Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың Есіл ауданына жұмыс сапары егіс алқаптарын аралаудан басталды. Баян Барлыбаев жетекшілік ететін “Қозыбаев және К” ЖШС-і Покровка ауылдық округінде орналасқан. Шаруашылық егіншілікпен көп жылдан бері айналысады. Биылғы күзгі ораққа жан-жақты дайындалғаны бірден аңғарылады. Әр күнді ұйымшылдықпен өткерудің арқасында дәнді-дақылдарды жинау аяқталып, комбайндар майлы дақылдар танаптарына ауысқан. Құмар Іргебайұлы егіс басында агроқұрылым басшыларымен кездесіп, жауапты науқанды дер кезінде аяқтаудың маңызына тоқталды. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелердің шешілу жолдары бірлесіп талқыланды.
Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың атын иеленген жоғары ауыл шаруашылығы колледжі іргетасының қалағанына бір ғасырға жуықтаған. Осы уақыт аралығында облысымыздағы еңселі оқу орнының қабырғасынан мыңдаған түлек қанат қағып, елімізді түлетуге өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде механизатор, ветеринар, агроном, тағы басқа мамандық иелері әзірленеді. Құмар Ақсақалов мұнда “Жас маман” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Былтыр облыста бес колледж жаңартылса, солардың бірі – осы білім шаңырағы. Материалдық-теникалық базаны толықтыруға республикалық бюджеттен 321 млн. теңге бөлініп, заманауи қондырғылар мен техникалар сатып алынған. Солардың бірі – құны 23 млн. теңге тұратын модульді мал сою қосыны. Онда ет және ет өнімдері өндірісі мамандығында оқитын студенттер қасапшылыққа нақты тәжірибе жүзінде үйренеді. Ет сақтайтын мұздатқыш машина да бар. Алғашқы малды сою қазан айына белгіленген. Колледжде бірінші курстың 150-дей студенті тегін тамақтанады. Оқу орнының директоры Бейімбет Бұғасовтың айтуынша, шағын сүт зауыты сатып алынып, білім іздеп келген жастар кілегей және қаймақтың дайындалу процесімен көзбе-көз танысуға мүмкіндік алған. Болашақ агрономдар да колледж қабырғасынан шықпай-ақ метео деректерді көрсететін сымсыз станса көмегімен егін егуге, астық оруға қолайлы ауа райын қашықтан болжап, анықтай алады. Түлектер осы уақытқа дейін өндірістік тәжірибеде “Енисей” комбайны мен “МТЗ” тракторын қолданып келсе, енді заманауи “Джон Дир” техникалары алынды.
– Соңғы екі жылда 9 колледжді жаңартуға 2,6 млрд. теңге жұмсалды. Ендігі назар ауылдарға бағытталады. Бұл мақсат үшін 1.4 млрд. теңге қарастырылған. Сіздердің алып жатқан мамандықтарыңыз елімізде үлкен сұранысқа ие. Ең бастысы, сапалы білім алып, практикалық дағдыларды игеруге барынша ден қойыңыздар. Бүгінгі таңда агроном – маңызды мамандықтың бірі саналады. Облыстың жері өте құнарлы. Құрғақшылық кезінде де жақсы өнім алуға болады. Алдымызда гектер шығымдылығын кемінде 20 центнерге жеткізу талабы тұр. Бұл міндет сіздерге артылады. Жақын арада диқандардың машина-трактор паркі “Claas” секілді қуатты техникалармен толықтырылады, – деді өңір басшысы студенттер алдында сөйлеген сөзінде.
“Атамекен-Агро-Корнеевка” – өңірдегі ірі агроқұрылымдардың бірі. Осы шаруашылықтың қаржылық қолдауымен Корнеевка ауылдық округіне қарасты Совет ауылында ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымын өндіретін зауыт салынуда. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы К.Исламов қуаттылығы 60 мың тонналық кәсіпорын пайдалануға берілсе, 15 адамның тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтып берді.
Ауданда әлеуметтік салалар бойынша өзгерістер аз емес. Корнеевка елді мекенінде 4,2 шақырым жолды жөндеуге 163,5 млн. теңге бағытталған. “Байсын-А” компаниясы ауыл мектебіне 149,2 млн. теңгенің күрделі жөндеуін жүргізіп берген. “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында Мәдениет үйі де тап-тұйнақтай етіп қалпына келтірілген.
Құмар Ақсақалов жұртшылық өкілдерімен кездесуінде ауылдықтарға жасалатын қамқорлықтың үзілмейтінін, кешенді түрде жалғасатынын жеткізді. Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында аудандық мәслихаттың депутаты Петр Гольцер басшылық ететін “Азия-Тораңғұл” серіктестігіне соқты. Тораңғұл ауылында шаруашылық тарапынан бөлінген 250 млн. теңге қаржыға тұрмысы төмен, аз қамтылған жандарға арнап жатақхана тұрғызылуда.
Мираш ӘБУОВ,
“Есіл таңы” және “Ишим” газеттерінің бас редакторы.