Мешіт – Алланың жердегі үйі. Әрбір мұсылман үшін қасиетті орынға жүрегі таза, ниеті түзу жандар ғана бас сұғады. Жастардың өзге ағымның жетегіне ермей, имандылыққа шынайы бет бұрып, мешіт жағалағаны дұрыс-ақ. Өкінішке қарай, еліміздегі ауылдар мен шағын қалалардың көбінде әлі күнге дейін ғибадат үйі жоқ.
Қала деген атқа ие Мамлюткада жаңа мешіт енді ғана салынып жатыр. Осы өңірдегі ислам дінін ұстанатын қауым үш қабатты зәулім ғимаратта құбылаға бет түзеп, бес уақыт намазын өтейтін күн де алыс емес. Қабырғасы қаланып жатқан мешіт құрылысының жай-жапсарын білмекке бет бұрдық. Алдымыздан осында жұмыс істеп жатқан жауапты бригаданың басшысы Есболат Сыламұлы шықты. Ол кісінің айтуынша, мешіт құрылысы өткен жылы басталған. Қаржы жағын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұратын меценат Нұрлан Тұрсынұлы өз мойнына алған.
– Қабырғасын қалап біттік. Енді ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары қалды. Келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. 1998 жылдан бастап астанада құрылыс нысандарын салумен айналысамын. Өз бригадам бар. Мамлютка қаласында қасиетті мешіт салу бізге нәсіп болған екен, күш-қуатымызды аямай осы жұмысты сәтті аяқтасақ деген ниеттеміз. Бұл нағыз сауапты іс, – дейді Есболат Сыламұлы риза кейіппен.
Мамлютка қаласындағы мешітке айналдырылған ескі ағаш үйді өткен жылы өрт шалыпты. Кейін тағы бір үйді мешітке лайықтап, жамағат сонда намаз оқып жүрген. Алайда жұма күндері және айт намазында тарлық ететін көрінеді.
– Біз қаладағы азаматтармен бас қосып, жоғарыға хат жаздық. Мешіт салуға рұқсат алып, орнын бекіттік. Аумағы – 0,3183 гектар жерді алады. Бірінші қабатта асхана болады. Онда үлкенді-кішілі ас беріледі. Ер-азаматтар намазды екінші қабатта оқиды. Ал ең үстіңгі қабат әйелдерге құлшылық жасауға арналған. Бір мезгілде үш жүз адам намазға жығыла алады. Сондай-ақ неке қию, сүндетке отырғызу бөлмелері, діни сабақ беретін орталық осында орналасады, – дейді Мамлют ауданының бас имамы Сейфулла Байсенбаев.
Дәстүрлі ислам стилінде салынып жатқан ғибадат үйін қазақтың ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтерімен сәндеу жоспарланған. Ол қалай болатынын мешіт құрылысы толық аяқталғаннан кейін көре жатармыз. Ғимарат аумағы жасыл желек жамылып, діни кітаптар мен бұйымдар сататын дүкен ашылады деген де жоспар бар.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.