«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Диқандарға демеу

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығы саласы қай елде болмасын мемлекеттің қолдауына зәру. Тіпті, дамыған елдердің өзінде тауар өндірушілерге демеуқаржы бөлініп, қуаңшылыққа ұрынған, не басқа да табиғи апатқа тап болған жағдайда сақтандыру қоры арқылы өтемақы төленеді. Әр елде қабылданған бағдарлама әртүрлі болғанымен, бәрі елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы өнім өндіруге бағытталған. Қазақстанда диқандарға жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп, ұлттық компаниялар арқылы жүзеге асырылады. Сондай компаниялардың бірі – “Қазагроқаржы” акционерлік қоғамы. 20 жыл бойы диқандардың машинатрактор паркін жаңартуға, асылтұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген пайыздық үстемемен несие беріп, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына жағдай жасайды.

Әсіресе, биылғыдай қуаңшылық белең алған жылы диқандардың қолдауға мұқтаж болып отырғаны жасырын емес. Осындайда мемлекеттің көмегі керек-ақ. “Қазагроқаржы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы биыл өңір диқандарына 700 техника сатып алу үшін 25 миллиард теңге бөлді. Бұл – үлкен қолдау. Мәселен, Тайынша ауданындағы “АСТЫК-STEM” ЖШС-і соңғы 3 жылда 1,5 миллиард теңгенің техникасын сатып алған.

– Биыл көктемде астықты суаруға арналған екі техника, комбайн мен трактор сатып алдық. Бәрі заман талабына сай техникалар. Мысалы, суаруға арналған қондырғылар смартфон арқылы басқарылады. Телефон арқылы-ақ бар ақпаратты алып, іске қоса бересің. Бұл – уақытқа үнем. Ақау шықса да қашықтан біліп отырамыз. Пайызы төмен, мемлекеттен қолдау бар. Осының арқасында жұмыс та жеңілдеді, – дейді серіктестік басшысы Сергей Звольский.

“Қазагроқаржы” АҚ өңірлік филиалының басшысы Бейбіт Сыздықовтың айтуынша, тапсырыс берген диқандарға техника уақытында жеткізіледі. Өтініш мақұлданса, сұрағанын дер кезінде әкеліп береді.

– Лизингтің артықшылығы – қосымша кепілдіктің қажеті жоқ. Несиеге алған техникасы кепілдікке қойылады. Сатып алатын тауардың 15 пайызын жарна ретінде төлейді. Үстемеақы мөлшері 17 пайыз, бірақ оның 10 пайызын мемлекет өтеп береді, – дейді Бейбіт Сыздықов.

“Ескіні құрағанның есі кетеді” дейді халық даналығы. Сондықтан диқандар шамасы келгенше жаңа техникаға ұмтылады. Онысы түсінікті де, заманауи техниканың әлеуеті зор. Әрі жиі бұзылып, мазаны алмайды, бастысы қуатты техника ысырапсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ескі тракторларға қарағанда жаңа кешендер бірнеше қызметті қатар атқарады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp