Облыстық “Ақ бидай” ойындары өз мәресіне жетті. Биылғы жарыс пандемияға байланысты Айыртау ауданында емес, Петропавлда ұйымдастырылды. Дәстүрлі ауыл спортшыларының спартакиадасы 13 спорт түрінен өтіп, жалпыкомандалық есепте Қызылжар ауданы бірінші орынды иеленді. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.
Ғани Сақтағанұлы барша солтүстікқазақстандықтарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырып, “Ақ бидай – 2021” жазғы ойындарының ауылда спортты дамытуға қосып отырған үлесіне тоқталды.
– Биыл пандемияға байланысты жазғы ойындар бағдарламасына бірқатар шектеулер енгізілді. Десе де, бұл спортшыларға кедергі бола алмады. Барлық додалар тартысқа толы болды. Облысымызда бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Осы жылы өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен барлық үйірмелер балаларға тегін қызмет көрсететін болды. Бұл өз кезегінде өрендердің спорттағы жетістіктерін еселеуге мүмкіндік берері сөзсіз. Жарыста жүлдегер атанғандарды құттықтаймын. Бұдан да биік шыңдардан көрінуге тілектеспін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
“Ақ бидай” ойындары 2 кезең бойынша өтті. Біріншісі 6 спорт түрінен шілде айында, ал шешуші кезең қыркүйектің 16-сы мен 17-сі күндері аралығында ұйымдастырылды. Алғашқы айналымда Айыртау ауданының командасы алда келген. Екінші кезеңде жалпыкомандалық есепте қызылжарлықтар барлық қарсыластарының алдын орап әкетті. Нәтижесінде ауыл спортшыларының спартакиадасында кубогы мен 300 мың теңгенің сертификатына Қызылжар ауданының спортшылары ие болды. Екінші орын мен 200 мың теңгелік сыйақы Мағжан Жұмабаев ауданына бұйырды. Ал үздік үштікті тайыншалықтар қорытындылап, оларға 100 мың теңге берілді. Келер жылы “Ақ бидай” спорт мерекесі Ақжар ауданында өтеді деп жоспарланып отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.