“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” 2021 жылғы астықты шаруалардан тікелей сатып алу бағасын жариялады. 3 сыныпты бидайдың бір тоннасының құны балуызына байланысты 103 мың теңгеден басталады. Мәселен, балуыз 23 пайыз болса – 103 мың, 25 пайыз болса – 105 мың, 27 пайыздысы 107 мың теңгеден сатып алынады. Бұл – қосымша құн салығын есептегенде шыққан сома.
Сондай-ақ 4 сыныпты бидай – 98 мың, 5 сыныпты – 90 мың, 2 сыныпты арпа – 87 мың теңгеге бағаланып отыр. Астықты қабылдаған кезде балуызынан бөлек, қаншалықты кепкені, ақуызы және басқа да талаптары ескеріледі.
Форвардтық сатып алудың белгіленген бағасы осындай. Бұл алдын ала келісім жасасып қойған диқандарға қолдау болып отыр. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” өңірлік өкілдігінің басшысы Талғат Төлеудің айтуынша, биыл баға 2020 жылмен салыстырғанда 24 пайызға өскен. Сатып алынған астық толықтай ішкі нарыққа жіберіледі. Яғни диірмендер мен құс және мал азығына бағытталады. Бұл өз кезегінде құс және мал етінің бағасын тұрақтандыруға әсер етеді.
Жалпы 2021 жылы форвардтық сатып алу бойынша 348511 тонна бидай қабылдау жоспарланған болатын. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден 84 өтініш түсті. Оған бөлінген қаржының көлемі 18,06 миллиард теңге. Атап айтар болсақ, 304474 тонна жұмсақ бидай, 20790 тонна арпа, 1000 тонна қатты бидай, 1000 тонна сұлы, 3200 тонна күнбағыс, 13491 тонна зығыр, 4556 тонна рапс сатып алынады.
Форвардтық сатып алу бойынша өңіріміздің 9 ауданында 19 элеватор астықты қабылдап жатыр. Жақында бұл тізімге тағы бірнеше астық қабылдау орындары қосылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, алдын ала келісім жасалған шаруа қожалықтарында егін орағы науқанына мониторинг жүргізілуде.
2022 жылға форвардтық сатып алу бойынша келісім жасасқан шаруашылықтарды қаржыландыру алдағы қаңтар айынан жүзеге асырылатын болады. Яғни өтініш берген шаруашылықтар қаржыны ерте алып, егіс науқанына дайындықтарын бастай алады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.