«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТЫРДЫҢ СОМ ТҰЛҒАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының XXIII-ші жаңа маусымы басталды. Сахнагерлер көрермен назарына “Ысқақ” атты спектакльдің премьерасын ұсынды.

Кеңес Одағының Батыры, жер­­лесіміз Ысқақ Ыбыраевтың 110 жылдығына орай сахна­лан­ған вербатим драмасының қою­шы-режиссері көкшетаулық Фар­­хадбек Қанафин, ал пьеса ав­­то­ры аталмыш театрдың әде­биет бөлімінің меңгерушісі, жас ақын Нұрислам Әбділ. Жаңа қо­йы­лым сахналанбас бұрын бас­па­сөз конференциясы өтті. Жиын­ға қатысқан облыстың құр­мет­ті азаматы, еңбек арда­гері Бо­­лат Сағындықов даңқты ба­тыр Ыс­қақ Ыбыраевтың көзін көр­­ген аға ұрпақ өкілі ретінде ес­тен кет­пес естеліктерімен бөлісті.

– Мен Ысқақ Ыбыраевты алғаш рет 1955 жылы көрдім. Ол кісі Октябрь ауданының ор­талығы – Марьевка ауылында аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін ат­қар­ды. Сондай салмақты, ар­тық сөзі жоқ, байсалды адам бо­латын, – дей келе Болат Ма­ғазұлы облыс орталығында ба­тыр есімі берілген Ысқақ Ыбы­раев көшесінің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Ең­бек ардагері мерейтой ая­сында батырға тағзым ретінде көшеге есімі жазылған белгі орнатылса деген өтінішін жеткізді.

Бұл жиынға Ысқақ Ыбыраев­тың ұрпақтары мен туған-туыстары, ауылдастары да қатысты. Туған інісі Смағұлдың ұлы Са­быр Ыбыраев сөз алып, әулеті жайлы толымды ақпарат берді. Арғы атасы Ыбырай бай болған екен. 1918 жылы Қараталда құ­рылтай өтіп, оған Мұхамеджан Сералин сынды алашорда­шы­лар қатысқан. Сол жиында төбе көрсеткен адамдар кейін қуда­лауға ұшырап, 1937 жылдары солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болды. Таяқтың бір ұшы Ыбырайдың ұрпақтарына да тиді. Осындай маңызды ақпаратпен бөліскен тарихшы Сабыр Смағұлұлы соғыстан кейін қыспаққа ұшыраған Ысқақ батыр белгісіз жағдайда жүрек талмасынан қайтыс болғанын жеткізді. Спектакльді дайындау барысында мұрағат мате­риал­дарымен қолғабыс еткен Сол­түстік Қазақстан облыстық мем­ле­кеттік мұрағатының дирек­торы Сәуле Мәлікова тау тұлға­лы азаматтың есімі мен ерлігін ке­йінгі ұрпаққа кеңінен насихат­тауда сахналық қойылым ұсын­ған театр ұжымының еңбегіне зор баға берді. Солтүстік Қазақ­стан облысынан 55 Кеңес Ода­ғы­ның Батыры шыққанын мақ­танышпен жеткізіп, мұрағат де­ректері негізінде арнайы кітап шығарылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Ысқақ Ыбы­раев соғыс басталғанға дейін Октябрь ауданындағы Орта­лық, Бірлік мектептерінде мұға­лім болып жұмыс істеп, 1942 жылы әскер қатарына алынды. Екі жыл әскери-саяси қызмет­керлер курсында оқып, 1944 жылы Варшава аумағында 5-ші әскер құрамында бірінші рет ұрысқа қатысып, лейтенант ше­нінде алғашқы ерлігін көрсетті. Одан кейін көптеген шабуыл­дарға, Висла-Одер операциясы атымен тарихқа енген ұрысқа қатысты. Осы операция бары­сында Ыбыраевтың взводы жаудың берік ірі қорғаныс тіре­гін басып алып, ерлік көрсетті. Оған КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы бе­рілді. Осынау батырдың ке­сек тұлғасын сахналауда театр труппасы біраз тер төкті. Спек­такльде даңқты ұлдың ерлік іс­тері дәріптеліп, қай уақытта бол­масын еңсесін тік ұстап, қасқа­йып қарсы тұрар өжет те қайсар мінезі кеңінен сурет­телді.

Қойылым барысында жа­уын­гердің батыр тұлғасы ғана емес, адами болмысы да әс­петтелді. Оқ қарша бораған қанқұйлы соғыста взводтағы әр жауынгердің өмірі үшін қан кешіп, ерік-жігері сыналған ко­мандир ер-азаматқа тән қажыр-қайратының арқасында қиын­дықты жеңіп шықты. Алайда кеңес билігінің кейбір олқы тұсымен келіспей, өз ойын жас­қанбай айтқан майдангердің тік мінезін “үндеместер” жақтыр­маған сияқты. Сондықтан со­ғыс­тан кейін тыныштық бер­мей, соңына шам алып түсті. Алашорданың сойылын соққан Ыбырайды желеу еткен жен­деттер түбіне жетпей қоймады.

Сахна мен залдың тарлығы болмаса, қойылым бұдан да әсерлі болар ма еді? Бастысы спектакльден рухани ләззат алған көрерменнің айызы әб­ден қанды. Бұл қойылымды та­машалауға батырдың туған же­рі – Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов бастаған ар­найы делегацияның келгенін ай­тып өткен жөн.

Спектакль соңында атал­мыш театрдың директоры Бір­жан Жалғасбаев туындыны жа­рыққа шығаруға зор үлес қосқан режиссер мен пьеса авторына ризашылығын жеткізіп, оларды Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл орайда жас болса да жа­уапкершілігі зор істі қолға алып, пьеса жазған Нұрислам Әбділ­дің еңбегі атап өтуге тұрарлық. Автордың драматургиялық тыр­нақалды туындысына көпшілік жоғары бағасын берді. Батыр тұлғасын сомдаған Қасым Дүй­сеханның шеберлігі көрермен қауымды тәнті етті. Думан Әді­кенов, Нұрбол Асқаров, Тұрақ Дұрысбеков, Жақсылық Ислам, Эланар Кенжебеков, Кәмшат Кабошева, Гүлдана Асқарова, Құртқа Мусина, Жанар Насы­рова мен тағы басқа актерлер тамаша өнер көрсетті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp