаржысын қосқанда 40 млрд. долларға жетті. Банк жүйесіндегі депозиттер 3,5 триллион теңгені құрады. Отандық зейнетақы қорларындағы жинақтың өсімі 1,1 триллион теңгеден асып түсті. Елдегі ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 7 мың долларды еңсерді. Осы жылы Қазақстанда 22,5 миллион тоннадан астам астық орылды. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болатын. Қазақстан – астық өндірісінің жан басына шаққандағы көлемі мен ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Сол жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қамбасына құйылатын алтын дәннің негізгі бөлігі Қызылжардың құнарлы топырағында өсетінін тілге тиек етіп, жергілікті диқандардың еңбектеріне серпін берді.

Республикамызда үш жылдың ішінде салынуы тиіс 100 мектеп пен 100 аурухананың алғашқыларының іргетасын қалау жұмыстары да осы жылы басталып кетті. 2007 жылы ел бойынша 65 мектеп ашылды. Орташа еңбекақы көлемі 51 мың, дүниеге келген әр сәбиге берілетін жәрдемақы 35 мың теңгеге жетті. Бұл қуанышқа еліміздегі көптеген отбасылар қол жеткізе алды.

Экономикамен қоса саясаттағы жаңғырулар да осы жылдың еншісінде үлкен рөл атқарды. Атап айтқанда, Елбасының тікелей бастамасымен Ата Заңға Қазақстанның бұдан былайғы даму бағытын нақты айқындап берген түзетулер енгізіліп, бұл Қазақстан демократиясы үшін тарихи жыл болды. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрын Мемлекет басшысының құзырында болып келген бірқатар өкілеттіктер Парламентке беріліп, заң шығарушы органның өкілеттілігі кеңейді. Іс жүзінде Қазақстан президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшті. Парламент депутаттарының саны 38 адамға ұлғайып, 154-ке жетті. Осыған орай жаңа құқықтық алаңда қызмет ету үшін Мәжіліс өзін-өзі таратып, жаңадан сайлау өтті.

2007 жылдың еншісіндегі Қазақстанның тағы бір жетістігі – еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы шешімнің шығуы. Испания астанасы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің барлығы бірауыздан Қазақстанның 2010-шы жылы аталған ұйымға төрағалық етуін қолдады. Бұл, шын мәнінде, халықаралық аренадағы еліміздің абыройын тағы бір асқақтатқан айтулы оқиға еді. Осы шешімімен әлемдік қоғамдастық Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында экономика, саясат, әлеуметтік салаларда қол жеткізген табыстарын мойындады.

Қазақстанның әлемдік аренада Тәуелсіз мемлекет ретінде таныла түсуіне Қызылжар өңірінің де қосқан үлесі орасан. Оны “солтүстіктің қақпасы” саналатын өңірдегі айтулы оқиғалар, ілкімді істерден анық аңғаруға болады. Бұл жылы облыс бойынша орташа айлық жалақы 26,4 пайызға өсіп, 33,8 мың теңгені құрады. Солтүстік Қазақстан облысының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясының әзірленуі және қабылдануы маңызды оқиғалардың біріне айналды. Еліміздегі аграрлық саясатқа сәйкес агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыту қамтамасыз етілді. Бұл туралы өңіріміздің сол кездегі әкімі Тайыр Мансұровтың халыққа берген есепті баяндамасында жан-жақты сөз болған. “Облысымыз солтүстіктегі астықты өңірлердің арасында дәнді-дақылдардың шығымдылығы жөнінен биыл үшінші жыл көш басында келеді. Облысымыз аграрлық секторды техникалық қайта жарақтандырумен белсенді түрде айналысады. Үстіміздегі жылы 17,7 миллиард теңгенің осы заманғы техникасы сатып алынды”, – делінген баяндамада.

Егемендіктің елең-алаң шағынан бастап жүзеге асырыла бастаған индустриялық-инновациялық саладағы байланыстардың да көкжиегінің кеңейгені 2007 жылы атқарылған жұмыстардан көрінеді. Петропавлдағы “Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы Ресейдің “Ижевск радио зауытымен” бірлесе отырып кешенді локомотив қауіпсіздігі тетігін, радиостанциялар, сондай-ақ автоматика және телемеханика блоктарын өндіруді қолға алды. “ПАМЖЗ” акционерлік қоғамы немістің және жапонның фирмаларымен тығыз байланыс орнатты. Осылардың арқасында 2007 жылдың алты айында облысымыздың өнеркәсіп өндірісі 21958,9 миллион теңгенің өнімін шығарды. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда өсім 0,6 пайыз болды.

2007 жылы өңіріміздегі автожолдарды қайта жөндеу үшін тұңғыш рет республикалық бюджеттен 550 миллион теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде облыс орталығы мен бірқатар аудандарда жол сапасы жақсарып, тұрғындардың көңілдеріне қуаныш ұялады.

Солақай саясаттың салқыны тиген солтүстік өңірлерді қазақыландыру мәселесі еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы алмағайып жылдардан бастап жандана бастағаны мәлім. Бұл 2007 жылы да тоқтап, тұралап қалмады. Сол жылы Қызылжар өңіріне квота бойынша Өзбекстаннан, Ресей мен Моңғолиядан 570 отбасы көшіп келді. Олар облыс орталығы мен аудандарға қоныстандырылды.

Сайдың тасындай небір сайыпқырандар мен дара тұлғаларды құндақтаған киелі Қызылжардың руханияты да кенжелеп қалған жоқ. 2007 жылы қазақ мәдениеті мен әдебиетін дамыту үшін атқарған жұмыстар аз болмады. Солардың бірі – сөз зергері, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов пен қабырғалы қаламгер Сафуан Шаймерденовтің 105 және 85 жылдық мерейтойларының аталып өтуі. Осынау мерейтойларға орай өңіріміздің барлық аудандары мен мәдениет, білім ордаларында тағылымды кездесулер ұйымдастырылып, Қызылжар топырағынан нәр алған қос жазушының ғұмырдариялары үлгі етілді. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында Шал ақын бабамыздың ескерткіші орнатылды. Оның авторы облыс орталығындағы Абай мен Пушкин ескерткішін сомдаған сәулетші Қазбек Сатыбалдин. Тағы бір атап өтерлік оқиға, іргесін Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Қошке Кемеңгерұлы сынды алаштың ардақтылары қалаған байырғы басылым – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жаңа ғимараттың берілуі қаламдарын қару еткен журналистер қауымын ғана емес,көзі ашық көкірегі ояу оқырмандарды да қуанта түсті.

Бұл жылы қазақ тілінің өрісін кеңейтуге бетбұрыстар жасала бастады. Атап айтқанда, өңірімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің таңдаулы 750 оқытушысына гранттар салтанатты жағдайда тапсырылды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті СҚУ жанынан Тіл және әдебиет институты ашылды. 20 мың данамен “Қазақ тілі” оқулығы басылды. Бұл кітап мемлекеттік тілді меңгеремін деген жандардың армандарының жүзеге асуына демеу болды.

2007 жылы облысымыздың бар аумағында құрылыс қарқыны жоғарылады. Зәулім үйлер, жаңа нысандар солтүстікқазақстандықтардың болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті. Облыс орталығындағы 20-шы шағынаудан жаңа кейіпке ене бастады. Бұл жерде көпқабатты үйлер тұрғызылып, бір жылдың ішінде бес бірдей баспана пайдалануға берілді. Тимирязев ауданының орталығында зәулім мектеп ашылды. Бұрын бірде-бір ауданда мұндай білім ордасы салынбаған еді. Сонымен қатар Ақжар ауданында жаңа аурухананың қазығы қағылды, 200 орындық емханасы бар бұл аурухананы тұрғызуға бір миллиард теңгенің жұмсалуы нысанның қандай екендігін анық аңғартады. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында туберкулезге қарсы жаңа диспансер ашылды. Диспансер елу орындық ал кешеннің құрамындағы емхана тоқсан адамды қабылдай алады. Оның барлық емдеу бөлмелері осызаманғы жабдықтармен жарақтандырылған.

Иә, 2007 жылы ел егемендігінің еңселене түсуіне сеп болған жағымды жаңалықтар, елеулі оқиғалар аз болмады. Мұның бәрі әрбір қазақстандыққа азаттықтың алтын Күннің шуағындай жылуын сездірткендей еді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp