«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНАҚҚА ОНЛАЙН ҚАТЫСҚАН АБЗАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халық санағы – мемлекет үшін маңызды науқан. Тұрғындардың саны ғана емес, тұрмыс сапасы да есепке алынатын, жасы мен жынысы, әлеуметтік жағдайы, білімі секілді мәліметтер түзілетін, соған сәйкес арнайы бағдарламалар құрылып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы айқындалатын шарадан қалыс қалуға болмайды. Халық санағын ұйымшылдықпен өткізу мәселесі облыстық әкімдік отырысында талқыланды.

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жиын жаңа тағайындалған басшыларды таныстырудан басталды. Облыс әкімінің өкімімен Бақытжан Бекіш облыстық жер инспекциясының, Қуаныш Қалижанов облыстық экономика басқармасының басшысы қызметтеріне кірісті.

Қыркүйектің 1-і күні басталған ұлттық халық санағына онлайн қатысу мүмкіндігі қарастырылған. 15 күнде 92 мыңнан астам жерлесіміз электронды сауалнама сұрақтарына жауап берген.

– Онлайн санақтан облыстың 92561 тұрғыны немесе 17,1 пайызы өтті. Әсіресе, Уәлиханов, Мамлют және Ақжар аудандары белсенді. Қазанның 1-інен бастап интервьюерлер үй-үйді аралайтын болады. Олардың әрқайсысында қызметтік куәлік, планшет, көк портфель мен санақтың логотипі бар көк шарф болады, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова.

Интервьюерлердің әрқайсысы шамамен 800 адаммен кездесіп, сауалнама жүргізіп, арнайы бланк толтыруы керек. Жалпы өңірде бұл санақты өткізуге 700-ге жуық адам тартылмақ. Оларға 104 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, биылғы халық санағына дайындық жақсы жүргізілді. Техникалық және қаржылық жағынан қолдау көрсетілді.

– Пандемия кезінде тұрғындарды санаққа онлайн түрде көбірек қатысуға шақырамыз. Оның қазіргі жағдайда маңызды екенін түсіндіру керек. Халық санағының нәтижесінде әлеуметтік бағдарламалар құрылып, маңызды шешімдер қабылданады. Ендігі мақсат – науқанды уақытында өткізу, – деді өңір басшысы.

Онлайн сауалнама, интервьюерлердің үй-үйді аралауынан басқа, Петропавлдағы ірі сауда үйлерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы санақ учаскелері құрылған. Халық санағы науқанына қатысты сұрақтары бар азаматтар сонда жүгіне алады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp