«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИМАНДЫЛЫҚ ОРДАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мешіт – Алланың жердегі үйі. Әрбір мұсылман үшін қасиетті орынға жүрегі таза, ниеті түзу жандар ғана бас сұғады. Жастардың өзге ағымның жетегіне ермей, имандылыққа шынайы бет бұрып, мешіт жағалағаны дұрыс-ақ. Өкінішке қарай, еліміздегі ауылдар мен шағын қалалардың көбінде әлі күнге дейін ғибадат үйі жоқ.

Қала деген атқа ие Мамлюткада жаңа мешіт енді ғана салынып жатыр. Осы өңір­дегі ислам дінін ұстанатын қауым үш қабат­ты зәулім ғимаратта құбылаға бет түзеп, бес уақыт намазын өтейтін күн де алыс емес. Қабырғасы қаланып жатқан мешіт құрылысының жай-жапсарын білмекке бет бұрдық. Алдымыздан осында жұмыс істеп жатқан жауапты бригаданың басшысы Ес­болат Сыламұлы шықты. Ол кісінің айтуын­ша, мешіт құрылысы өткен жылы бастал­ған. Қаржы жағын Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданда тұратын меценат Нұрлан Тұрсынұлы өз мойнына алған.

– Қабырғасын қалап біттік. Енді ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қалды. Келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. 1998 жыл­дан бастап астанада құрылыс нысандарын салумен айналысамын. Өз бригадам бар. Мамлютка қаласында қасиетті мешіт салу бізге нәсіп болған екен, күш-қуатымызды аямай осы жұмысты сәтті аяқтасақ деген ниеттеміз. Бұл нағыз сауапты іс, – дейді Ес­болат Сыламұлы риза кейіппен.

Мамлютка қаласындағы мешітке айнал­дырылған ескі ағаш үйді өткен жылы өрт шалыпты. Кейін тағы бір үйді мешітке ла­йықтап, жамағат сонда намаз оқып жүрген. Алайда жұма күндері және айт намазында тарлық ететін көрінеді.

– Біз қаладағы азаматтармен бас қо­сып, жоғарыға хат жаздық. Мешіт салуға рұқсат алып, орнын бекіттік. Аумағы – 0,3183 гектар жерді алады. Бірінші қабатта асхана болады. Онда үлкенді-кішілі ас беріледі. Ер-азаматтар намазды екінші қабатта оқи­ды. Ал ең үстіңгі қабат әйелдерге құлшы­лық жасауға арналған. Бір мезгілде үш жүз адам намазға жығыла алады. Сондай-ақ неке қию, сүндетке отырғызу бөлмелері, ді­ни сабақ беретін орталық осында орна­ласады, – дейді Мамлют ауданының бас имамы Сейфулла Байсенбаев.

Дәстүрлі ислам стилінде салынып жат­қан ғибадат үйін қазақтың ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элемент­тері­мен сәндеу жоспарланған. Ол қалай бо­латынын мешіт құрылысы толық аяқтал­ғаннан кейін көре жатармыз. Ғимарат ау­мағы жасыл желек жамылып, діни кітаптар мен бұйымдар сататын дүкен ашылады деген де жоспар бар.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp