«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕ АТАУЛАРДАН ҚҰТЫЛАР КҮН ЖАҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толады. Осы сындарлы жылдарда халық игілігі үшін көптеген игі істер атқарылды. Дегенмен, ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, әлі біржақтылы шешімін таппаған дүниелер баршылық. Солардың бірін тілге тиек етер болсақ, кей елді мекендер мен ондағы көшелердің әлі күнге дейін кеңес кезіндегі атаудан арыла алмай келе жатқаны қынжылтады.

Бұл тек бір өңірдің ғана проблемасы емес, тұтас республикаға тән жағдай. Өйтке­ні үлкен қалаларда да кей көше атауларының сол күйі еш өзгеріссіз тұрғанын байқау қиын емес. Әсіресе, еліміздің теріскей өңірлерінде көше атауларының көбі бұрынғы күйінше тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атаулары тарихи және дәстүрлі атауларға ауыстырылуы қажеттігін айтқан болатын. Ары бармай-ақ қояйық, Тұңғыш Президентіміз тапсырма бергеннен бергі уақыт ішінде-ақ еліміздегі барлық көшелер мен даңғылдардың атаулары өзгеріп болуға тиісті еді. Алайда бұл іс әлі де баяу атқарылуда.

Мамлютка қаласында да көптеген көшенің атауы әлі күнге қазақшаланбаған. Орталық көше Лениннің атымен аталады. Осы жөнінде қала әкімі Еркін Самарханұлына сауал тастадық. Оның айтуынша, аталған бұл мәселе өткен жылы шешімін тапқан. Яғни, 2020 жылы 18 қарашада онлайн режімде, яғни ZOOM платформасы арқылы қала тұрғындары арасында қоғамдық талқылау жүргізіліп, хаттама толтырылған. Маңызды жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы, Мамлют ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, сондай-ақ белсенді қала тұрғындары қатысқан.

Онда тек орталық көше ғана емес, Ленин, Дзержинский, Киров, Крупская, Калинин, Фурманов, Куйбышев, Матросов, Базарная площадь, О.Кошевой, Комсомольская, Коммунальная және Карл Маркс аталатын 13 көшенің атауы бірден ауысатын болып шешілген. Бірақ республикада халық санағының өтуіне байланысты үйлердегі мекенжай тақтайшалары ауыстырылмаған. Үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап жаңаланатынын жеткізді.

– Біз халықтың пікірін ескере отырып, ономастика саласында тиісті іс-шаралар жүргіздік. Мамлютка қаласында ономастикалық жұмыс Қазақстан Республикасының осы саладағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына, республикалық ономастикалық комиссияның әдістемелік ұсынымдарына, сондай-ақ “Рухани жаңғыру” бағдарламасының қағидаттарын іске асыру шеңберінде жүргізілді, – дейді Еркін Самарханұлы.

“Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Қазақстан Республикасы Заңы­ның 35-бабы 2-тармағына, “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабына сәйкес қала көшелеріне атау беру үшін тұрғындардың келісімі қажет. Сондықтан әкімдік көшелердің атауын өзгерту үшін Мамлютка қаласы тұрғындарының жергілікті қоғамдастығының жиналысын өткізген. Әкімнің айтуынша, республикалық ономастикалық комиссияның ұсынысы бойынша көшелерге Қазақстан Республикасының атақты адамдарының, еңбек сіңірген тұлғаларының есімдері берілуі тиіс. “Бастапқыда 20 көшенің атауын өзгерту ұсынылды, бірақ біз 13 көшеге тоқтадық” – дейді әкім.

Енді Ленин көшесін – Абылай хан, Дзержинский көшесін – Александр Затаевич, Киров көшесін – Әлихан Бөкейханов, Крупская көшесін – Евгений Брусиловский, Калинин көшесін – Григорий Потанин, Фурманов көшесін – Құрманғазы, Куйбышев көшесін – Шәмші Қалдаяқов, Матросов көшесін – Қожаберген жырау, Базарная площадь көшесін – Иван Шухов, О.Кошевой көшесін – Достық, Комсомольская көшесін – Мұхтар Әуезов, Коммунальная көшесін – Шоқан Уәлиханов, Карл Маркс көшесін – Жамбыл деп атайтын боламыз.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулы етуімен және облыстық мәслихаттың шешім қабылдауы нәтижесінде Мамлют ауданының Ленин ауылдық округі бұдан былай Бике ауылдық округі болып қайта аталатыны белгілі. Енді тұрғындар жол бойындағы Покровка атауын өзгертуді қалап отыр. Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында әр ауданда 30 ауыл мен көшенің атауы ауысса деген тілек бар.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp