Ресейдің Қазан қаласында ТМД елдерінің ойындарында солтүстікқазақстандықтар жүлдегер атанды. Байрақты бәсеке 13 спорт түрінен ұйымдастырылып, 15 мемлекеттен 1500-ден астам спортшы қатысты. Тай боксынан ел қоржынына 1 алтын, 6 күміс және 4 қола медаль түсті. Жүлденің 4-уі жерлестеріміздің еншісінде.
Жерлесіміз Шамиль Ермағамбетов алтыннан алқа тағынды. Солтүстікқазақстандық спортшы 54 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жарысты жартылай финалдан бастады. Алдымен ресейлік қарсыласынан басым түссе, ақтық кездесуді беларуссиялық былғары қолғап шебері ұтты.
71 килограмм салмақта Руслан Заякин күміс медальға қол жеткізсе, 91 килограммнан жоғары салмақтағылар санатында Евгений Зимин де екінші орынға табан тіреді. Қыздар арасында Роза Величко жақсы өнер көрсетті. Бұрымды боксшы халықаралық додада күміс жүлдегер атанды.
Облыстың аға жаттықтырушысы Иван Ван-Хон-Тунның айтуынша, бұл жолғы жарыс жас спортшыларға үлкен сынақ болды. Өңір командасы халықаралық сайыстан мол тәжірибе жинап қайтты.
– Ойындарға 5 спортшыны апардық. Оның 4-уі жүлдегер атанды. Бұл спорт түрінен жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға жайғасты. Алда Тайландта желтоқсан айында өтетін Әлем чемпионаты бар. Онда да тәрбиеленушілерім топ жаратынына сенімдімін, – деді Иван Ван-Хон-Тун.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.