«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жегендері желкелерінен шыға ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қы­зылжар ауданында кей шенеу­ніктер бюд­жеттік бағдарламаларды жоспарлау мен орындауда жеке бастың жауапкершілігі мен адалдығын таны­тудың орнына бюджеттік және өзге де заңнамаларды өрескел бұзуды әдетке айналдырған сияқты. Облыстық тексеру комиссиясы­ның аудиторлары сәуір айында экономи­ка және қаржы бөлімін тексеріп, біраз бы­лықтың бетін ашты. 2020 жылы үнемдел­ген “артық ақшаны” бөлімдегі он қызмет­кер тегін олжадай көріп, өзара бөліске салған. “Сыйақы” мөл­шері 60,5 млн. тең­геге дейін ша­рықтап, әрқайсысы 6 млн. тең­гені қал­таға салған. Былайша айтқан­да, ай са­йын 504 мың теңгені шырт түкі­ріп, санап алып отырған.

Орын алған осы келеңсіз жайтқа бай­ла­нысты облыстық тексеру комиссия­сының төрағасы Тілеген Каскин “2020 жыл­ға арналған жекелеген жергілікті бюджеттерді жоспарлау және орындау, аумақтық дамыту бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ мемлекет активтерін пай­далану тиімділігін мемлекеттік аудит бо­йын­ша жүргізілген тексеру іс-шарасы­ның қорытындылары туралы” қаулы шы­ғарып, Қызылжар аудандық экономика және қаржы бөлімінде анықталған кем­шіліктерді жою, мамандардың жауап­кершілігін қарау нұсқамасын тиісті орган­дарға жіберген.

Аудандық әкімдік қандай пәрменді ша­ра қолданды дейсіз ғой. Атынан ат үр­ке­тін тексеру комиссиясының таудай ісінің аяғын қылдай етіп жіберген. Қаржы және бюджеттік саясат секторының бас ма­мандары Д.Жағыпарова мен А.Сызды­қовты сөгіс беру түріндегі тәртіптік жа­уап­кершілікке тарту жазасымен шектел­ген. Бір тықырдың таянғанын сезді ме екен, бөлім бастығы С.Қасенова жұмыс­тан өз еркімен кеткен. Оған қосымша сыйақыға заңсыз төленген 60,5 млн. тең­гені өндіріп алу бойынша жүктелген мін­дет орындалмаған күйі қалған.

Осы жерде жоғарыдағы қос маман “қосақ арасына” қыстырылып, жазықсыз құрбандыққа шалынды ма, әлде оның астарында әйтеуір біреуді жазалау керек деген шығарыпсалма жауап жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды. Өйткені бюд­жеттік комиссияның төрағасы – аудан әкімі. Оның шешімінсіз бір тиынның да шашау шықпайтыны белгілі. Жалақы қоры есебінен үнемделген қаражаттың орынсыз жұмсалуына аудандық мәс­ли­хат кінәлі, өйткені бюджеттік жоспарлау депутаттардың қолдауымен бекітілді де­ген пікірлерді мәслихат хатшысы Жанат Елеусізов жоққа шығарды. Оның ай­туын­­ша, сессияда қаражат салалық бағ­дар­ламалар мен бөлімдер бойынша ға­на бе­кітіледі. Одан әрі қарайғы бөлінісіне бюд­жеттік комиссия төрағасы жауап береді.

Арада жарты жылға жуық уақыт өтсе де, заң орындары неге қозғалыссыз жа­тыр деген оймен Қызылжар ауданының прокуроры Қайрат Ермекбаймен хабар­ластық. Ол істің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жібе­ріл­г­енін, ал осы ведомство басшысының бі­рінші орынбасары Нұрлан Жахин тер­геу жұмыстары жалғасып жатқанын жет­кізді. Облыс прокурорының көмекшісі Жар­қын Жұмабек те осы сарында жауап бер­ді. Об­лыстық соттың баспасөз хат­шы­сы Ди­нара Төлеңгітовадан мате­риал­дардың әлі сот қарауына түспегенін білдік.

Бізге осы мәселенің жазылуына түрткі бо­лып, жай-жапсарын айтып берген га­зет оқырманының “іс бітті, қу кетті” бо­лып кетпей ме деген күдігі расқа айнала ма, әлде он мемлекеттік қызметкердің бюд­жет қаржысын “жегені” желкесінен шыға ма? Оны уақыт көрсетер.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp