Қазақстан премьер лигасының 21 турында алматылық “Қайрат” пен “Қызылжар” командасы кездесті. Шымкенттегі “Ордабасымен” ойындағы жеңіліс пен конференция лигасындағы кипрлық “Омониямен” тең түскен алматылықтарға бұл жолы жеңіс ауадай қажет еді. Ойын басталысымен қызылжарлық қақпашы Мирослав Лобанцев бірнеше қауіпті соққының бетін қайтарды. Екінші таймда алматылықтар шабуылды сәл баяулатып, айып доптарына арқа сүйегендей көрінді. Бұл тактика нәтижесін беріп, Құрбан Бердыев шәкірттері есеп ашты. Нақтырақ, бұрыштамадан берілген пасты Артур Шушеначев голға айналдырды. “Қызылжар” командасы есепті теңестіру үшін барын салып шабуылдағанымен, уақыт аздық етті.
Турнирлік кестеде “Қайрат” командасы үшінші орынға жайғасса, бір саты төмен орналасқан “Қызылжардың” қоржынында 32 ұпай бар. Жерлестеріміз келесі матчты қыркүйектің 22-сі күні қостанайлық “Тобыл”-ға қарсы өткізеді.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ.