Облысымызда коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері азайғанымен қауіптің беті сейілмей отыр. Бүгіндері бір тәуліктің ішінде қатерлі індет сексенге жуық адамнан анықталуда. Статистиканы төмендетудің бірден-бір жолы – екпе алу. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында “Ел үшін егілемін” азаматтық штабының мүшелері айтып берді.
Онлайн форматта өткен брифингте Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының баспасөз хатшысы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілі Ержан Байтанаев, заңгер, Қазақстандық заңгерлер қауымдастығы филиалының төрағасы Серік Берқамалов сөз сөйлеп, індетпен күрес жолдарына тоқталды. Спикерлердің айтуынша, қыркүйек айында ел бойынша қауіпті індет жұқтырғандардың саны екі есеге азайған. Бір тәулікте коронавирусқа 3 мыңға жуық қазақстандық шалдығуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінде Қазақстан дерт жұқтырғандардың санының көптігі жөнінен 30-шы орында тұр.
Үстіміздегі жылғы 7 тамызда елімізде “Covid-19” дертіне шалдыққандар саны көп тіркелді. Бұл күні 8325 адам вирус жұқтырды. Ал тамыздың 19-ы мемлекетімізде жұқпалы инфекциядан теріс тенденция байқалып, 163 адам қайтыс болды.
– Бүгінде республикамызда коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталды. Әлем бойынша қауіпті инфекциядан қайтыс болу оқиғалары да біршама төмендеп, мемлекетіміз дүниежүзілік статистика бойынша 12-ші орынға түсті. Біздің ақпаратымызға сәйкес, бір тәулікте 3 мыңнан астам адам вирус жұқтырады. Белгілі болғандай, олардың басым бөлігі, яғни 98 пайызы екпе салдыртпаған азаматтар. Бүгіндері республика бойынша 74 мыңнан астам науқас провизорлық орталықтарда ем-дом қабылдап жатыр. Айта кеткен жөн, бүгіндері елдегі стационарлар 35 пайызға толған, – деді Ержан Байтанаев.
“Ел үшін егілемін” азаматтық штабының мүшелері келтірген ақпаратқа сүйенсек, шілде айының бел ортасында бір тәуліктің ішінде 130 мың қазақстандық вакцина алса, қазіргі уақытта ел тұрғындары екпе салдыртуға асықпай отыр. Бүгіндері орта есеппен күніне 30 мың азамат жұқпалы індеттің алдын алуға қамдануда. Облысымыз болса, жалпы республикалық көрсеткіштерден қалып келеді. Соңғы айдың ішінде екпенің бірінші компонентін солтүстікқазақстандықтардың 66,5 пайызы салдыртты. Осылайша өңір ел бойынша 9-шы орында тұрақтады.
Ержан Байтанаев елімізде вакцина қоры жеткілікті екенін айтты. Бүгіндері қазақстандық денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізілген “Qazvac”, “Спутник-V”, “Coronavac”, “Hayat-Vax” сынды екпе түрлерінің бірінші компонентінің – 1 млн. 419 мың 540, екінші компонентінің – 1 млн. 416 мың 723 дозасы бар.
Брифингте коронавирустың барлық штамына тосқауыл бола алатын жаңа вакцина туралы да айтылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.