Менің бүгінгі спорт саласындағы азды-көпті жетістігім – бапкерлерімнің жұмысының жемісі десем артық айтқандық болмас. Олардың бірі – 35 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Мәлғаждар Омаров. Екіншісі – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының жоғары санатты ұлттық төрешісі, “Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері” атағының иегері Жанболат Мүсіпов.
Қазан айында аталып өтілетін бүкіләлемдік бапкерлер күні қарсаңында оларға деген жүрекжарды ризашылығымды білдіріп, көптеген спорт саңлақтарын тәрбиелеудегі қажырлы еңбектеріне басымды иіп, алғыс айтқым келеді. Алдымен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Мәлғаждар Омарұлының өмір жолына тоқталар болсам, ол 1949 жылы 1 сәуірде Ақжар ауданындағы Ұялы кеңшарына қарасты Саға ауылында дүниеге келген. Күреске деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. Самбомен әуестенген ол мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Алты ай өтпей самбодан Х жалпықазақстандық студенттер ойындарының күміс жүлдесіне ие болады. Кейін самбодан бес рет, қазақ күресінен екі рет Қазақстан чемпионы атанды. Бүкілодақтық турнирде үшінші орын алып, Кеңес одағының студенттер арасындағы чемпионатында күміс жүлдені иеленген. Бұл жетістігі үшін Мәлғаждар Омаровқа КСРО спорт шебері атағы беріледі.
1971 жылы институтты бітіргеннен кейін туған жері Ұялыға оралып, онда балаларды спортқа баули бастайды. Тәрбиеленушілері алғашқы жылдан-ақ, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленді.
Әрдайым жеңіс тұғырынан көріне білген Мәлғаждар Омаровқа Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Ақжар ауданының құрметті азаматы, ұлттық санаттағы жоғары төреші атақтары берілген.
Екінші бапкерім – Жанболат Ешкенұлы Мүсіпов. Ол 1964 жылы Ұялы ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Көкшетау университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тамамдаған. Күрес әліппесін Мәлғаждар Омаров ағамыздан үйренген. Жасөспірім кезінен облыстық және аудандық жарыстардың чемпионы, жүлдегері болды. 1988 жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаевтың жүлдесі үшін Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында өткен жарыста жеңімпаз атанды. Кейін жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етті.
2013-2018 жылдары Ақжар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшелене білді.
Жанболат Ешкенұлының тәрбиеленушілері күрес түрлерінен бірнеше рет республикалық турнирлердің чемпионы және жүлдегері атанды. Олардың ішінде, грек-рим күресінен Ресей Федерациясының жеңімпазы Виталий Зубконы, қазақ күресінен облыс чемпионы Қаскен Ешкеновті, еркін күрес және қазақ күресінен облыстың бірнеше дүркін чемпионы, грек-рим күресінен Германиядағы жарыс жүлдегері Андрей Гетманды, қазақ күресінен облыс чемпионатының жүлдегері, қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы “Динамо” қоғамының нұсқаушысы Тимур Евлоевты мақтанышпен атауға болады. Мен де облыстың бірнеше дүркін чемпионы және қазақ күресінен республикалық турнирдің жүлдегері атандым. Шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Жанболат Ешкенұлы бүгінде қазақ күресінен Қазақстан Республикасының жоғары санатты ұлттық төрешісі ғана емес, “Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері” атағының да иегері.
Менің бапкерлерім – спорт саласының нағыз майталмандары. Өздерінен оза туған шәкірттері көбейіп, солардың жетістіктеріне қуанып ортамызда жүре берсін демекпін.
Серік ӘБІЛХАМИТОВ,
Көкшетау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.
СУРЕТТЕ: (сол жақтан) Ж.Мүсіпов пен М.Омаров танымал бапкерлермен бірге.