«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауру екі есе азайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Репсубликасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында “Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы” баспасөз конференциясы өтті.

Брифингте алдымен Қостанай облысындағы эпидемиологиялық ахуал бойынша баяндама жасалды. Одан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев өңірде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Өңірде коронавирустың таралуына қатысты жағдай тұрақты. Аурудың алдын алу мен вакциналау шаралары жалғасуда. Пандемия басталған кезеңнен бері 23354 адам ауру жұқтырды. Соңғы тәулікте 75 адамнан инфекция анықталды. Науқастардың 92 пайызы емделіп шықты. 181 адам қайтыс болды. Қазір ауру жұқтыру көрсеткішінің екі есе азайғаны байқалады. Осыдан үш апта бұрын бір тәуліктің ішінде ауру жұқтыру көрсеткіші 171 адамға жеткен еді, – дей келе, Асқар Жоламанұлы коронавирусқа шалдығушылар ішінде егде жастағы тұрғындар саны басым екенін жеткізді.

Қазір медициналық ұйымдар штаттық режімде жұмыс істеуде. Ауруханаға жоспарлы емдеуге жатқызу тоқтаған жоқ. Тұрғындар үшін барлық медициналық көмектер қолжетімді. Емдеу мекемелерінде “COVID-19” инфекциясы бойынша 1715 орын қарастырылған. Қазір қосымша 775 орын бар. Жан сақтау бөлімдері 58 пайызға толған. Жалпы жан сақтау бөлімдеріндегі төсек-орын саны – 115. Қазір аталмыш бөлімдерде 60-тан астам науқас бар. Соның 22-сі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Стационарлық және амбулаторлық деңгейде екі айға дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Брифинг барысында өңірде тұрғындар арасында вакциналау шаралары белсенді жүргізіліп жатқаны айтылды. Бүгінде облыста 102 екпе егу кабинеті, 62 жылжымалы бригада, 8 медициналық кешен жұмыс істейді. Қазір 209 мың адам вакциналаудың толық курсынан өтті. Асқар Жоламанұлы облыста үстіміздегі жылдың 1-13 қыркүйек күндері аралығында 9 балабақша тәрбиеленушісі мен 129 мектеп оқушысы арасында коронавирус инфекциясы тіркелгенін атап өтті. Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында мұғалімдер, оқушылар, студенттер арасындағы күнделікті мониторинг жүргізіледі.

Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов жалпы өңірде 1456 бала коронавирус инфекциясын жұқтырғанын, 1263-і аурудан айыққанын жеткізді. Бүгінде 193 бала медициналық мамандардың бақылауында болса, 16-ы стационарлық ем қабылдауда.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp