Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының XXIII-ші жаңа маусымы басталды. Сахнагерлер көрермен назарына “Ысқақ” атты спектакльдің премьерасын ұсынды.
Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Ысқақ Ыбыраевтың 110 жылдығына орай сахналанған вербатим драмасының қоюшы-режиссері көкшетаулық Фархадбек Қанафин, ал пьеса авторы аталмыш театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, жас ақын Нұрислам Әбділ. Жаңа қойылым сахналанбас бұрын баспасөз конференциясы өтті. Жиынға қатысқан облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Сағындықов даңқты батыр Ысқақ Ыбыраевтың көзін көрген аға ұрпақ өкілі ретінде естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
– Мен Ысқақ Ыбыраевты алғаш рет 1955 жылы көрдім. Ол кісі Октябрь ауданының орталығы – Марьевка ауылында аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарды. Сондай салмақты, артық сөзі жоқ, байсалды адам болатын, – дей келе Болат Мағазұлы облыс орталығында батыр есімі берілген Ысқақ Ыбыраев көшесінің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Еңбек ардагері мерейтой аясында батырға тағзым ретінде көшеге есімі жазылған белгі орнатылса деген өтінішін жеткізді.
Бұл жиынға Ысқақ Ыбыраевтың ұрпақтары мен туған-туыстары, ауылдастары да қатысты. Туған інісі Смағұлдың ұлы Сабыр Ыбыраев сөз алып, әулеті жайлы толымды ақпарат берді. Арғы атасы Ыбырай бай болған екен. 1918 жылы Қараталда құрылтай өтіп, оған Мұхамеджан Сералин сынды алашордашылар қатысқан. Сол жиында төбе көрсеткен адамдар кейін қудалауға ұшырап, 1937 жылдары солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болды. Таяқтың бір ұшы Ыбырайдың ұрпақтарына да тиді. Осындай маңызды ақпаратпен бөліскен тарихшы Сабыр Смағұлұлы соғыстан кейін қыспаққа ұшыраған Ысқақ батыр белгісіз жағдайда жүрек талмасынан қайтыс болғанын жеткізді. Спектакльді дайындау барысында мұрағат материалдарымен қолғабыс еткен Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова тау тұлғалы азаматтың есімі мен ерлігін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауда сахналық қойылым ұсынған театр ұжымының еңбегіне зор баға берді. Солтүстік Қазақстан облысынан 55 Кеңес Одағының Батыры шыққанын мақтанышпен жеткізіп, мұрағат деректері негізінде арнайы кітап шығарылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Ысқақ Ыбыраев соғыс басталғанға дейін Октябрь ауданындағы Орталық, Бірлік мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеп, 1942 жылы әскер қатарына алынды. Екі жыл әскери-саяси қызметкерлер курсында оқып, 1944 жылы Варшава аумағында 5-ші әскер құрамында бірінші рет ұрысқа қатысып, лейтенант шенінде алғашқы ерлігін көрсетті. Одан кейін көптеген шабуылдарға, Висла-Одер операциясы атымен тарихқа енген ұрысқа қатысты. Осы операция барысында Ыбыраевтың взводы жаудың берік ірі қорғаныс тірегін басып алып, ерлік көрсетті. Оған КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осынау батырдың кесек тұлғасын сахналауда театр труппасы біраз тер төкті. Спектакльде даңқты ұлдың ерлік істері дәріптеліп, қай уақытта болмасын еңсесін тік ұстап, қасқайып қарсы тұрар өжет те қайсар мінезі кеңінен суреттелді.
Қойылым барысында жауынгердің батыр тұлғасы ғана емес, адами болмысы да әспеттелді. Оқ қарша бораған қанқұйлы соғыста взводтағы әр жауынгердің өмірі үшін қан кешіп, ерік-жігері сыналған командир ер-азаматқа тән қажыр-қайратының арқасында қиындықты жеңіп шықты. Алайда кеңес билігінің кейбір олқы тұсымен келіспей, өз ойын жасқанбай айтқан майдангердің тік мінезін “үндеместер” жақтырмаған сияқты. Сондықтан соғыстан кейін тыныштық бермей, соңына шам алып түсті. Алашорданың сойылын соққан Ыбырайды желеу еткен жендеттер түбіне жетпей қоймады.
Сахна мен залдың тарлығы болмаса, қойылым бұдан да әсерлі болар ма еді? Бастысы спектакльден рухани ләззат алған көрерменнің айызы әбден қанды. Бұл қойылымды тамашалауға батырдың туған жері – Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов бастаған арнайы делегацияның келгенін айтып өткен жөн.
Спектакль соңында аталмыш театрдың директоры Біржан Жалғасбаев туындыны жарыққа шығаруға зор үлес қосқан режиссер мен пьеса авторына ризашылығын жеткізіп, оларды Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл орайда жас болса да жауапкершілігі зор істі қолға алып, пьеса жазған Нұрислам Әбділдің еңбегі атап өтуге тұрарлық. Автордың драматургиялық тырнақалды туындысына көпшілік жоғары бағасын берді. Батыр тұлғасын сомдаған Қасым Дүйсеханның шеберлігі көрермен қауымды тәнті етті. Думан Әдікенов, Нұрбол Асқаров, Тұрақ Дұрысбеков, Жақсылық Ислам, Эланар Кенжебеков, Кәмшат Кабошева, Гүлдана Асқарова, Құртқа Мусина, Жанар Насырова мен тағы басқа актерлер тамаша өнер көрсетті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.