Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевтың қатысуымен “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының нысандарына баспасөз туры ұйымдастырылды.
Комитет басшысы кәсіпорынның 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаларымен танысып, жылу тарату құрылғылары, турбина цехтары орналасқан бірнеше нысанға мониторинг жүргізді.
Бүгінде жергілікті компанияда бірқатар инвестициялық бағдарламаны іске асыру жүргізілуде. Оның аясында жылу және электр энергиясын беру кезінде шығындарды азайту, кәсіпорын қызметінің экологиялық параметрлерін жетілдіру, жабдықтарды жаңғырту бойынша бірқатар ірі ауқымды іс-шаралар көзделген.
2016-2020 жылдары кәсіпорынға тартылған инвестициялар сомасы 4538,6 млн. теңгені құраған. 2020 жылы 755,2 млн. теңге инвестициялық қаржы игерілді. Нәтижесінде №6 қазандық агрегатының су, бу трактісі құбырлары мен бағдарламалық-техникалық кешені жаңғыртылды. №4 және 5 қазандық агрегаттарының барабандарына күрделі жөндеу жүргізілді. 110 киловаттық ашық тарату құрылғысы жабдықтарының тозуын азайту мақсатында жаңа 3ГТ автотрансформатор орнатылды.
– Биыл станциямызға 60 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ешқандай жөндеу көрмей, жұмыс істеп тұрған қондырғылар бар. Олардың барлығын қайта жаңғырту керек. Бұл бір мезетте атқарылатын жұмыс емес. Сондықтан біз жоспар құрып, сол бойынша әрекет етудеміз, – деді “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамына қарасты № 2 жылу электро орталығының директоры Ержан Қоңырбаев.
Бүгінгі таңда компания 2021-2025 жылдарға арналған жаңа бес жылдық жоспар бойынша жұмыс істеуде. Оның аясында жылу беруді қайта жаңарту, жылытқыштарды ауыстыру, қазандық жабдықтарын жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.