10-11-дегі кезім. Сабақтан келіп, шайға отырғаным осы. Кешегіден қалған қаз етінен жасалған салмаға бас қойған бетім. Атам кірді даладан. Күпісін, малақайын іліп жатып:
– Рауға, ала сиыр артын созыпты, бүгін бұзаулайтын шығар, – деді.
– Уақыты болды ғой, – деді апам сүлесоқ, бауырсақты менің алдыма ысырып қойды. – Тойып ал, тоңбайсың, Күреңке бұзауласа ертең уыз жейсің.
Атам төрдегі орнына жайғасқасын маған қарап, үлкен кісімен сөйлескендей қылып:
– Жел терісінен тұрыпты, сырғыма жүре бастады, боран болады, – деді. Даусынан бірдеңеге алаңдап отырғанын сездім. Жайшылықта жер қозғалса да былқ етпейтін атам, ауа райы құбылар кезде шаншу тигендей мазасы кететіні бар. Оны өзі “аяғым сырқырай бастады, күн бұзылмаса неғылсын” деп, барометрі санайтын снарядтың жарықшағы жұлып кеткен өкшесінен көреді.
– Шөпті мол ғып суыр бүгін, қораға кіргізіп алайық, ертең не боларын Құдай біледі.
Тамаққа тыңқиып тойып алғасын, атам екеуміз қораға беттедік. Алдымен көк биені жабағысымен, сосын сиырларды суардық. Қой-ешкі мен тепләктағы жас төлге кезек соңында тиеді. Одан кейін үйге тасимын. Бәшөкке 4 шелек, қол жуғышқа бір шелек сыяды. Күнделікті жұмысым. Суарып болғасын, сиырлар шөп сұрап мөңірей бастады. Атам шөпті сүңгімен емес, айырмен суыратын. Құлаштай шаншып, ырғап-ырғап қалғанда мая селкілдеп кетуші еді. Бұл жолы да солай, бір тартқанының өзі бір құшақ. Мен бойыма шақтап саптап берген айырымды алып, оттықтарды тазалауға кірістім. Шөптің қыр-қындысын сиырдың астына төсейміз.
– Қызыл сиырдың арт жағына мол қылып сал, – деді атам.
Малдың астын шығарып, шөпті қораның сыртына үйіп алғанша, қыстың қысқа күні де батты, жел де үдей түсті. Үйге кіріп, бой жылытып, шайға отырдық. Жарық та бір сөніп, бір жанып, қыпылықтап тұратын. Әдеттегіше атам өзінің, апам өзінің кереуетіне жатты. Үстелге керәсін шамды қойып, үй тапсырмасын орындауға кірістім. Менің бастауымнан аяқтауым тез. Есепті өтірік-өтірік шығара салдым да, көп кітаптың біреуін алып, сабақ істеген кейіп танытып отырмын. Алдын ала газетпен тыстап қойғанмын. Жатар алдында атам шамды алды да қораға кетті. Баруынан қайтуы тез болды, есікті аша сала:
– Сағынтай, тез шық, – деді де, өзі қайтадан қараңғыға сүңгіп кетті. Апыл-ғұпыл киініп шықсам, далада боран әбден күшіне мініпті. Қораға жеткенше денем тітіркеніп кетті. Кірсем, атам күпісін шешіп тастап, қапетпен ғана жүр екен. Маған шамды ұстатып, өзі сиырдың алды-артына бір шығып жүр. Сиыр бұзаулағанын көруім бірінші рет емес. Өткенде ғана көрші кемпірдің қара сиыры төлдегенде атамды шақырған. Толғағы теріс келіп, атамның суырып алғанын да көргенмін. Біраз қиналып, зорға шығарған. Осы жолы да солай болмаса екен деп, атам да, мен де сиырдың тілеуін тілеп жүрміз. Құдай қақты. Алдымен аппақ болып тұяқтары, сосын танауы көрінді. Атам жерге түсірмей ұстап алды да, енесіне жалауға берді. Шуын жеп қоймасын деп, айырмен іліп алып, сыртқа шығарып тастадым. Қызыл сиыр мауқы басылғанша өңкілдеп жүріп құрғатты. Атам қақпақылдап желініне тақады. Қалт-құлт еткен сүйкімді бұзау еміп те жарытқан жоқ. Біраздасын ескі күпәйкеге орап, бұзауды үйге кіргізіп, пештің жанына жатқыздық.
Біразға дейін қызық көріп, қасынан шықпай отырдым. Тұрайын десе аяқтары қалтылдап құлап қала береді. Ертеңіне апам оятты.
– Тұра ғой, құлыным, уыз пісіріп қойдым.
Бал татыған уызға тойып алып, сабағыма кеттім.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.