Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған “Жасампаздық және даму жылдары” тақырыбымен ашық сабақ өтіп, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты. Шараға өңіріміздегі 107 білім ошағының 3 мыңнан астам оқушысы онлайн-форматта қосылып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Сабақ барысында егемендікке қол жеткізу, сол бір елең-алаң шақта қиындықтарды еңсеру, мемлекеттіліктің іргетасын қалау, Тәуелсіздікті баянды ету мәселелері кеңінен қозғалды. Оқушыларды Семей полигонының жабылуы, Еуразиялық одақтың құрылуы, Сарыарқа төсінде елорданың бой түзеуі, әлемдік діндер көшбасшылары съезінің өтуі ерекше қызықтырды.
Ғани Сақтағанұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған жаңа тұрпаттағы еліміздің ішкі-сыртқы саясаты сындарлықпен, ұстамдылықпен, байыптылықпен жүргізіліп, әлемдік картадан өз орнын тапқанын, қол жеткен жетістіктер мен табыстардың бәрі егемендіктің арқасында екенін жеткізді. Жас мемлекет жыл өткен сайын алға нық қадам басып, қарыштап дамып келеді.
“Елімізде алаңсыз білім алуға барлық мүмкіндік жасалған. Болашақ – сендердің қолдарыңда. Көзі ашық, көкірегі ояу жас буын ғана туған жерінің өркендеуіне белсене атсалыса алады. Шетелге оқуға баруға, ол жақта сапалы білім алып, елге оралуға әркез есік ашық. Білікті мамандар даярлау мен білім сапасын әлемдік стандарттарға сай реформалау сәтті жүзеге асырылып келеді. “Ізгілік ұялаған үйдің шаңырағы биік болады” демекші, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін біліп өсіңдер. Оның баянды болуы тікелей сендерге байланысты”, – деді өңір басшысының орынбасары оқушыларға арнаған сөзінде.
Рауан ӘБІЛТАЙ.