«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аудан тынысымен танысты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихаттың жанында жұмыс істейтін тұрақты комиссияның кезекті көшпелі отырысы Жамбыл ауданында өтті. Комиссия төрағасы Еркебұлан Мәмбетов бастаған халық қалаулылары жұмыс сапарын егін жинау жұмыстарының барысымен танысудан бастады.

“Агротехника Жамбыл” ЖШС-і егіншілікпен айналысады. Егін оруға ұйымшылдықпен кірісіп, 13925 гектар алқаптың дәнді дақылдарын жинауды аяқтауға жақын. 12 комбайн тоқтаусыз жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, серіктестікте Абердин-ангус тұқымдас ірі қара өсіріледі. Агроқұрылымда 98 адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақы жүз мың теңгеге жуық.

Тұрақты комиссия мүшелері аудан әкімі Марат Ескендіровпен бірге Пресновка – Қайранкөл ауылдарын байланыстыратын тасжолдың жарамсыз учаскелерін бірге аралап көрді. Әңгіме барысында жолды қалпына келтіруге облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты мердігерлер азсынып отырғаны белгілі болды. Одан әрі халық қалаулылары Қайранкөл ауылына ат басын тіреді. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша бұрынғы балабақша ғимараты мәдени-демалыс орталығына айналдырылған. Қайта жаңарту жұмыстарына 123 млн. теңге бағытталған. Нысанның жалпы ауданы – 586,6 шаршы метр. Жиһаздармен, спорттық құралдармен жабдықталған. Тренажер залы, кітапхана, конференц зал, демалыс бөлмесі, әдіскер кабинеті, бильярд залы, балалардың ойын бөлмесі жабдықталған.

Депутаттар Жамбыл ауылында да болып, 600 бас сауын сиырға арналған “Алисарай” тауарлы-сүт фермасы құрылысының барысымен танысты. Заманауи кешенді тұрғызуға 650 млн. теңге жұмсалмақ. Сүт фермасының басшысы Арман Қасымғожинның айтуынша, Германиямен асыл тұқымды мал сатып алуға келісімшарт жасалыпты.

Халық қалаулылары еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушыларға мемлекеттік бағдарлама бойынша арналып салынған үйлердің сапасын тексерді. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы” бойынша 2019 жылы – 17, 2020 жылы 44 тұрғын үй алған. 2021 жылы тағы 46 баспана салуға 375 млн. теңге бөлінген. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Сағындық Асылтасов айтып берді.

Депутаттар “Атамекен Агро” ЖШС-де де болды. Серіктестік мал бордақылау алаңын іске қоспақ. 750 бас Абердин-ангус тұқымды ірі қара әкелуді жоспарлап отыр. Жоба құны – 600 млн. теңге. Серіктестіктің басшысы Сайлаубай Әубәкіров алда атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Майбалық ауылына кіре берістегі жолды орташа жөндеу екі жылға жоспарланған. Құны – 245 млн. теңге. Мердігер – Валерик Маргарян жетекшілік ететін “Новинтех” ЖШС-і. Депутаттар жол жөндеуді кестеден кешіктірмеу қажеттігін ескертті. Қомақты қаржы бөлінсе де, жол сапасы сын көтермейтініне нақты мысалдар келтірді.

Халық қалаулыларының келесі ат басын тіреген елді мекені – Благовещенка. Мұнда бірнеше нысанға жылу беретін биоотын қазандығы орнатылып, балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Депутаттар Қожаберген жырау бабамыз жерленген қорымға барып, аруаққа тағзым етті, Құран бағыштады.

Жұмыс сапары комиссияның көшпелі отырысында қорытындыланды. Онда аудан әкімдігі қызметкерлерінің инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша есептері тыңдалды. Орақ науқанының барысы, қысқа мал азығын дайындау, шешімін таппай жатқан басқа да мәселелер туралы сөз болды.

Қайрат САДЫҚОВ,

облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp