Қасиетті Қызылжар топырағында талай ұлыларымыздың кіндік қаны тамғаны белгілі. Өкінішке қарай, бодандықтағы үш жүз жыл ішінде көбінің есімдері ұмытылып, ұлты үшін атқарған ерен істері, көзсіз ерліктері тарихтан қасақана өшірілді. Еліміздің Тәуелсіздік алуымен өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның қаламыздағы ордасының қалпына келтірілуі – 2008 жылы ел өмірінде орын алған елеулі оқиғалардың бірі деуге әбден болады.
Қызылжарда Абылайдың ақ үйі барын көнекөз ақсақалдар ауыз-екі әңгімеде айтып жүргенімен, оны елеп-ескеріп, қалпына келтіруге сол кездің билігі құлықсыз болғаны анық. Тіпті қасақана ұмыттыруға тырысқан. Бұл тарихи нысанды жөндеу 2006 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасына енгізіліп, оны қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлінген соң ғана іс алға басты. Тарихшылар Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарын аралап, хан ордасының салынғаны жайлы айғақтар тауып әкелді. Қызылжар жерінде ұлы тұлға Абылай ханның резиденциясы орналасқанын дәлелдейтін құжаттар Санк-Петербург, Орынбор, Омбы қалаларынан табылды. Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің жарлығымен тұрғызылған ақ үй ұзақ уақыт ұмыт қалып, азаттық жылдарында қайтадан жаңғыртылып отыр.
2008 жылдың тамыз айында облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақ түйенің қарны жарылған ұлы салтанатқа қатысып, ақжарма тілегін жеткізді. “Біз бүгінде өз Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз. Петропавлдың тамаша жерінде орналасқан мұражай кешені тұрғындардың көзайымына айналары сөзсіз. Онымен қоса, ол бүгінде жаңаша серпінмен дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достастығы үшін қызмет етуі тиіс”, – деген еді.
Республика бюджетінен қаржы бөлініп, қалпына келтірілген мәдени нысанның жалпы аумағы бір гектарды алып жатыр. Мұражайдың айнымас бөлшегі – “Ат үстіндегі Абылай хан” мүсіндік композициясы. Қоладан құйылып жасалған ескерткіштің авторы – алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік бөлмелер орналасқан. Ал жәдігерлер екінші қабатқа жайғастырылған. Кешен төрт залдан тұрады: Абылай ханның туғанынан сұлтан атағына жеткенге дейінгі 1711-1770 жылдар аралығы, тынығу бөлмесі мен тақ залы және 1771-1781 жылдардағы өмірін бейнелейтін құнды жәдігерлер қойылған бөлме.
Қазақ халқының ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ перзентіне айналған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың да есімі ел егемендігімен бірге қайта оралғаны мәлім. 2008 жылы ақынның 115 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Қилы тағдыр иесінің қай жерде қаза тапқаны, мәйіті қайда жатқаны әлі күнге дейін беймәлім. Өкінішке қарай, осындай ұлы тұлғаға өмір сыйлаған әкесі мен шешесінің де жатқан жері көпке дейін еленбей келді. Тек ақынның мерейтойы қарсаңында Петропавл қаласының орталық саябағындағы көне зиратқа жерленген Бекеннің басына құлпытас қойылып, қоршау орнатылды. Ал анасы Гүлсім қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Байшілік ауылының зиратына жерленген екен. Оның қабіріне де құлпытас орнатылды. Бұл игі істерді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының сол кездегі төрағасы, белгілі меценат Бекет Тұрғараев атқарғанын айта кеткен жөн.
Мағжанның есімімен байланысты тағы екі жаңалықты жазбай кетуге болмас. Біріншісі – республикалық “Мағжан” журналының оқырманға жол тартуы. Әдеби-көркем қоғамдық-саяси журнал күні бүгінге дейін үзбей шығып келеді, содан бері барлығы 42 саны жарық көрген екен. Журналдың екінші саны ақынның тойымен тұспа-тұс келгендіктен ондағы материалдар түгел дерлік Мағжанға арналғаны анық. Екінші жаңалық – ақынның туған жерінде қазақ тілді аудандық газеттің шыға бастауы. “Мағжан жұлдызы” деген атау алған басылым да содан бері үздіксіз басылып келеді.
Мерейтойына орай Мағжанның өлеңдері топтастырылып, “Туған жер” деген атаумен жинақ болып басылса, “Батыр баян” поэмасы жеке кітап ретінде шықты. Белгілі журналист, жазушы Жарасбай Сүлейменовтің “Сөнбейтін шырақ” атты зерттеу еңбегі де ойлы оқырманға үлкен олжа еді.
Ақынның тойынан өнер ұжымдары да қалыс қалмады. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры көзі қарақты көрермендерге “Батыр баян” поэмасының желісімен спектакль ұсынды. Пьесаны белгілі ақын, драматург Баянғали Әлімжанов жазып шықса, оны сахналаған көкшелік режиссер Мұратбек Оспанов. Дастанның желісін сақтай отырып қойылған спектакль қызылжарлықтардың және тойға келген қонақтардың көңілінен шықты.
Солтүстік Қазақстан облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғандардың арасында 55 адам Кеңес Одағының батыры атанса, 11-і Даңқ орденінің толық иегері болды. Сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан қайсар ұлдардың бірі – Әбу Досмұхамбетов. Мүрдесі Украинаның Чернобыль қаласының аумағында жатқанымен, есімі елімен бірге, халқының мәңгілік жүрегінде. 2008 жылы Жеңіс күні қарсаңында батырдың есімі берілген Петропавлдағы гимазия-интернат ауласына мүсіні орнатылды. Авторы – жергілікті мүсінші Бақытжан Рамазанов. Биіктігі – 3,6 метр.
Тарих қойнауына енген 2008 жылдың тағы бір жаңалығы – Тәуелсіз Қазақстанның елордасының 10 жылдық мерейтойы. Алматыдан Арқа төріне көшірілген бас шаһар қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгерді. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттар, жан рақатын сыйлайтын сәнді саябақтар, шымырлыққа баулитын спорт сарайлары алыстан мен мұндалайды. Астананың алғашқы мерейтойына кең байтақ қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі облыстар да тарту-таралғыларын жасады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы елордадағы Жеңіс және Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысындағы Белгісіз жауынгер ескерткіші жанындағы скверді жаңартып берді. Сүреңсіздеу скверді солтүстікқазақстандықтар құлпыртып жіберді, содан бері елордалықтар серуендейтін ең сүйікті орындардың біріне айналғаны анық. Петропавлдағы саябаққа кіреберістегі арканың көшірмесін осы сквер алдынан көресіз, орындықтар, көше шамдары, гүлзарлар, шыршалар мен өрнектастарға қарап, Петропавлдың бір шағын мүйісі бас қалаға көшіріліп апарылғандай әсерде боласыз.
Астанада 2008 жылы болған өзге де өзгерістерге тоқталатын болсақ, қаланың мерейтойына орай Есіл өзеніне алғаш рет шағын кеме түсірілді. Қала бюджетінен кеме тасымалы қызметін ұйымдастыруға 2 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл шығындардың ішіне жаңадан сатып алынған үш кеме де кіреді: 30 орындық екі кеме, 65 орындық бір кеме. Су көлігін басқарушы және қызмет көрсетуші мамандар Қазақстанның басқа өңірлерінен шақыртылған. Астана күні еліміздің баянды болашағына бағыт сілтейтін еңселі ескерткіш – “Қазақ елі” монументінің тұсауы кесілді. Ол қазақ тарихының өткенін, бүгінін және болашағын тұтас қамтитын бірегей композиция ретінде қабылданды.
Елордаға қарап еліміздің өзге шаһарлары да бой түзейтіні белгілі. Петропавл қаласы да күннен-күнге көркейе түсті. Сырт көз – сыншы, бәріне салыстыру арқылы ғана баға беруге болады. Күнделікті байқала бермейтін өзгерістерді түрлі байқауларда алған жүлделер нақтылай түсетіндей. Мәселен, 2008 жылы Ресей астанасы Мәскеу қаласында халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының ұйымдастыруымен “Жиырма бірінші ғасырдың мегаполисі” атты форум өтіп, Петропавл қаласы бес аталым бойынша бағын сынады. Олар – “Тиімді өзін-өзі басқару үшін”, “Әріптестік қатынастарды дамыту үшін”, “Мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту үшін”, “Осы заманғы технологияны дамыту үшін” және “Қаланы тұрақты және серпінді дамыту үшін” аталымдары. Қазылар алқасы ұсынылған материалдарды қарай келе солтүстік шаһарды үш аталым бойынша жеңімпаз деп таныды. Тарихи-өлкетану мұражайын қалпына келтіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған монумент, Ш.Уәлиханов пен Ф.Достоевскийге арналған барельеф, Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуі, Абай мен Пушкин мүсіндік композициясы қазыларды бейжай қалдырмай, олар жоғары баға берді. Телемедицина жобасы, “OkyNet.kz” бірыңғай ақпараттық-білім желісін құру да осы заманғы озық технология деп танылды.
Үш жылға арналған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасының шапағатын біздің өңір де көре бастады. Есіл ауданының Ақтас ауылында, Қызылжар ауданының Кондратовка және Мағжан Жұмабаев ауданының Хлеборобное елді мекендерінде салынған үш мектеп, Петропавл қаласында пайдалануға берілген “Болашақ” балабақшасы, облыс орталығындағы кардиологиялық орталықтың қайта қалпына келтірілген ғимараты, Жәлел Қизатов атындағы колледждің жаңа жатақханасы осы игі істің басы ғана еді. Бағдарлама жалғасын тауып, кейінгі жылдары ондаған білім ошағы мен емдеу мекемесі ашылды, ескілері қайта қалпына келтірілді.
Экономикалық өсімді құрылыс қарқынына қарап-ақ анық аңғаруға болады. 2008 жылы өңірде 100 мың басқа арналған шошқа өсіретін кешен, өнімділігі 0,15 миллион текше метр оттегі мен сұйық азот шығаратын цех, жылына 900 тонна өнім шығаратын сүт зауыты, 1,5 мың шаршы метр ағаш өнімдерін жасайтын кәсіпорын, ұялы байланыстың базалық стансасы, қалалық кабельді байланыс желісі, 9,56 километр су тарату желісінің пайдалануға берілуі үлкен жаңалық еді. Кәсіпорындар мен тұрғындар жалпы көлемі 96 мың шаршы метрден астам баспана тұрғызды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 34 пайызға артық. Жылдың алғашқы тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24239,3 миллион теңгеге жетті. Жартысы машина жасау мен жабдықтар сатып алуға тартылған қаржы. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының үлесіне 43,3 пайызы тиесілі.
Ұзақ уақыттан кейін облыста тұңғыш рет бала туу көрсеткіші өлім-жітім деңгейінен асып түсті. Мәселен, 2008 жылдың қаңтар-тамыз айларының аралығында 6125 бала дүниеге келсе, осы кезеңде қайтыс болғандар саны 6002 адам болды. Жалпы 2008 жылы облыста 650,8 мың адам тұрып жатты. Олардың 230,1 мыңы немесе 35,4 пайызы қалалық жерлердің, 420,5 мыңы немесе 64,6 пайызы ауылдық елді мекендердің тұрғындары болатын.
2008 жылы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін “Қазақстанның Еңбек Ері” атағын беру туралы Президент Жарлығы шықты. Бұл атаққа алғашқы жылы екі отандасымыз ие болды. Сол таңдаулы екеудің бірі – біздің жерлесіміз даңғайыр диқан, марқұм Геннадий Зенченко болса, екіншісі – Алматыдағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразова. Майталман мамандарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және “Отан” ордені тапсырылды.
Төрт жылда бір келетін әлемдік дода – Жазғы Олимпиада ойындары 2008 жылдың айшықты оқиғаларының қатарынан ойып тұрып өз орнын алды. Жаһандық аламанға Қазақстаннан спорттың 22 түрінен 132 үміткер қатысқан. Жарыс қортындысы бойынша 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль алған біздің елдің спортшылары жалпы командалық есепте 29-ыншы орынға тұрақтады. Солтүстік Қазақстан облысынан төрт саңлақ айтулы додада сынға түсті. Нақтырақ айтатын болсақ, суға жүзуден Владислав Поляков, грек-рим күресінің шебері Роман Мелешин, үш қарғып секіруші Ирина Эктова мен Елена Парфенова ел намысын қорғады. Жерлестеріміз жүлдеге іліне алмаса да жақсы өнер көрсетті.
Ата-бабаларымыз көрген күннің жаманы жоқ, қанағат пен шүкіршілік, сабыр мен тағат бол са – дүниенің арты қайырлы болатынын айтып кеткен. 2008 жыл да тарих қойнауына толайым табыстарымен, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімен енді. Сол атқарылған қыруар істердің мән-маңызын, құндылығын жылдар жылжып өткен соң ғана бағамдап жатқандаймыз. Бәріне уақыт сыншы.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.